Тұрсынбек Кәкішев (1927-2015) – әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). 1927 жылы Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды аяқтап, 1960 жылы Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген. Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, Қазақ КСР ҒА-ның М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, филологияның сырттай (1978–1985), күндізгі факультеттерінің деканы, филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі, профессоры болған. Абайды бір пайызы ғана көрініп, тоқсан тоғыз пайызы тылсым дүние болып қала беретін ақындық өнердің Айсбергіне теңеген Тұрсынбек Кәкішевтің абайтану ғылымының адымдауына қосқан үлесі зор. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының 2017 жылғы «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» басылымында Тұрсынбек Кәкішевтің «Асылдың сынығы» деген тарауы бар. Әдебиет зерттеушісі бұл еңбегінде Абай өрнектерін эстетикалық тұрғыда көркем бағалады. Аталған зерттеу еңбектерінен бөлек Абай мұрасы туралы библиографияны жинақтап, «Абайтану антологиясы» мен «Тағы да таңдамалы еңбектер» сияқты көптомдық басылымдар жинағына белсенді қатысқан.