Сейіт Қасқабасов (1940-2025) – әдебиеттанушы-фольклортанушы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1992). 1940 жылы 24 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. 1964 жылы қазіргі Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетін үздік тәмамдаған. 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының аспирантурасын бітірген. 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған. Сейіт Қасқабасовтың «Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті» кітабында Абайға дейінгі, Абай өмір сүрген дәуірдің және Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті мен фольклоры жайлы әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мақалалары, толғамдары мен тұжырымдары қамтылған. «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі» атты мақаласы бар. 300-ден аса зерттеу жұмысын жазған Сейіт Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) атты монография, зерттеу кітаптары бар.