Image

Әрхам Ысқақов

Өмірбаян

Әрхам Ысқақов (1885-1963) – Абай мұражайының негізін салушылардың бірі, оның алғашқы ғылыми қызметкері. Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов 1885 жылы Шыңғыстау өңірінде, Ақшоқы қыстауында дүниеге келген. Әрхамның атасы Ысқақ - ұлы Абайдың туған інісі, әкесі Кәкітай – Абайдың тұңғыш жинағын шығарушы, ақынның ең алғашқы өмірбаянын жазып, қазақтың әдебиеттану іліміне өшпес із қалдырған. Осындай ғажайып ақындық ортада өмірге келген Әрхам Кәкітайұлының өзі де соңына мол мұра қалдырды.

Атасы Ысқақ Абайдың ұйғаруымен және халықтың қалауымен үш рет, 9 жыл қатарынан болыс болып, ел билеп, халқына сыйлы болған. Одан кейін өз шаруашылығымен айналысып, дүниеден ерте кеткен ағасы Құдайбердінің бала-шағасын жеткізуге, олардың шаруашылықтарын дөңгелетуге үлкен еңбек сіңірген.

Әрхам Абайды көріп, жақын білетін қариялардың бірі және Абайға жақын туыс. Соңғы 25 жыл ішінде Абайдың өмірі, шығармалары жөнінде аса құнды деректерді, материалдарды ұқыпты түрде жинап, ғылым академиясына, жазушылар одағына, музейлерге, газет-журнал редакцияларына үнемі тапсырып келген болатын. Әрхам жинаған материалдардың бірталайын Абайды зерттеушілер, ақынның шығармалар жинағын баспаға дайындаушылар молынан пайдаланып келеді. Ол әсіресе Абайдың туғанына 100 жыл толуы мерекесінің түсында шыққан еңбектерден толық байқалады. Абайдың әдеби музейін түрлі заттық экспонаттармен және өмірбаяндық деректермен толықтыруда да Әрхамның еңбегі үлкен. Міне сол Әрхам Абайдың өмірбаяны, ата-тегі, замандастары туралы өзінің көптен тексеріп жинап жүрген материалдарын бір ізге салып жеке кітапша етіп жазып шыққан.

Бұл күнге дейін Абайдың өмірбаянын біздің белгілі жазушы Мұхтар Әуезов жолдас жазып келген болатын. Әрхам Мұхтар жазған өмірбаянды оқып пайдалана отырып оған факты ретінде толып жатқан қосымшалар айтады Әлбетте Архамның бұл еңбегі ғылыми жүйеге түскен өмірбаян емес, Абайдың өмірін жан-жақты түсінуге қажетті аса құнды қосымша материалдар. Бұл әсіресе Абайды зерттеушілерге, Абайдың жеке өлең сөздерін тексерушілерге, жалпы әдебиетші, оқушылар жұртшылығына қызықты бағалы еңбек болады.

Жарияланымдар
Кітаптар
Абай мен Зағифа