Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) – жазушы-аудармашы, кинодраматург. 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. 1979 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ды тәмәмдаған. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының қазақ тілі оқытушысы, әдеби редакторы, фольклор кабинетінің меңгерушісі, халықаралық «Zaman - Қазақстан» газетінің орысша бөлімінің редакторы, «Жұлдыз» әдеби журналы, сын бөлімінің редакторы, Ұлттық кітапхана жанындағы «Рух-Мирас» мәдениеттанушылық альманағының бас редакторы болып және «Алтын Орда», «Алматы Ақшамы» газеттерімен, «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесе жұмыс істеген. Таласбек Әсемқұлов «Абайдың ұлы жұмбағы» атты мақаласында жаңа «темір ғасырдың» қасіреті мен қайғысын ойша кешкен Абайдың «Сен мені не етесің? » өлеңін жан-жақты талдайды. Жазушы көзі тірісінде жазған жалғыз кітабы «Талтүс» романы үшін «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» әдеби бәйгесінің лауреаты атанды. Кейіннен роман БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылды. Байжігіт, Тәттімбет, Қасабай, Ақай қажы сынды күйшілердің жолын қуған, шертпе күй мектебінің ізін жалғаған Таласбектің 8 авторлық күйі бар: «Аққозым», «Азапкер», «Тәттімбет сері», «Қара өткел», «Кемеңгер», «Жеңеше», «Еңлік», «Әбікенді жұбату».