Шерубай Құрманбайұлы – филология ғылымдарының докторы (1999), профессор (2001), ҚР ҰҒА академигі (2020). 1964 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Шалкөде ауылында туған. 1986 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы үздік бітіріп шықты. Білім ордасында қазақ тіл білімінің корифейлеріне айналған тұлғалардан, ұлағатты ғалым-ұстаздардан дәріс алды. 1994 жылы «түркі тілдері» мамандығы бойынша «Өсімдік мүшелері мен олардың құрылым-құрылысына қатысты терминдер» деген тақырыпта кандидаттық, 1999 жылы «қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазақ лексикасының терминденуі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 2013 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. АҚШ (Нью-Йорк), Германия (Гиссен, Майндағы Франкфурт, Гамбург, Мюнхен), Қытай (Бейжің), Әзірбайжан (Баку), Түркия (Анкара), Өзбекстан (Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Бұқара), Ресей (Қазан), Қырғызстан (Бішкек) елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдарда баяндама жасаған. 1998-2014 жылдары ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, 2011-2013 жылдары ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының хатшысы, 2002 жылдан ҚР Үкіметі жанындағы Мемтерминком органы «Терминологиялық хабаршы» журналының бас редакторы болды. 2020 жылы «Сардар» баспа үйінде басылған «Абай тілінің ерекшеліктері» атты іргелі еңбегін оқырманға ұсынды. Шерубай Құрманбайұлы 350-ден астам еңбектің, соның ішінде 40-қа жуық кітаптың, 10 ғылыми монографияның авторы.