Қазақстан мен шетелдегі Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын зерттейтін орталықтар мен институттар
Қазақстанда Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен рухани мұрасын зерттеуге бағытталған бірнеше ірі ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттар жұмыс істейді. Бұл ұйымдар республикалық жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер жанынан құрылған және Абай шығармаларын терең зерттеумен қатар, оқу-әдістемелік, мәдени-ағартушылық және халықаралық қызметтерді жүзеге асырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) — Абай ғылыми-зерттеу институты
2009 жылдан бері жұмыс істейтін институт Абай мұрасын ғылыми негізде зерттеп, танымал етуге және цифрландыруға бағытталған. Мұнда 50 томдық ғылыми жинақтар мен 10 томдық «Абайтану антологиясы» дайындалған. abai-inst.kz порталында Абай шығармалары, ғылыми мақалалар, бейне-дәрістер мен конференция материалдары қолжетімді. Сондай-ақ «Абай институтының хабаршысы» атты ғылыми журнал шығады. Институт отандық және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, ғылыми конференциялар өткізіп, Абай мұрасын әлемге танытуда маңызды рөл атқаруда.
Абай институты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан 2009 жылы 24 наурызда ашылды. Институт директоры болып Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебайұлы Дәдебаев тағайындалды.
Абай институты қызметінің негізгі пәні әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында іргелі және басым бағыттағы қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылады.
Институт мақсаты – зерттеу, оқыту, насихаттау жолымен білімді сақтау, жасау және тарату бағытындағы ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарды үйлестіру.
Л. Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті (Астана) — Abai Academy (Абай академиясы)
Abai Academy — рухани-ғылыми зерттеулерді дамытатын бөлім. Ол Абайдың «Толық адам» ілімі, поэтикалық мұрасы мен философиялық-эстетикалық идеяларын кешенді зерттеуге бағытталған. Ғалымдар тарихи-филологиялық, мәдени және педагогикалық бағыттар бойынша жобалар жүзеге асырады, шығармашылық оқулар мен семинарлар өткізеді. Халықаралық деңгейде Абай мұрасын насихаттау мақсатында Abai Center құрылып, шетелдік университеттермен мәдени-ағартушылық жобаларды үйлестіреді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 2019 жылғы 3 желтосқанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – Академия) құрылды.
Академияның негізгі мақсаты – еліміздегі абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтарын Академияның төңірегіне топтастыру, барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіру.
Академияның негізгі бағыты – Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларына сәйкес «Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры», «Абай – ұлттық болмыстың үлгісі», Абай – әлемдік мәдениет тұлғасы» бағыттары бойынша талдамалық, сауалнамалық зерттеулер жүргізу.
Академия директоры – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Мағазбекұлы Әубәкір.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті (ШҚУ) — Абайтану ғылыми-зерттеу институты
2020 жылы құрылған бұл институт өңірлік деңгейде Абай мұрасын терең зерттеуге бағытталған. Зерттеулер «Абай және әлемдік руханият», «Абай және толық адам ілімі», «Абайтану және білім беру» сияқты бағыттар бойынша жүргізіледі. 5–8 сыныптарға арналған «Абайтану» курсы әзірленіп, мектеп бағдарламасына енгізілген. Мұғалімдерге арналған арнайы оқу-әдістемелік құралдар мен біліктілік курстары ұйымдастырылады. Зерттеу материалдары vku.edu.kz порталында жарияланады.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 2020 жылдың 1 қыркүйегінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жанынан Басқарма төрағасы – ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлының бастамасымен «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды.
2020 жылы 9 желтоқсанда алғаш рет Жоғары оқу орындарының оқытушылары арасында «Абай шығармашылығын оқытудың үздік моделі» атты Республикалық кәсіби байқау ұйымдастырды. Жыл сайын мектеп оқушылары арасында «Абай оқулары» байқауын өткізеді. ШҚО және республиканың орта мектеп пен колледж мұғалімдеріне арналған «Абайтану пәнін оқыту» атты курстар өткізіп келеді.
Абайдың шығармашылық мұрасын жан-жақты насихаттау мен танымалдандыру мақсатында ғылыми монографиялар, ғылыми еңбектер мен жинақтар, оқу-әдістемелік құралдар даярлап, оны барлық білім алушылар мен көпшілік қауымға ұсыну жұмыстарын жүзеге асырып отыр.
«Абайтану» ғылыми-зерттеу институты 6 бағытта жұмыс істейді.
- «Абай және әлемдік руханият»,
- «Абай және ХХІ ғасырдағы ғылым-білім»,
- «Абайтану және оқыту мәселелері»,
- «Абай және Толық адам»,
- «Абай және парасат жолы»,
- «Ұлы Абайды ұлықтау».
Бүгінгі жастарға тағылым беруде жөн сілтер тәрбие жұмыстарын Абайдың «Толық адам» іліміне негіздеп, сол мақсатта «Дананың сөзі – ақылдың көзі», «Абайдың толық адам ілімін оқыту» атты оқу құралы, «Жаңа ғасырдағы Абайдың «Толық адам» тағылымы» атты монографияларын жариялады.
«Жидебай–Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі — Абай ғылыми-мәдени орталығы
Бұл орталық Абай мұрасын мәдени, әдеби және ғылыми тұрғыдан насихаттайды. Жыл сайын халықаралық конференциялар, әдеби кештер мен көрмелер өткізіледі. Ресми сайты жоқ, ақпараттар негізінен облыстық мәдениет басқармасы мен БАҚ арқылы таратылады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 2018 жылы құрылған «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеу мен насихаттауға бағытталған маңызды ғылыми құрылым.
Орталықтың негізгі бағыттары мен қызметтері:
-
Абайдың «Толық адам» ілімін насихаттау: Жастардың бойына гуманистік идеяларды дарыту, Абайдың толық адам концепциясын студенттерді тәрбиелеу ісінде пайдалану;
-
Ғылыми зерттеулер жүргізу: Студенттер, магистранттар мен докторанттарды әдебиеттану ғылымы бойынша зерттеу жүргізуге тарту арқылы болашақ ғылыми жұмыстарға икемдеу;
-
Ақтөбе өңірінің фольклорлық мұраларын зерттеу: Ақтөбе облысының фольклорлық мұраларын зерттеу және оларды ғылыми айналымға енгізу;
-
Оқу үдерісіне интеграция: Абайтану бойынша студенттерге ғылыми-танымдық курс жүргізу, облыстың мектептері мен колледждері мұғалімдеріне ақылы курс жүргізу;
-
Ұлттық руханиятты қолдау: Университет оқытушылары мен студенттер арасында ұлттық руханиятты қолдайтын және дамытатын топ құру;
-
Ғылыми әдістемелік көмек көрсету: Студенттердің Абайтануға және ұлттық руханиятқа арналған ғылыми зерттеулеріне бағыт, ғылыми әдістемелік көмек көрсету;
-
Ғылыми ынтымақтастық: Республиканың басқа өңірлеріндегі Абайтану орталықтарымен шығармашылық байланыстар орнату, ЕҰУ жанында ашылған Абай академиясының жұмыстарына қатысу;
-
Конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру: Абайтану және ұлттық руханиятқа қатысты республикалық, халықаралық конференциялар өткізу, ЖОО-дары арасында оқыту семинарларын ұйымдастыру;
Орталық жетекшісі - Абат Шамұлы Пангереев, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі.
Шәкәрім университеті (Семей) — «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығы
Университетте Абай шығармашылығы мен рухани мұрасын ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Конференциялар, ғылыми жобалар мен білім беру іс-шаралары тұрақты өткізіліп тұрады.
Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми- зерттеу орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты – Смағұлова Ақмарал.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) — Абай орталығы
ҚазҰПУ жанынан құрылған бұл орталық, сондай-ақ шетелдік серіктестік аясында Польша, Қытай, Вьетнам, Түркия және Ресейдегі жоғары оқу орындарында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Олар Абай шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттап, қазақ тілі мен мәдениетін танытуға бағытталған. Университетте ғылыми-зерттеу жобалары, халықаралық форумдар, Абай оқулары мен студенттік ғылыми шаралар жүйелі өткізіледі. Ақпараттар abaiuniversity.edu.kz сайтында қолжетімді.
Орталық классик ақынның есімін иеленген қазақтың жоғары оқу орындарының қара шаңырағында Абай Құнанбайұлының шығармашылығын танып-білуді жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында университет ректоры п.ғ.д., профессор С.Ж.Пірәлиевтің бастамасымен 01.09.2008 жылы құрылды.
Орталық қызметкерлерінің жалпы саны - 6, оның ішінде - 1 филология ғылымдарының докторы, профессор, 3 филология ғылымдарының кандидаты және 1 магистр жұмыс істейді. Орталықтың директоры - абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Шойынбет. Ол Абай қарасөздерінің жанрлық ерекшелігі туралы диссертация қорғаған. Орталықтың кеңесшісі - көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, абайтану іліміне аса зор еңбек еткен зерттеуші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Орталықтың 2 қызметкері: филология ғылымдарының кандидаты, доцент - М.Бекбосынов пен М.Әліпхан. Б.Бекбосынов Абай шығармаларындағы отаршылдыққа қарсы сарын, М.Әліпхан Абай мен Жүсіп Баласағұн арасындағы шығармашылық сабақтастық туралы диссертация қорғаған.
Орталық қызметінің негізгі мақсаты - Хакім Абайдың қазақтың даналығын бойына сіңіре отырып жазған шығармашылығын жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі енгізу әрі ақын мұрасын оқырман көпшілікке насихаттау.
Көзделген мақсатқа жету үшін Орталық мынадай іс-шараларды жүзеге асыруда:
- Университеттің барлық факультет студенттеріне жаңадан «Абайтану» пәнін енгізіп, тың танымдағы мазмұнда дәріс өту және шәкірттерге ғылыми көмек беру;
- Жоғары оқу орындарына арналған жаңа мазмұндағы «Абайтану» пәнінің типтік бағдарламасы мен оқулығы жазылды;
- Мектептің 5-9 сыныптарында өтілетін «Абайтану» пәні бойынша оқулық-хрестоматия дайындалды;
- Абайтану тарихында өзіндік орны бар әрі сирек кездесетін еңбектер ғылыми сараланып, оқырмандарға ұсынылуда;
- Хакім Абай данышпандығының тың мән-мазмұнымен таныстыратын зерттеу жұмыстары жазылып, жариялануда;
- Ақынның өлеңдерін, қарасөздерін, әндерін насихаттау үшін студенттердің Республикалық «Абай әлемі» конкурсын өткізіп отыру;
- «Абай мектебі» пікір-сайыс тобын ұйымдастырып, оны жүйелі жүргізіп отыру;
Шетелдегі Абай орталықтары
-
Қытай, Іле педагогикалық университеті (2011 ж.) — қазақ тілін оқыту, Абай шығармаларын зерттеу, қазақ мәдениетін насихаттау.
-
Вьетнам, Ханой және Хошимин ұлттық педагогикалық университеттері (2013 ж.) — Абай мұрасын зерттеу, қазақ тілін үйрету, мәдени іс-шаралар өткізу.
-
Түркия, Эрзинджан университеті (2013 ж.) — қазақ тілін оқыту және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру.
-
Ресей, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеті (2019 ж.) — Абай шығармаларын талдау, қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеу.
-
Польша, Померания академиясы (2019 ж.) — қазақ әдебиеті мен мәдениетін дәріптеу.
Абай орталықтарының негізгі қызметтері
-
Ғылыми зерттеулер: Абайдың философиялық, әдеби мұрасын жан-жақты зерттеу.
-
Қазақ тілін оқыту: Шетелдік аудиторияға қазақ тілін үйрету.
-
Мәдени-ағартушылық: Көрмелер, әдеби кештер, конференциялар өткізу арқылы қазақ мәдениетін насихаттау.
-
Халықаралық ынтымақтастық: Ғылыми жобалар мен форумдарға қатысу, серіктестік орнату.