Жүсіпбек Қорғасбек – жазушы-сыншы. 1961 жылы 6 ақпанда Алматы облысының Әулиеағаш ауылында туған. 1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Журналистік қызметті республикалық «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастаған. «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысып, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінің бас редакторы, балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры болды. 1985 жылы «Жалын» баспасынан «Көгілдір керуен» атты әңгімелер жинағы, 1995 жылы «Жансебіл» атты повестер мен әңгімелер топтамасы, т.б. кітаптары жарық көрді. «Жансебіл» кітабының негізінде түсірілген осы аттас көркемфильм киносценарийінің авторы. 2001 жылғы «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1998). «Құрмет» орденінің иегері (2019). Әдеби-мәдени тақырыптарға жазған шолуларында Абайдың ой-өрісін, моральдық принциптерін бүгінгі рухани өмірмен байланыстыра көрсеткен. Абай туралы «Абай – біз үшін тірі ұстаз», «Қазақтың коды – Абайда», басқа да мақалалары бар.