Ыдырыс Мұстамбайұлы (1898-1937) – әдебиет сыншысы, публицист, қоғам қайраткері. 1898 жылы Семейде дүниеге келген. 1918-1919 жылдары Семейдегі гимназияның 6 класын бітіріп, 1920 жылы ақпанда БК/б/П мүшелігіне қабылданып, Зайсан уезіне қызметке жіберіледі. Уездік АК қазақ бөлімінің меңгерушісі, уездік ревком мен уездік партия бюросына мүше, Оралда және Семейде губ. прокурор, 1922 жылы Орал губерниясының прокуроры болып қызмет атқарды. Ол сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жұмыстармен қатар көркем әдебиет, әдеби-сын мәселесіне де араласып, құнды пікірін батыл түрде ортаға салған қазақ әдебиетінің жанашыры. Әдебиет сыншысының Абай мұраларын қорғап қалуға қосқан үлесі, еңбегі ерекше. Ыдырыс Мұстамбайұлы 20-жылдары өрістеген қазақ әдеби сынына белсене араласып, терең де мазмұнды «Ұлы ақын – Абай», «Көркем әдебиет туралы», «Біздің таластарымыз», «Сын мен баспасөз туралы», «Ақын Абай және пәлсапашыл Илияс туралы», «Абай», «Философия казахского поэта Абая и его критика» және тағы да басқа көлемді мақалаларын қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Жаңа әдебиет», «Қызыл Қазақстан» журналдарында жариялады. Ол терең мағыналы, шырайлы бай тілмен дәйекті жазылған, қазақ сын-әдебиетінің мол мұрасына айналған еңбектері арқылы ұлы Абай мұрасын жоққа шығарушыларға қарсы тойтарыс берді. Абай мұраларын орынсыз, жаңсақ пікірден қорғаудың арты саяси қуғынға, «өңі жасырылған маркстік сын және ұлтшыл ақын Абай шығармаларын, Абай философиясын баспасөз бетінде насихаттады» деген айыптауға ұласты.