Сағынғали Сейітов (1917-2007) – ақын, сыншы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты (1961). 1917 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы, Қурылсай ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1947 жылы қазіргі Абай атындағы ұлттық педогогикалық университетін тәмәмдап, әскер қатарында болып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазақстан Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында, Әдебиет және өнер институтында қызмет еткен. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры болған. «ХХ ғасыр 60-90 жылдар әдебиеттану ғылымы: С. Сейітов зерттеулері» атты еңбекте 1940 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Сейітовтің «Абай – еңбек жыршысы» деген мақаласы жарық көргені жазылған. 40-тан астам кітаптың авторы. «Қырық жылда», «Ақын сапары», «Өмір өрнектері», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған» атаулы әдеби-зерттеулер жазды.