Серік Негимов - филология ғылымдарының докторы, профессор. 1948 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Шапай ауылында дүниеге келген. Ол – ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" əдеби сыйлығының лауреаты, Ақмола облысы Ерейментау ауданының құрметті азаматы. 1972 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды тәмәмдаған. Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінде, Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, ҚазҰУ-да, ЕҰУ-да, академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде профессор қызметін атқарған. 400-ден астам ғылыми жарияланымның авторы Серік Негимов «Ақын-жыраулық поэзиясының бейнелілік-көркемдік жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Серік Негимов – «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы» кітабының авторы. Кітапта Абайдың көркемдік, пәлсапалық шығармашылығы, ғылыми дүниетанымы тарихи-филологиялық тұрғыдан сараланып, зерделенген. Сондай-ақ «Өлең өмірі», «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі», «Өнерпаздық өрнектері», «Шешендік өнер», «Ақын-жыраулар поэзиясы: Генезис. Стилистика. Поэтика», «Мәлік Ғабдуллин», «Қазақтың сал-серілері», «Әдебиет әлемі», «Қазақ өлеңдерінің көркемдігі» сынды көлемді зерттеулер жазды. “Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты», «Жамбыл Жабаев творчествосы» тәрізді ұжымдық ғылыми жұмыстар жазуға қатысқан, 12 томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясының», 4 томдық «Қазақ ССР Қысқаша энциклопедиясының», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Шәкәрім» энциклопедияларына жүздеген танымдық мақалалар жазған.