Image

Зәки Ахметов

Өмірбаян

Зәки Ахметов (1928-2002) – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиеттанушы ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1928 жылы 4 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар болып өсіп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. 1951 жылы М. Лермонтов пен Абай шығармашылығын салыстыра зерттеген дипломдық жұмысын қорғап, ғылым жолына бет бұрды. 1965 жылы “Қазақтың өлең құрылысы” тақырыбында докторлық диссертация қорғады, ал 1966 жылы профессор атағын алды. Әдебиеттанушы ұзақ жылдар бойы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет етіп, кейін Қазақстан Ғылым академиясында академик-хатшы, вице-президент міндеттерін ақарды. Зәки Ахметов – қазақ әдебиетінің теориясы мен поэтикасын терең зерттеген ірі ғалым. Оның “Қазақ өлең құрылысы”, “Қазақ поэзиясының тілі туралы”, “Өлең сөздің теориясы”, “Әдебиеттану терминдерінің сөздігі” сынды еңбектері – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған теориялық туындылар. Әсіресе, поэтикалық құрылым, ұйқас, ырғақ, өлеңнің синтаксисі мен мағынасы, образ жасау тәсілдері туралы тұжырымдары әдебиет теориясында ерекше орын алады. Абайтану ғылымына Зәки Ахметов өлшеусіз үлес қосты. Ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясы – ақын шығармашылығын жан-жақты, терең талдаған теориялық еңбек. Бұл еңбекте ол Абайдың тіл шеберлігі, бейнелеу құралдары, көркемдік әлемі мен философиялық ойларын жүйелі түрде саралап көрсетті. Абай поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, сөз өнеріндегі стилистикалық ерекшеліктер мен ақынның көркемдік-эстетикалық ұстанымдары ғылыми негізде ашылып көрсетілді. Ахметов Абайдың орыс әдебиетімен байланысын, әсіресе Лермонтовпен шығармашылық үндестігін арнайы зерттеп, олардың поэтикалық дәстүрін салыстырмалы түрде талдады.

Зәки Ахметов тек абайтанушы ғана емес, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына да терең талдау жасаған ғалым. Ол Әуезовтің Абай бейнесін жасау барысында қолданған әдеби тәсілдерін, стильдік әдіс-амалдарын, көркемдік құралдарын ашып, эпопеяның әдебиеттегі шоқтығы биік туынды екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда, академик қазақ әдебиетінің жалпы теориялық дамуына, абайтану ғылымының кемелденуіне ғана емес, жас әдебиетшілерді тәрбиелеуге де зор үлес қосты. Оған жетекшілігімен қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар дәлел. 

Кітаптар
Таңдамалы шығармалары