Абайды әкесі қалай сынаған?
Мұхтар Әуезов
Егер қазақ әдебиетіндегі тұңғыш жазылған роман-эпопея саналатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқысаңыз, Абай-дың болашағынан үміт күтетін әке бейнесін байқауға болады. Қапаланған әке баласына үш мін тағады. Құнанбай ұлына не деп мін тақты? Әке сұрағына Абай қандай жауап қайтарды? Кітап желісі бойынша үзіндіге зер салып көрейік:
«Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда! Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйірілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!» – деді.
«Осы айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «әй» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады… Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас…» – деді.
Бұл көрініс – әке мен бала арасындағы көзқарас қайшылығы арқылы дәуірлік ауысуды, ұрпақтың жаңаша ойлауын айқын танытады. Құнанбай – дәстүршілдік пен діни тәрбиені биік ұстайтын тұлға. Ал Абай – білім мен ағартушылықты алдыңғы орынға қоятын, ұлт болашағын ғылымнан көретін жаңашыл бейне.
Абайдың сөзі арқылы оның баршаға ортақ пайда әкелуді мақсат еткенін, халыққа қызмет етуге бекінгенін, білім мен өркениеттің қайнар көзі ретінде орыс мәдениетіне ден қойғанын көреміз. Бұл – болашақ кемеңгер ойшылдың, дара тұлғаның қалыптасу сәті.
Демек, бұл үзінді – Абай тұлғасының рухани өсуі мен көзқарасының кемелденуін көрсететін маңызды эпизод. Ол – өз заманының ғана емес, бүкіл қазақ руханиятының болашағын таныған, «елге пайдасы тиетін адам болсам» деген үлкен мұраттың иесі екенін дәлелдейтін сәт.