Тұрсын Жұртбай – жазушы, филолог, абайтанушы, алаштанушы. 1951 жылы Абай облысы Абай ауданында туған. «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, М. Әуезов мұражайында, ҚазҰУ-да қызмет еткен. Қытай Халық Республикасының Орталық мемлекеттік Ұлттар университетінде (Пекин) қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы, бүгінгі қазақ әдебиеті, абайтану, әуезовтану пәндері бойынша дәріс берді. «Бейуақ» монографиясының негізінде кандидаттық (1992), «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы негізінде докторлық (2000) диссертация қорғаған. Сонымен қатар, жазушы-ғалым 30-дан аса кітаптар мен ғылыми монография, сондай-ақ 700-ден аса ғылыми мақалалар мен басылымдардың авторы. Тұрсын Жұртбайдың елеулі еңбегі - «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі» атты монографиясы. Бұдан бөлек, зерттеуші-ғалымның жетекшілігімен «М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М. Әуезов туралы естеліктер», «М. Әуезов әлемі», «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми текстологиялық салыстырудан өткен басылымы, М. Әуезов шығармаларының елу томдық жинағының 1-7 томы (1997-1998), М. Әуезовтің «Ескермедім, қабылдамадым...» (1998) атты ашық хаттар жинағы, «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды. «Толық адам» кітабында автор Абайдың шығармашылық өмірі, көркем әлемі, дүниетанымы мен психологиясы жайлы ұзақ жылдар бойы зерттелген тұжырымдарын жинақтаған. Тұрсын Жұртбай – «Замандасым, сырласым», «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер», «Бесқарагер», «Дара тұлға», «Жер - бесік», «Болашақтың бәйтерегі» атты көркем шығармалардың авторы. Бұл туындылар қаламгердің өзіне ғана тән жазу мәнері мен философиялық-лирикалық сипатының көрінісі. Сонымен қатар «Бейуақ, «Дулыға» (1-2 кітап, 1994), «Кетбұға», «Бесігіңді түзе! », «Талқы», «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрік, орыс тілдерінде, Анкара, 1997), «Күйесің, жүрек. .. сүйесің! », «Бесігіңді аяла! », атты деректі ғылыми-зерттеу кітаптары бар.