Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті — Абай орталығы
ҚазҰПУ жанынан құрылған бұл орталық, сондай-ақ шетелдік серіктестік аясында Польша, Қытай, Вьетнам, Түркия және Ресейдегі жоғары оқу орындарында Абай атындағы ғылыми-мәдени орталықтар жұмыс істейді. Олар Абай шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттап, қазақ тілі мен мәдениетін танытуға бағытталған. Университетте ғылыми-зерттеу жобалары, халықаралық форумдар, Абай оқулары мен студенттік ғылыми шаралар жүйелі өткізіледі. Ақпараттар abaiuniversity.edu.kz сайтында қолжетімді.
Орталық классик ақынның есімін иеленген қазақтың жоғары оқу орындарының қара шаңырағында Абай Құнанбайұлының шығармашылығын танып-білуді жаңа сапалық деңгейге көтеру мақсатында университет ректоры п.ғ.д., профессор С.Ж.Пірәлиевтің бастамасымен 01.09.2008 жылы құрылды.
Орталық қызметкерлерінің жалпы саны - 6, оның ішінде - 1 филология ғылымдарының докторы, профессор, 3 филология ғылымдарының кандидаты және 1 магистр жұмыс істейді. Орталықтың директоры - абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Шойынбет. Ол Абай қарасөздерінің жанрлық ерекшелігі туралы диссертация қорғаған. Орталықтың кеңесшісі - көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, абайтану іліміне аса зор еңбек еткен зерттеуші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Орталықтың 2 қызметкері: филология ғылымдарының кандидаты, доцент - М.Бекбосынов пен М.Әліпхан. Б.Бекбосынов Абай шығармаларындағы отаршылдыққа қарсы сарын, М.Әліпхан Абай мен Жүсіп Баласағұн арасындағы шығармашылық сабақтастық туралы диссертация қорғаған.
Орталық қызметінің негізгі мақсаты - Хакім Абайдың қазақтың даналығын бойына сіңіре отырып жазған шығармашылығын жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі енгізу әрі ақын мұрасын оқырман көпшілікке насихаттау.
Көзделген мақсатқа жету үшін Орталық мынадай іс-шараларды жүзеге асыруда:
- Университеттің барлық факультет студенттеріне жаңадан «Абайтану» пәнін енгізіп, тың танымдағы мазмұнда дәріс өту және шәкірттерге ғылыми көмек беру;
- Жоғары оқу орындарына арналған жаңа мазмұндағы «Абайтану» пәнінің типтік бағдарламасы мен оқулығы жазылды;
- Мектептің 5-9 сыныптарында өтілетін «Абайтану» пәні бойынша оқулық-хрестоматия дайындалды;
- Абайтану тарихында өзіндік орны бар әрі сирек кездесетін еңбектер ғылыми сараланып, оқырмандарға ұсынылуда;
- Хакім Абай данышпандығының тың мән-мазмұнымен таныстыратын зерттеу жұмыстары жазылып, жариялануда;
- Ақынның өлеңдерін, қарасөздерін, әндерін насихаттау үшін студенттердің Республикалық «Абай әлемі» конкурсын өткізіп отыру;
- «Абай мектебі» пікір-сайыс тобын ұйымдастырып, оны жүйелі жүргізіп отыру;