Әкем Абай туралы (2-бөлім)
Мен сөзімнің басында айттым ғой: жасында әлуетті жас болып, ел билемекке еңсесін сала шапса да, ой кірген соң тоқталып қайтқан, өзінің «Өлсем орным қара жер» деген өлеңіндегісі де дәл сол 89 жылда мен 14 жаста едім. Сонан былайғы әкемнің сөйлеген сөзіне, істеген ісіне қарағанымда бұзақылармен алысқаңдағысы өзін жаудан қорғау ретінде. Күнту болыс болып кеткен жерде: сайлауға келген Тихонов деген оязнойдың қатыны айтты, көтек деп күлуші еді. Сол жерде оязной бұл сайлауды бұзып, қайта сайлау қылайын десе, менің әкем жоқ, осы бетімен бекітіңіз депті. Жауласқан ел болыстықты алған бетімен тұрмай, менің әкеме, біздің елге қорлық, зорлық қыла бастатыпты. Өздері қалай сайлап алған старшиндарына түр бастырып, 86-жылы менің әкемді жер аудартпақшы болған.
Сол орайда Семейге генерал-губернатор келіп, қасыңда бұрын уезной болып кеткен Лосовскі бар. Елдің приговорына қарап, менің әкемді жер аударылсын деп резолутция салмақшы болғанында менің әкеммен екі арасына, әлгіні Лосовский жүріп, әкемді генерал губернаторға жолықтырыпты Сөйлескенде не айтқанын білмейміз, «Сен заманыңнан басың асқан адам екенсің», – депті.
Сол жерде оязнойға тапсырып, Күнтуді түсіріп, қызметті Шәһкәрімге тапсырмақ қылыпты. Біздің жау жағымыз мұңдай төңкөріс болып қалғанын білмей, Абай айдалатын болды деп, елге келісімен Тәңірберді қыстап шыққан қостан жылқысын алған. Сол жерде Күнту түсіп, қызмет Шәһкәрімге тиіп, жылқыны алып, қырық салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп қалған.
Приговорларыңда шет Шубас елдердің де қосылғандары болыпты. Жазығы болмаса да пәленшені мұқатқан деген сөзді өздеріне абырой көргендер болса керек, жаңа «Дала уалаяты» деген газетке менің әкемді қасына ас бермеді деп жамандап, Кереку жағының біреуі «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп жазған. Сондайлардың мінезіне мынаны айтқан:
Сор қалың соққы жеген бишарамыз,
Қайтып суын қалғаннан көре аламыз,
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз,
– деп елдің жабылып мазасын алғаннан айтқаны:
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,
Тәңірі сақтар табаңдап кеп ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап арсылдайды,
Әр жерде керегеде таңылса да.
«Мәз болады болысың» деген өлеңді 90-шы жылы Семейге Барон Таубе деген генерал губернатор келіп, бірсыпыра болыстарға, билерге шекпен қылыш, сыйлаған, сондағы шекпен алған болыстардың қуанғанына ыза болып жазған, өзіне де қос ауыз мылтық сыйлап еді.
«Біреуден біреу артылса» деген өлеңді сол жылы бізге музыка үйретемін деп Мұқа деген скрипкашыны әкеліп, әм Әсет деген ақынды да сақтаған. Әсет терісі тар, ызақор, кісімсіген адам еді, соған арнап жазған.
«Білімдіден шыққан сөз» деген өлеңді де осының ретінде айтып кеткен, «Ем таба алмай» деген өлеңінің артына «Жас жүрегім жанды менің» деген өлең тіркеліп кетіпті, ол өз алдына бөлек өлең, бұл перевод болса керек еді. Пушкиннің «Под вечер» деген өлеңінен перевод емес бе екен, бастап кеп тастаған ба деп ойлаймын. «Бай сейілді» деген өлеңді ел билеген болыстарға наразы ғып айтқан, «ұрысса орыс, елге болыс» үйде ұрған итке ұқсап» дегені үйден таяқ жеп шыққан ит, тыстағы итпен алыса кететін әдеті болады. Үйдегі кісіге ештеңе ете алмай – ашуын тыстағы иттен алады. Уезнойдан сөгіс естіген болыс та, сол ит секілді уезге ештеңе ете алмай, тыстағы жай адаммен ұрысады дегені.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңді Шәһкәрім жас күнінде кәрілікті жамандап, алпыстан аспай өлеңін кәрі ит жат деп, былшылдап шат деп айтады деп, бозбалашылықты мақтап, шіліктен шымылдық құрып, томашадан жастық қып, деген өлеңі болған.
Көкбай молланың: «Әзіреті Әлі айдаһар мен атысыпты деген өлеңі болған. Әріп деген сыбан, өлең жазғыш жігіт Зияда деген өлең жазған қызды мақтамақшы болып суреттегенде «көзі гауһар, сүйегі алтын» деп осы сықылды асыл тастарды түсіне қарамай сұлудың бетіне жапсыра берген. Сол үшеуіне ой салып, ақыл көрсетпекші болып жазған еді. Ол өлеңге Әріп кектеніп, Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты деп, өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды, Біржанның арғын емес, Керей екенін білмейді.
91-ші жылы Оразбай Оспанмен араласып жауласқанда Тәңірберген деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі: Тәңірбердінің сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Оның жауласқан себебі, талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмаққа ел билеумен табамын деп ойлап, ағаларының алақанына қарамай өзінің ел таппаққа ең қолайлысы ағаларының жауын ел қылғаны болып көрініп, Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған: бұларды бөлмеске болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп. Елді меңгеріп, елдің сүндет- міндетін де жаудың азабын да жеке көтеріп алған інісі Оспан 92-жылы өліп, Оспан арқалаған азап, жеке басына түсіп қалды. Сондықтан, медіресе болғандай болып кейінгі өлендерді әр уақытта жазып тастай берген.
Көбінесе өленді қысты күні жазушы еді. «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» деген өлеңді 92 жылы Оспан өткен жылы қыстауға қонғанда жазып еді. Бұл өлеңнің аяғы «Кешегі Оспан бір бөлек жан» деген өлең.
Оспан деген кенже інісі өлген соң, артыңда қалған баласыз үш жамағатын Сқақ, Тәңірберді, үшеуі алған. Үлкен үйдегі келіні Еркежаңды әкем алып, үлкен үйге кірген бұл келінін алғаны 94-ші жылы. 98 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі, Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп, халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған. Менің әкем 20 жасыңда Құдайберді деген ағасына каңдидаттыққа бір сайланған екен. Құдайберді өлген соң араз жағы, жасы толымсыз деп көрсетіп, түсіп қалған екен. Содан кейін қандайлық елдің сайлауын еркі біліп, билеп жүрсе де, болыстыққа сайланған емес. Екі рет бұрын Мұқыр елі Қоңыр көкше атанып жүргеңде осы елге назначениемен болыс болыпты.
Еркежанды алған жылы волостной съез қылуға елге шыққаңда: Қыздар атты бір құрдасы, олақтау адам еді. Бейне бір менің әкем ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген адамша, қалжындаймын деп айтыпты: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, түйініпсің ғой», – деп.
Сол Қыздардың қалжыңына ыза болып, мына өлеңді жазған. Бір талай өлең еді, ертеңінде Қыздар жалынып сұрап алып, отқа салып жіберді. Бір-екі рет оқығандағы жаттап алғанымыз осы-ақ:
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы бәкең,
Бәкең Қыздардың табы, Ілекер, Бетімбай,
Аталық, Жанқожа сол таптың Қыздардан бұрынғы өткен жақсылары.
Байұзақ Қыздардың ағасы, бірақ бұл кезде тұғырдан түскен. Дауылбай – қанды балақ ұры (айпар, жайпар, жегіш, жұтқыш, жалмауыз деген сөздердің мағынасында).
Шотқара Қыздармен тектес Бәкең ішіңдегі бір топ оның Айтқожа деген есті, жұғымды адамы болған, сол сені ақымақтандырып жүр деді. Досақ Бәкең ішіндегі Қыздардың табы.
«Болды да партия ел іші жарылды» деген өленді де осы Қыздарға шамданғаннан айтып жіберді.
«Ант пенен тарқайды, жиылса кеңеске» деген өлендері де сол 94 жылы съездегі билердің мінезінен айтқан.
«Не іздейсің көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай соқпа енді», «Ал сенейін, сенейін», «Жүрегім нені сезесің», «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Қарашада өмір тұр», «Жас өспірім замандас қапа қылды» деген өленді Оспан өліп, бар бейнет басына мезгілсіз түсіп, ықласы қайтып қажыған кезінде досы да, туысқаны да бұлданған, құбылғанын көріп, сол 92 жыл мен 93 жылдың ішінде жазған еді. Менің әкемнің өз еліне, ағайын, туысқанына арнап айтқан сөздері де жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі. Жалпы қазақтың дерті бір дерт болған ғой, бүгін абайлап қараса елдегі қазақтың дерті оқыған азаматтарынан да арылмаған секілді. Қазақ азаматтарының әлденеше тобында болдым, талас шықсақтабымен бөлінеді. Ол баяғы елдегі біздің науқасымыз, қастықпен бөлінсе аралас болып, ата жігі көрінбес еді. Қастығын ұстаған тастай лақтырып тастап, жеңген жаққа шығып, өзбек өз ағам, сарт садағам деген баяғы кәрі мінездің қалпы қурап па? Мен бұл жерде өз басынан ойлап шығарған өлендерінің мына кітаптағыларын реттеп, қай мезгілде, не себепті жазылып кетті екен деген сөзге жауап орнында жаздым. Басқа переводтарының қай жылдарда жазылған бұрынғы кітабында айтылған.
Крыловтың переводтарын 94-жылы Недоров деген уезной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловтан перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы жеңіл ғой», – деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді.
Біздің елге Сқақ Махмұдов деген ноғай ертеректе саудамен келіп, қазақтан қыз алып, қазақ ғұрпына түсіп, қазақ сықылданып кеткен, қазақ ішіңде недәуір бай болған. Құнанбай қажының балаларынан алып, қыз беріп, құршалалып құда, құшақтасқан дос, туысқан есебінде болған. Сол Сқақтың немерелері Сыдық Жибулда деген екі жасы, бозбалаша балалар менің әкемнің үйіне келіп отырғаңда соларға арнап: «Қуанбаңдар жастыққа» деген өлеңді жазған.
Қымыз ішіп отырғаңдарға арнап: «Осы қымыз қазақтар, мақтаның ба, асың ба? деген өлеңді жазған.
«Көңілдің күйі тағыда» деген өлең Лермонтовтың «Вдохновениені» суреттегені болса керек еді, сөйтсе де: «Ескендірді» жазардың алдыңда жазса керек.
«Желсіз түнде жарық ай» деген өленді 98-ші жылы жазған. 88-ші жылы жазды деп бұрынғы өлендерді көшіріп жазған Мүрсейіт деген адамның қате жібергені болады.
Әңді өлең қып суреттегінінің себебі: мен де жасымда ақын шығармын деп, аз-маз өлең жазып жүргенімде, әнді өлең қып қарайыншы деп едім, қисынын келтіре алмадым. Содан соң әкеме айттым: осы әнді өлең етіп суреттеңізші деп, сонан соң айтып еді: соған жалғас көпті суреттеп осы өленді жазды:
«Құлақтан кіріп бойды алды, жақсы ән менен тәтті күй» «Сағат» деген өлеңді біздің өлең қыламыз деп қыбыжықтап жүргенімізді естіп жазды.
«Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» деген өлеңді, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес» деген өлеңді:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Еш уақыт рас сөз жалған болмас»
– деген өленді өзінің қара сөзбен тасыдық деп жазған сөзіне қарай өлең қылған.
«Қуатты оттай бұрқырап, уазынға өлшеп тізілген» деген өлеңді, «адамның кейбір кездері» деген өленді өзі ойланып «вдохновениені» суреттеп айтқаны.
«Күңді уақыт қызартып көк жиектен асырса,
Көлеңке басын ұзартып, алысты көзден жасырса»
– деген өлеңді сүйген,сенген достарынан соққы жеп, жер соғып алданғаннан айтқаны.
«Сұм дүние, тонап жатыр ісің бар ма» дегенді, «Есінде барма жас күнің» дегенді өзінің қартайып бара жатқандығын айтқаны.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген өлеңді қалай ескенін, қандай тәлім алған, қандай халықтың ортасыңда болған, ой кірген соң не қылған? Соларың, қысқаша айтып, биография есебінде жазған. «Ескендірді» жазғаңда жұрт мақтаған Ескеңдір жақсы кісі емес, мұның каһармандығының жолы осы деп жамаңдаған.
* * *
Менің әкемнің ашуын өзі еңбек қып азайтып еді дегеніме бір себеп төмендегі сөз:
«Біздің казақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898-ші жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. Оразбай байдың дәулеті асып, дәуірі тобықты ішіне жүріп, Оспанмен екеуінің араздығы Оспан өлген соң менің әкемнің басында қалған. Оразбай мен әкемнің араздығы Тобықты елі болып, үлкен съездерде бір уезге қараған қазаққа жетіп, бір уез елдің адамдары екі жар болатұғын. Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері: «Сіз бармасаңыз болмайды, Оразбай қалаған кісісін сайлатып алып, басымызға пәле жауғызады», - деп, жалынып жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қаспен көздің арасында тұратұғын сорлы казақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ ел ескі әдетімен ауа береді десіп, бірнеше адамдарды сайлап шығарып, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп, жанжал шығарындар», – деп жіберген.
Халықтың бұл сияқты ниетінен хабарсыз отырған әкеме бірнеше татымсыз адамдар келіп, жанжал шығарған жерде бұлардың бұл ақылының ішінде болған адам аналардың қолы Абайға тигенше, маған тисін деп, аналар ұмтылып қамшысын сілтей бергеңде, әкемнің үстіне жығылыпты. Жұрттың таяғы оған тиіп, әкеме таңба түспей қалыпты, бұл кісі Сопының інісі Аппас, бірақ таяқ тиеді не, тимеді не, әйтеуір Абайды ұрдық деген атын көтеріп, мұратына жетті.
Осы ісі туралы ағайын туғаны, балалары, ел-жүрты, досы-жары жиылып біз де пәлен етеміз, түген етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ дескенде, менің әкем айтты: «Барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды, мен жасымда қарғағанымды жер қыламын, алдағанымды зор қыламын деп ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын, дүшпанын жеңбекте жолы болған адамның бірімін. Мен алғаш атқа мінгенде жігіттіктің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең, жай келсе, артықпыз деп жүрген ел еді. Солардың қанша жандарының айдалып, байлануына, бірінің артынан бірі барамын деп жапан жүріп бейнетке, қазаға ұшырауына себеп болған шығармын. Рас, өздерінің ұрлық, зұлымдығынан да болған шығар, бірақ, менің қатты зәрленіп соңына түскенімнен де болды.
Сол Жігітек деген ел қандайлық елдіктен кетіп, кедей болып тұрғандай тозды десең де, бүгін астымда жатса да аяғымды тістеуге жарады.
Бұл жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес, мен енді бұл бітімсіздікті қостауға жайым жоқ. Жөні келсе, мен бітімнің кісісімін» – деп, елді тоқтатты.
98-ден 99-ға қарайғы қысында, Оразбай Меккеге жүрерде бітелік, ризаласалық деп кісі салған соң, әкем жарайды деп, алған-берген еш нәрсе жоқ. Семейде Жақия қажының үйінде бас қосып, Меккеге жүрмекші Оразбайға ризалығын берді. Артынан елге барған соң, Медеу деген Оразбайдың баласы жанжалдағы елдің басты адамдарын жол-жобасымен әкемнің алдына алып келіп, бітім болды. Абай алған жол-жобасы үшін бітім қылды деп ешбір Тобықты айта алмас.
99-жылы обласной землемер болыс- болыстың арасына меже салып, гран жүргізгенде, бұрынғы Мұқыр болысындағы Жігітек, Бөкенші деген екі тап елдің егесі мен ежелгі жау болып келе жатқан екінші 98-ші жылғы жанжалдың иесі, ағайыны, гран бойынша еріксіз біздің Шыңғыс елінің хатына кіріп қалды. Бұлар ашулы арыстанның алдына қол-аяғын байлап тастаған кісінің күйінде болды. Жоқ, әкем сол араз ағайынның бар басты адамдарын, ақсақал, қарасақалын шақырып алып: қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген, енді жаулықты ұмыталық, мен жаулық қылады екен демеңіздер деп, шын жүрегін көрсетіп, қойнын ашып жіберіп еді, олар да бұрынғы жаулықты соншалық ұмытты.
Содан кейін төрт жыл өтіп, бесінші жылдың басында менің әкем дүниеден қайтып, артында мен қалғанда, әкемнің аруағын сыйлап, шын достығын көрсеткен елде тек осы Оразбай болды.
Оразбай секілді әкемнің жаулары еңді мені бишара жетім ғой, енді бұған тиіп неғыламыз деген жоқ. Қаңдай жаулығын қылса да әкемнің достарының арқасында жалғыздық көргенім жоқ.
Тұрағұл Абайұлы