Абайдың жас шағында шығарған өлеңдері
Ысқақ Дүйсенбаев
Абайдың бала кезінде жазған өлеңдері төңірегінде бір кездерде қызу айтыстар да болған еді. Бірақ Абайдың жас шағында жазылды деген шығармаларына күдік туғызған қайсыбір сыншылардың көкейге қонарлық ешбір дәлелі болмаған соң, біз оларға арнайы тоқтап жатуды мақұл көрмедік. Ақынның қалған асыл қазына толық жетпеген соң ол жөнінде талас пікірлер, субъективті жорамалдар, батыл топшылаулар тууы заңды нәрсе. Абайды тану ғылымының қазіргі жай-күйіне келсек, классик ақынның әдеби мұрасын ғылыми жүйеге келтіруге байланысты он шамалы ұсақ өлеңдер мен экспромттарды 1858—1880 жылдардың арасында жазылған деп санап жүрміз, кейде бұл топқа Абайдың белгілі шығармасының бірі «Сап, сап, көңілімді де» қосып қоямыз. Ең алдымен айтатын бір сөз: бұл шығармалардың әлеуметтік мәні мен көркемдік қасиеттерінің деңгейіне қарамастан көпшілігіне тән бір ерекшелігі бар. Бұлар, сөз жоқ, жазба әдебиетінің туындылары (бұл арада біз Абайдың шығыс ақындарына еліктеп жазғандарын айтып отырмыз. Ы. Д.) Демек, ауызша айтылып, бірден-бірге жатқа орындау арқылы таралып жүрген шығармалар емес.
Алдын ала басын ашып алатын тағы бір мәселе бар. Ол — Абайға шығыс әдебиетінің әсері. Тегі бір кездегі орын тепкен: шығыс атаулынын, бәрінен безу, шығыс әсерін мойындаған адамдарды орынсыз кіналау салдарынан туған болса керек, Мұхтар Әуезов те Абайға арналған өзінің белгілі монографиясында ақынның шығыспен байланысын жұқалап айтуға тырысқан, керек десеңіз, оның арабша-парсыша жетік білетіндігіне лажсыздан шүбә келтіргендей боп, Абай Науаиді ескі өзбек тіліне аударғанын оқып үйренді деген жорамал жасауға мәжбүр болған. Ал расында, Абай творчествосын Шығыстың ұлы классиктерінің әсерінен тыс қарап, баға беру кеңілге қона ма? Бұл жерде ақынға көбірек ықпал еткен кім? Батыс па, әлде Шығыс па деп безбенге салып өлшеудің қажеті бола қоймас.
Әдетте Абайдың шығыс ақындарына еліктеп жазған өлеңдерін сөз еткенде ең алдымен үш шығармасын («Иузи-рәушан, көзі-гәуһар», «Фзули, Шәмси, Сәйхали», «Әлиф-би») атаймыз. Бұл өлеңдерді 1933 жылы ақын жинағына түңғыш рет енгізген—Мұхтар Әуезов. Үстірт қарағанның өзінде де бала ақынның шығысқа сырттай еліктегені ап-айқын көрініп тұр. Жас Абай шығыс дегенде белгілі классиктердің поэзиядағы өзіндік өрнегі мен үздік шеберлігінің байыбына барып жатпайды, бүкіл шығыс әдебиетінде эталон ретінде қолданылатын үйреншікті теңеулерді сол қалпында қабылдап, шығыс өлеңнің ырғағын, ритмикасын сақтауды ғана мақсат етіп қояды. Мысалы, «Шығыс ақындарынша» деген шағын өлеңінде жүзді-рәушан, көзді-гәуһәр, бетті-лағил деп теңесе, бір шумақ екінші өлеңінде сол шығыстың ұлы ақындарының есімдерін тізіп, оларды өзіне пір тұта сиынады, «мәдет» тілейді. Бұл тұста бала шәкірт шығыс әлемінің тарихынан өзінің, хабардар екендігін білдіргендей Сүлеймен, Ямшид, Ескендір секілді патшалардың есімдерін атап өтеді («Иузи-рәушан…» өлеңінде).
Жоғарыда аталған екі өлеңге қарағанда «Әлиф-би» көлем жағынан үлкенірек болғанмен айта қаларлық жаңалығы аз. Мұнда да Абай шығыс ақындарына тек сырттай еліктеп отыр. Жас ақын шығысқа тән ерекшеліктердің бәрін жинап, осы өлеңінде толығырақ көрсетуге тырысса да, ақырғы екі жолын мүлдем басқаша бітіреді:
Үтір мен асты-үстілі жазу да бар.
Болуға асты-үстілі көнсең өзің!..
Демек, «ай йузиңе ғибрат еттімнен» бастап, шығарманың аяқ шенінде аузына құдайды алып «Лә илаһа иллаллаға» басқан ақын ақыр соңында сүйікті сұлуына жолдаған хатын тұрпайылау, нақтылау тілек айтып бітіреді. Өзінің дін жолын тұтуға міндетті шәкірт екенін ұмытып, әншейін жүрген ауылдағы қалжыңшыл бозбаланың бірі боп шыға келеді. Екінші сөзбен айтқанда, жас Абайдың, сезімі сергек, ойы дінге уланбаған, шығыс түрін сырттай қабылдаса да, мүлгіп отырып сарнаудан аулақ екенін анық аңғарамыз. Ол тек бір сәтке жаңа түрдің әлеміш бояуларына, яки араб сөздерінін, үнділігіне қызыққан болар, немесе өзінің ақындық өнерін жетілдіру жолындағы мұны да жаттығудың бір саласы деп таныған шығар.
Абайдың осы жылдардағы жазылды деген басқа өлеңдері мен экспромттары ішінен екеуін ғана бөліп алып, ерекше тоқтауға болар еді. Олар: ажуа-сықақ өлең «Абралыға» мен ақынның жастық шағымен қоштасуының поэтикалық айғағы «Сап, сап, көңілім…» деп аталатын әйгілі шығармасы. Әркездерде таныс, кейде тіпті жақын деген адамдарды сықақтап-ажуалаған, сынап-мінеген Абайдың өлеңдері көп екені мәлім. Ақын осы әдетінен өмір бойы танбаған. Бұған дәлел ретінде Көкбайға, Күлембайға, Көжекбайга, Қыздарға, Жақсылыққа, Дұтбайға, тағы басқа адамдарға арнаған бір шумақтан тұратын экспромттан бастап, ел билеуші әкімдердің ұсқынсыз суретін беретін сатираға дейінгі көлемді шығармасын келтірсек те жеткілікті.
Абайдың сондағы мысқылдап отырған адамы кім? Оның бойында күлкі туғызарлық қандай мін бар? Абралы Тобықтыдан шыққан, ақынмен ауылдас, замандас, сөзге жүйрік тапқырлығы үшін кезінде «Сары жорға» деп те аталып жүрген. Міне, осы кісінің өзі намаз білмесе де өтірік діндарсып құдайға құлшылық еткен түрін әжуа етеді:
Намазшамның артынан
Құржаң-құржаң етеді;
Жер ұшық берген кісідей.
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл, түгіл, намазы
Бәрі желге кетеді…
Білмесің бар намаз сенін, не теңің, құран сөзіне тілің келмесе, оны бұзсаң құр құлшылығыңнан не пайда, құлақпен есту аз, көңілге тоқып, ұққан абзал дейді ақын. Бұл жалғыз Абралы емес, бүкіл қазақ даласында сол кездегі жиі ұшырасатын көрініс болатын-ды.
«Сап, сап, көңілім…» осы топтағы шығармалардың ішіндегі ең бір оқшау тұрған өлең. Ең алдымен, бұл өлеңнің ішінде Шығысқа еліктеудің ізі мүлдем жоқ, бастан-аяқ таза қазақ тілінде және өте шешен жазылған. Мүрсейіт қолжазбасында да бұл шығарманың жылы белгісіз екендігі көрсетілген. М. О. Әуезовтің жорамалдауынша «Сап, сап, көңілімді…» Абай жиырма-жиырма бес шамасында жазған болу керек:
Демек, ақыннын, сондағы суреттеп отырғаны не? Әлдебір оқшау халде, яки қиын тағдырды ыспаттап отыр ма? Жоқ, пәлендей тосын ештеңе кездеспейді, бар болғаны ел жігітінің күнделік тіршілігі. Мұнда трагедиялық болмыстан гөрі, өмірін босқа өткізіп жүрген талапсыз жастың күлкілі де құнарсыз жайы десе де болғандай. Алайда, осы өлеңімен Абай өзінің алғашқы қадамындағы шығарған, жазғандарына қорытынды жасап, ақындық өнеріне шындап бет қойғанын көреміз.
Ақынның жастық шағындағы шығармаларына тоқтай келе, М. О. Әуезов төмендегідей дұрыс қорытынды шығарады: «…ең алғаш қолына қалам алып жазған. «Иузи-рәушаннан» бастап, осы соңғы екі өлеңге шейін жеткен Абайдың жас ақындық жолы бар екені ап-айқын сезіліп түр. Оның басы жеңіл сыртқары еліктеуден басталып, соңғы кезеңі ойы да, көркі де өсіп, пісіп қалған болашақ ойшыл, сыншыл ақынның іздену, өсу, кезеңін көрсетеді».