Ақжол Қалшабек – филология ғылымдарының кандидаты. 1965 жылы 30 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жоғарғы Сырлы деген малшы қыстағында дүниеге келген. 1992 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркем сурет графика факультетін, 1998 жылы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылы Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми жетекшілігімен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде «Асқар Сүлейменов шығармашылығындағы көркемдік ізденістер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Осы уақытқа дейін 30-дан астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Оның ішінде: «Елдік сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс», «Асқар феномені», «Ел, иман һәм жеке тұлға (фәрд), «Профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми орбитасындағы бес тарап», «Мархабат мәнзелдес мақамдар» атты мақалаларын атап кету керек. «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты оқулығы да жарық көрді. Оқулықта қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері мен әдебиет теориясының негіздері жаңа заман талабы тұрғысынан сараланады. “Китаб тасдиқ” атты мақалада Абай дәстүрлі ислам білімін және батыстың ғылыми жаңалықтарын үйлестіре қарағаны, жаңа білім реформасының қажеттілігін алғаш көтергені талданады.