Ықылас Ожайұлы — ақын, абайтанушы. 1981 жылы Моңғол Халық Республикасының Баян - Өлгей аймағында дүниеге келді. 1993 жылы тарихи Отанына қоныс аударып, 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының «Көгедай» орта мектебін, 1999-2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітірді.
Республикалық «Жас Алаш», «Нұр Астана» газеттерінде тілші, республикалық «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған.
Ақынның 200-ге тарта танымдық, діни, ғылыми-сараптамалық мақалалар мен психологиялық этюдтары бар. «Адырна» жыр жинағының, 1918 жылғы «Абай» журналына арналған «Алаш көсемсөзі» сериясының сегізінші томының шығарушысы. «Абайға қатысты алты сөз», «Абайды тани алдық па?» сынды Абай Құнанбайұлының болмысын, шығармашылығын талдауға қатысты зерттеу мақалалары жарық көрген.