«Абайдың өмір жолы»: Ақынның жастық шағы
Абай оқудан әр жыл майдың он бес-жиырмасынан қалмай қырдағы үйіне демалысқа қайтатын. Сол мөлшерлімезгілде әкесі сенімді адам мен ат жібереді. Биыл да ат келетін уақыты таянғанда жас шәкірт елге алып қайтатынкеректі кітаптарын қарастырып жинап, әсіресе осы қыс ортасынан бер қарай оқып келген орыс тіліндегі кітаптарды іздеп тауып алып жүргенде, ат әкелген Байтас атын «Заречное слободка» жатақ деп аталатын Ертістің күнбатыс жағындағы Құнанбайдың келіп жатып жүретін пәтер үйі Бұқаш байдың қорасына байлап тастап, өзі желқайықпен өтіп, Семей қаласындағы Абай жататын Мәуітінің үйін сұрастырып тауып келеді. Ауылдың амандығын, өзінің ат әкелгендігін айтқан соң, туған жерді сағынып жүрген жас шәкірт көп аялдамай елге қайтады.
Қаладан ұзап шыққанда жаз шығып, жер кеуіп, масатыдай түрленіп, өскен көк шөп жұпардай аңқыған хош иіс кең ауа жұтса тойғысыз туған жерінің, өскен елінің хабаршысындай алдынан ескен қоңыр желінің лебі жас баланың көңілін көкке сермеп, алтынды өмір алдынан сәуле беріп келе жатқандай болады. Жүрісі тиыш, тақымынан шыққан жылпос аты, сенімді серік жолдасы тез жүр сағынған аулыңа, тез апарамыз дегендей алып-ұшып келеді. Бұлаң құйрыққа салып жортып жолдағы бекет үйлерінің бірінен сусын, бірінен шәй ішіп сусындай отырып, араға бір түнеп, Шыңғыс тауының сыртындағы кең жайлау, мол су, көкорай шалғынға көшіп шыққан аулына күн батарға таянғанда келіп жетеді. Бұл жер атақты Барлыбай өзені сарқырап ағып жатқан мөлдір су, екі жағы жазық ат бауырынан келетін көк шалғын, байлаған құлын көрінбейтін бие бау, кереге жайғызбайтын қалың көк бетеге. Өзенді жағалай қонған оншақты ауыл ортасында күмбездей аппақ болып тұрған алтықанат үйлер, шет жағында мал қотанына арналған қоңырқай төрт қанат үйлер, кешке жақын өзеннен су ішіп, өріске қарай шұрқырап, кісінесіп, қаптап келе жатқан мыңғырған ақтылы қой, қоңырлатып дауысын созып, әнге салып боздаған көп түйе. Сағынышы қойнына сыймай келе жатқан жас жолаушыны қошеметпен қарсы алғандай. Бұл сықылды табиғаттың көркемдігін бұрын көңіл қойып байқамаған. Абайға өте таңсық асқан сұлу, көрікті көрініс еді.
Бұлар үй сыртына таянып келгенде жерошақ басында жүрген әйелдер «шүйінші, шүйінші, Абайжан келіп қалды» десіп, үйге қарай жүгірісіп, үйден Абайдың кәрі әжесі Зере, өз шешесі Ұлжан, кіші шешесі Айғыз жарыса шығып қарсы алысады. Абай аттан түсісімен әжесін құшақтап, мейірленіп, қалтылдаған қолын ұстап, маңдайынан, бетінен сүйгізіп босағанда, сабырлы Ұлжан: «Әй, Абай, әуелі үйдегі әкеңе сәлем беріп шық, содан кейін біздің талқымызға түсесің»,- деген соң, Абай басқаға қарамай үлкен үйге кіріп, медреседен алған тәртібімен екі қолын қусырып, иіліп мақаммен келтіріп, «ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп Құнанбайдың төменгі жағына келіп, жүгініп отырды. Құнанбай әдеті: қатын-баласына, туған-туысқанына жылы шырай беріп, шешіліп әңгімелесіп көрген адам емес. Жолаушы келген баласының күн, жел қағып қоңырланып қалған пішініне, арықтап ұзарып өсіп қалған бойына, шаһарша, татарша киген киіміне назар салып қарап, аз отырып өңі жылып: «Балам білім алып, құдай жолын танып, молла болып сау қайттың ба?» – дегенде, Абай: – «Аллаға шүкір, хайырлы дұғаңызда», – деп жауап қайтарады. «Жарайды балам, енді тыстағы шешелеріңе барып амандас», – деген соң тысқа қайта шыққанда ауылдың барлық қатын-қалаш, бала-шағасы жиылып, үйге кіруге бата алмай күтіп тұрғанын көреді. Олар кезек-кезек құшақтап сүйіп, амандығын сұрасып, дабырлап босатпағанда әжесі: «Қой әрі, шаршап келген баламды мазаламай босатыңдар. Қалғандарың ертең келіңдер, тамақ ішіп тынықсын», – деп көпті таратып, Абайды өз қасына алып үйіне кіргізеді.
Осындай амандасу, құшақтасумен 2-3 күн өткеннен кейін: «Абай сені әкең шақырып жатыр», – деп біреу келгенсоң Абай сәлем беріп алғашқыдай тағы жүгініп отырғанда, Құнанбай екінші рет баласының бетіне тесірейе қарап, аз отырады да сөзін бастайды: – «Балам сені оқуға бергенде құдай жолын танысын, әдеп тәрбие үйренсін деп берген едім. Хазіреттің сәлем сөзіне қарағанда жақсы өткерген көрінесің, жарайды», – деп бір қойып, тағы да аз ойланып отырып, енді айтпақшы сөзіне көшеді. – «Мен бір анадан жалғыз туып, жасымнан қатыбас болып ер жеттім. Буыным қатпай жатып әкем Өскенбайдың ел басқару, билік айту жұмысына қатыстым. Көп талқысы меніерте қартайтты. Бұл күнде жер ортасы елуден астым, өзіме тете інілерім Майбасар, Жақыптар кіресілі ел, шығасылы жау болды. Ер жеткен балам Құдайберді болса қалың дәулет, көп ауыл-аймақтың талқысына түсіп, одан босамайтын болды. Тәңірбердінің от басы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аса алмады. Басқадай көмектесер ағайын көрінбеді. Ең аяғы біреуге айт деп жіберген сөзімді түгел айтып, толық жауап алып келетін адам табылмады. Сондықтан енді сен бұдан былай оқуды тоқтатып, мынау қалаша киіміңді киіп менің жұмсаған жұмысыма барып, тапсырғанымды орындап қайтып тұратын боласың», – деді. Құнанбайдың бұл сөзі – тұжырымды бұйрығы, шешілмес байлауы, үзілмес ноқтасы. Мұны алғашқы естігенде жас Абайдың бойы қалтырап, жүрегі мұздап, ақылы шатасып, өзін-өзі билей алмай кеткені оқушыға әбден түсінікті болар. Бірақ туысында біткен зор қайрат, толғаулы ақыл бойын тез билетіп, ой таразысына тез салды. Мұндай түпсіз тереңшыңыраудан қалай жол тауып шығудың қамын ойлады.
Қайғы келсе қарсы тұр құлай берме,
Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,
Содан тапқан шын асыл тастай көрме, –
деп елге үлгі айтатын Абай қайғыға құламай, жүрегіне сүңгіп, содан тапқан асылын іске асырмақшы болады да: – «Әке, мен өз рұқсатыңыз бойынша үш жыл мұсылманша оқып, ораза, намаз, басқадай шариғат жолын үйрендім.Биыл қыс ортасынан бері қарай сізден рұқсат сұрауға уақытым болмай, орысша школға түсіп оқыдым. Ондағымақсатым дін оқуы о дүниеге басшы болса, орыс оқуы бұ дүниеге басшы болмақ. Өнер де, білім де орыста. Бұл күнде біз орыс патшалығына толық бағынған халықпыз. Бүгін өзіңізді ұлық сайлап, мәнсап-дәреже беріп отырған сол орыс халқы. Олармен тілмәш арқылы айтқан сөз көңіліңіздегідей болып айтылмайды. Оның айтып отырған сөзі сізге дәл ұғылмайды. Сондықтан, бұдан былай орысша білмеген адам мәнсапқа, дәрежеге ие бола алмайды. Мұны өзіңіз де көріп, біліп жүрген шығарсыз. Ендігі менің тілегім мені ғылым-білімнен махрұм қалдырсаңыз да, менен кейінгі жас балаңыздың біреуін орысша оқуға беруіңізді өтінемін» деді. Сонда Құнанбай баласының өте ұтымды, анық рас, алдын ойлаған зор ақылды сөзіне құлағын қойып тыңдап, толғанып аз отырады да: – «Жарайды, ол тілегіңді бердім. Оның дұрыс ақыл көрінеді, ендігі оның билігін саған бердім, қай ініңді оқытасың, оған қандай мал шығын етесің, ықтияры сенде болсын», – дейді. Бұл сөз, бұл байлау Абайға өшкен жарығы, үзілген үміті қайта жалғанғандай әсер береді. Өзім оқымай қараңғы қалсам да артымда оқыған, білім алған інім болса, соны басшы ғып білмегенімді сұрап, үйреніп, ол алған өнер-білімінен пайдаланып отырармын деген үміт елестейді. Жоғарыда Құнанбай Ғабитхан деген татар молла ұстап Ескітам деген жерден медресе салғызып, бастығы Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ кіші әйелі Айғыздан туған баласы Халиолланы ескіше дін оқуын оқытқан. Абайдың ендігі орысша оқуға жіберсем деп ойлағаны – дін оқуын оқып жүрген екі інісі Ысқақ пен Халиолланың біреуі болатын. Елдің сынынша Ысқақ пысық, ұғымтал, ақкөңіл болады. Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін тұйық болатын дейтін. Абай екеуін де жақсы көреді. Ысқақ шешелес пысық, ұғымтал болғанымен одан Халиолла артық, ойлы, ақылды, дана адам болар деген үміті болады да Абай Халиолланы оңаша шығарып алып: – «Халел, сен орысша оқығың келе ме, оған талабың бар ма», – деп сұрайды. Халел аз ойланып тұрады да: – «Абай аға, егер қаражат табуға мүмкіндік болса мен орысша оқуға өте ықлас қояр едім», – деп беті қызарып кетеді. Абай: – «Жарайды, сен қашан оқып білім алып болдым дегеніңше қаражаттан мен тарықтырмауды міндетіме алайын. Ал, сен көңіл қойып жақсы оқып, біліміңнің пайдасын көп көрерлік, көпке үлгі боларлық болып шығуды міндетіңе ал», – дейді. – «Ағатай құп, осы уәде болсын», – деп Абайдың қолын ұстап сүйіп алады. Байлау осымен бітеді де Абай бір жағы әкесінің «пәленге барып кел», «пәлен сөзді айтып кел» деген ұсақ-түйек жұмсағанына барып, оның қайтарған жауабын, істің қалай орындалғанын мәлімдеп жүреді. Бір жағынан Халелді оқыту, оған ақша құрастыру, оны қандай школаға беру, қалай орналастыру жағын қатты ойлайды. Алғаш өзі орысша оқу бастағандағы ойы осы жаз әкесінен рұқсат алып, Омбы қаласына барып, Омскідегі «Кадетский корпуске»оқымақшы болған екен. Енді мына Халелді соған апарып беруге талаптанады. Ол школге қара халықтың баласыналмайды. Не төре тұқымы, не аға сұлтан, не патшадан шен алған адамдардың баласы болуы шарт. Соның анығын білген Абай Халелді аға сұлтан Өскенбайдың немересі деген куәлік қағаз алады, онымен қабат жайлаудан семіз ат, ту бие жіберіп, сатқыздырып ақша жинайды. Август айында тағы сататын мал алып, өзі апарып орналастырып қайтпақшы болады да, осы байлауын Құнанбайға келіп ақылдасса, Құнанбай: «Мен оқыту жайын саған жүктедім, қанша мал сатасың, өзің білесің, қандай қағаз керегін өзің білесің, бірақ Халелді Омбыға сен алып бармайсың. Мұнда керегің бар. Басқа адам тауып соған қосып жібер», – дейді. Міне, қиындық бұл ауылдарда орысша тіл білетін, жол жәйін білетін есебін тауып баланы школға орналастыру қолынан келетін адам жоқ. Әрі-беріойлағанда есіне татар молла Ғабитхан түседі. Ол орысша тіл біледі. Көп жол жүрген адам және ұстаған жұмысын адал ниетімен дәл орындайтын тиянақты кісі. Екінші жағынан өз шәкірттерін туған баласындай жақсы көретін мейірімді жан. Сол қасиеттеріне қарағанда бұдан орайлы адам жоқ дейді де Абай моллаға келіп барлық жағдайды айтып, баруын өтінеді. Молла: «Мырза дұрыс көрсе, мен Халелді оқуға апаруға дайынмын»,- деген соң әкесіне қайта келіп айтса: «Мейлің, кімді жіберсең өзің біл»,- дейді. Абай барлық жол жабдығын дайындап, Семейге өзі ертіп барып, жетерлік ақша беріп, Халиолланы моллаға ертіп аттандырады. Ол кезде пароход Кереку (Павлодардан) әрі қарай ғана жүреді. Оған дейін почта ат арбасымен барады. Сондай лаумен кеткен молла бір ай шамасында Халиолланы көңілдегідей орналастырып елге қайтып оралады. Бұл жағдайды естіген соң Абайдың көңілі орнығып, өзінің ойға алған зор мақсаты орындалып, келешек өміріне алдынан аз да болса сәуле беріп отырарлық адамы болатындығына қанағаттанады.
Абайдың әдеті, Семейдегі медреседе болғанда араб, парсы, шағатай, түрік тілдерінен дәріс тыңдап оқуын оқығанда да қазіреттің, халфенің тәлім-тәрбиесін алғанда да ойлы толғаулы, шешімді қолданып отырады. Ой елегінен өткізіп керегін алып, керексізін қалдырады. Оған айтар дәлеліміз Абайдың Құдайды тану туралы кейін жазған, «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде:
Ақыл мен хауа барлығын білмейдүр жүрек сезедүр.
Мүтәкәлимин, мәнтікин бекер босқа езедүр, – дейді.
Арабшасын оқып пайымдаған адамға сол жас шәкірт уағында арабшаның мағынасын толық ұғып, оғанқорытынды жасағаны көрініп тұр. Наху, мантық, араб тілінің грамматикасы және сөз мағынасын, маңызын талдап шешетін ғылыми кітабы оны толық ұғып оқымаған адам дін жолын таза білмейді. Құр мылжыңдап езіп, бас қатырды деуі Абайдың өзі сол медреседе оқып жүргендегі алған білім екендігіне шек келтіруге болмайды. Екінші Абай дінді ғана біліп, соның ғана жолын ұғып тынды деуге тағы болмайды. Күншығыс ақын жазушыларының атын атауын, олардан жәрдем сұрауы, оларға еліктеп бәйіт жазуы жас күнінде-ақ Абайдың табиғи ақындық дарынының жоғары, өзі жәрдем сұрайтын шағрилар, яғни ақын-жазушылар қозғап еріксіз ертіп әкетуі анық көрініп тұр. «Әлифби» өлеңі де соның куәсі сықылды. Әрине, Абай қазақ ортасының жұмысына араласып жүргенде де медреседен алған білімін ұмытып тастап кеткен жоқ. Ел ішіндегі дәрет алып, шалма орап хақтың жолын танымай қалбаң қағып жүретін молдасымақтарды да сынап-мінеп «Құдай жолы деудің өзі де әділдік, адам баласын сүюшілік, махаббатты болушылық» деп жол айтып, жөн көрсетіп отырды. Қысқа айтқанда, Абайдың Семейде оқыған үш жарым жылғы еңбегі зая кетпей, өмірлік азығы болды десек қателесе қоймаймыз. Абай орыс школінен төрт-ақ ай оқиды. Соның өзінде бір жылдық сынауда жақсы баға алды. Аздаған тіл үйренді, орысша аздап оқып жазарлық болды. Енді одан әрі оқуға әкесі ырық бермесе де, Абай мен үшін мектеп есігі тарсжабылды деп үмітін үзіп қарап қалмайды. Інісі Халиолланы шолғыншыға жіберіп, өзі оны шығарып салуға Семейге барғанда орысша, татарша сөздік (словарь) және өзі түсінерлік орысша тіл құралын сатып алып қайтып, әкесінің тапсырмасынан қолы бос мезгілін пайдаланып, орыс тілін үйренуге зер салып қарастырып отырады.
Құнанбай жас Абайды шу дегеннен ауыр жұмысқа салмайды. Барып кел, айтып келден бастап, баласының өзтапсырмасын қалай орындауын бақылап, ойындағыдай нәтиже беретініне көзі жеткен соң, өзі шешетін ірі дау, қиын тартыс, аңдысып-айтысып, арбасып отыратын келелі кеңеске бірге ертіп барып, бөлтірігін қозы жеуге үйреткен қасқырдай баулып, әдіс-тәсілге көзін қандырып бойын үйретеді. Өзі басқарып отырған ұлықтық жұмыстарына қатыстырады. Өзімен әріптес, дос, жора-жолдастарымен таныстырмақш болады. Сол мақсатпен Қарқаралы дуанына қызмет бабымен баратын болғанда Құнанбай Абайды да ертіп апарады. Қарқаралы қаласы айналасы қарағайлы тау, ортасында орналасқан аз ғана қышлақ аймағы 15 болыс қалың Майқы, Бошан руының қыстауы. Құнанбайдың бұрын келіп түсіп жүрген пәтері қазаққа араласып кеткен татар үйі екен. Кең төрт бөлмелі қарағайдан салынған үй болатын. Үй иесі келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алады. Кешке келген Құнанбай ол түні тынығып жатып, ерте тұрып мешітке намаз оқуға барады. Абайды да қалдырмайды. Бұл мешіттің имамы Хасен деген молла орта жастағы татар екен. Бұдан бір жыл бұрын осы мешіт тұрған үйді Құнанбай сатып алып, мұнара орнаттырып, ішін жабдықтап, өз атына жаздырып осы Хасен молланы өз қолынан имамдыққа сайлатып кеткен екен. Құнанбайдың келгенін көрген соң молла орнынан тез тұрып берген сәлемін алып, «мархаба, қош келдіңіз», – деп қолын алып, жалпылдап сәлеметтігін сұрап құрметкөрсетеді. Шәкірттің дәстүрімен сәлем берген жас Абайды да ескерусіз тастамай мырза бұл сіздің Семейде оқып жүрген ұғылыңыз болар деп саулығын сұрайды. Абай бұрын көп көрген дін тәртібі, намаз құраны оқылады. Намаздан қайтып пәтерлеріне келген соң Құнанбайдың келгенінен хабарланып қалған Бошан адамдары амандасуға, сәлемдесуге ағылып келе бастайды. Бұлардың ішінде бұрыннан бастас баталас құда, тамыр, дос-жоралары көп екен, ел амандығын, мал жайын сұрасып әңгімелесе келіп бастары қосылып көбейіп, қымыз ішіп қызып алған соң әзіл-қалжыңға ауысып Шаншар елінің Қантай-Тонтайдың жолын ұстап қалған айтқыш шешендері бірін-бірі іліп қағып, ырғап, шаншып айтысып, тартысып, дуылдасқан думан құрысады. Жас Абайға бұл да өте қызық. Үлгі аларлық, өміріне азық боларлық керекті қазына екендігі сезіледі. Соның ішіндегі мақал-мәтел, тақпақ, тапқырлық сөздерін көкірегіне сақтап қалуға тырысады. Әсіресе, осы жолы Абай өміріне ауыр да зор хауіп те, өмірлік дақ та қалдыратын жағдай Алшынбайдың келіп әкесімен амандасып әңгімелесуі болады. Алшынбай Бошан Шаншардың Әйбике руынан шыққан атақты Қазыбек бидің шөбересі, Бекболаттың немересі. Тіленші бидің баласы, зор денелі қасқабас, қызылсары адам екен. Бұл уақытқа дейін бағы, абыройы қайтпаған, бұдан екі жыл бұрын ҚұнанбайҚарқаралы дуанына аға сұлтан сайланарда осы дәрежеге қолын жеткізген осы Алшынбай. «Сен қайынды болдың, қалыңдықты болдың, әкең Бошан Алшынбайдың немере қызын айттырды», деген сөз қатын-қалаш, ауыл-аймақтан Абайдың құлағына бұрын тиген болатын. Басында одан ұялып, қысылып жүргенмен бойы үйреніп, бос қалжың әзіл орнына сайып жүретін. Енді мына келген қайынатасын көріп, білгенде бұрынғы ел аузындағы сөздің растығы, бұл темір тордан ешбір босануға лаждыңжоқтығы жас баланың жүрегін қатты күйзелтіп, өмірлік арылмас тұтқынға түскендей көрді. Бірақ оған көнбескешара бар ма. Еріксіз бағынатынын да біледі. Абай әкесінің алдына келушілер сейілген мезгілде серуенге шығып, көше аралап өзімен құрбылас жастарды көріп танысып әңгімеге кіріссе, олардан бір түрлі жағдай естіледі. «– Күйеу бала, ер жетіп қалыпсың, қалыңдығың бой жетіп, сары алтындай балқып отыр. Өмірлік жолдасымды қашанкөремін, ойнап-күліп мауқымды қашан басамын деп күтіп отыр. Енді жасырын күйеулеп қайтатын шығарсың», – деп бір әзілдесіп қойысады. Онымен қабат Алшынбай қызына қолы жетпейтін өзі тұстас ел жігіттері бір тілдесуге құмартып, көріп сөйлесуге бата алмай, арманда болып жүргендерін де ескертіп қояды. Жас Абай құрбы-құрдастарының мұндай сөздеріне құлақ аспай, жастық жалыны оянбай қалмайды, күннен күнге қалыңдық жайында еске алып есепке тұта бастайды. Жас кеудеде алысқан екі ой бірін-бірі жеңе алмай күндіз оңаша жүрсе, түнде төсекке жатса маза бермейтін болады. Бірақ тез арада ұмыт болып кетеді. Бұл Қарқаралы дуанына келген Құнанбайдың негізгі жұмысы бір дуан елдің орыс патшасына төлейтін алым-шығынды төлету болады екен. Енді Бошан болыстары, старшындары келіп елден жиналатын ақшасының қаншасын жинағанын, қаншасы жиналмай қалғанын айтып оны тез арада құтылу керектігін, ол ақшаны табу жолдарын қарастырады. Сен пәлен сәудагерге бар, сен түген сәудагерге бар десіп сөз байласып жатады. Бұрын ел ішінде болса да Абай алым-шығынның жәйін білмейді екен. Енді тыңдап қараса, бұл ел басына, оның ішіндегі кедейге, малшы-жалшыға, түсетін ауыртпалық, еңсесін көтертпейтін аузын аққа, иінін киімге жарытпайтын айықпас сор екен. Патшаның шаңырақ алымы дегені бай, кедей демей шаңырақ иесі болған үй басына бірдей 4 сомнан болады екен. Оның үстіне қара шығын, «земский сбор» болыс, старшын алатын шығындар екен. Одан бай-дәулетті адамдар малын, жүнін, терісін сатып құтылады да, қолында малы жоқ кедейлер ақша таба алмайды екен. Старшын екі-үш рет «алымыңды төле» деп барады екен де, тауып бере алмаған соң сенің алымың, шығының (недоемко), яғни төленбей қалғандықтан өсіммен төлеуге қалды дейді екен. Мына сәудагерлерді қарастырғанда жаз берілетін қойға солардан ақша сұрап алып, алым-шығынды төлеу екен. Ақша берушілер жаз алатын бір бойдақ қойға 80 тиыннан ғана береді екен. Содан 4 сом шаңырақ алым, 1 сом қарашығынға кедей 7 қой төлеуге міндетті болады екен. Байларға жалданған малшы-жалшының жаз алатыны 4 қой, 4 киім, қыс алатыны 3 қой, 3 киім, енді жаз шығып жер қарайғанда ақша берген саудагердің малын жинайтын адамдары келгенде старшын орыс «стражник» ертіп жүріп алымы недоемкаға қалғандарды «мал төле» деп қысады екен. Лажы құрыған кедей байларға жалынып бір жылға басын байлап 7 қой алып беріп зорға құтылады екен. Мұны көріп, естіп білген жас Абайдың төбе құйқасы шымырлап жүрегі ауызға тығылады. Мұндай әділетсіздік ел ішінде бар деп бұрын ойлап көрмеген Абай басқа дүниеге кіргенде қайран қалады. Абай Қарқаралы дуанынан қазақтың неше алуан шешенсөздерін мақал-мәтелдерін, сайқы-мазақ, шанышпа тілдерін Бошан ортасында болған ақын-қожа Қалдыбай, Бурақанның айтқан өлеңдерін, олардың өткір сын, өтімді теңеулерінжадына сақтап қайтады. Мысалы, Қалдыбай қожаға Тіленші би: «Сен кісіні мақтап, әрі жамандап өлең айтшы», – дегенде Қалдыбай былай депті:
Тіленші Бекболаттан туған ұлсың,
Базарда бағаң артық қымбат бұлсың.
Кейде олай, кейде бұлай мінезің бар,
Жүгіндей ақ түйенің аума құлсың.
Қайырымың бар еді жоқ жарлыға,
Беруші ең ер құнын келсе алдыңа.
Әулиесіп фақырға көп күлуші ең,
Қатының ақсақ, балаң таз келді алдыңа.
Тіленші бидің әйелінің бір аяғы кем екен де, баласы Алшынбай қасқабас кісі болыпты. Сонда Тіленші ашуланып,аз ойланып отырыпты да «ендігәрі маған өлең айтпа» деп айбат көрсеткен екен. Алшынбай Майқы, Машанды, Тобықтыны түгел билеп айтса әмірі екі болмапты, бірақ пара алғыш өзі басқаға түк бермейтін сараң адам болыпты. Сол кезде Қалдыбай ақын қартайып, оның ақындығын Бурақан деген қожа ұстапты, ол Алшынбайға көп жолықпай басқа бай мырзаларға еріп өлең айтып жүреді екен, бір топта Алшынбайға кездесіп сәлем бергенде, Алшынбай: «Әй, қожа, сен маған неге жоламай қойдың елдің берген сыйын мен де беремін», – дегенде
Бурақан:
Алшеке, аузың берер қолың бермес,
Өтірікші құдайдың жүзін көрмес.
Әуелден үлкен ауыз, сіздің ауыз,
Өзі алмаса өзгеге беруші емес, – депті.
Алшынбайдың пара алғыштығы, сараңдығын бір өлеңге сыйғызып көзіне айтқаны Абайға күшті әсер етеді. Қазақта да адамдықты, әділетті көксеген жандар барын таниды. Өзіне ұнағандарын көкірегіне сақтайды. Абайда ақындық талант, нағашыларынан мұра болған сайқымазақ жас шағынан өзіне біткен қасиеті. Мысалы, тоғыз жасында айтқан өлеңі «Кім екен деп келіп ем түйе қуған», «Түңілікбайдың қатыны – атың Шәріп» деген өлеңіжәне «Абыралыға» деген өлеңі нағашысы Қантай-Тонтайдан мирас болған сайқы мазақ екенін анық көрсетіп тұрады.
Әрхам Кәкітайұлы ЫСҚАҚОВ
«Абайдың өмір жолы» естелік эссесінен үзінді