Рақымжан Тұрысбек – филология ғылымдарының докторы, профессор. 1958 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Аққұм ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқуын 1980 жылы аяқтап, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында ғылыми қызметкер, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1993-1994 жылдары (бұрынғы ҚазМҰУ) қазіргі ҚазҰУ-да оқу ісін ұйымдастырушы, деканның орынбасары, Қазақ әдебиеті кафедрасында профессор қызметін атқарды. 1999 жылы «Жүсіпбек Аймауытұлы және 20 жылдардағы қазақ прозасы» атты докторлық диссертация қорғады. Диссертацияда Жүсіпбек Аймауытұлының әдебиет әлеміндегі құндылықты сыни тұрғыда талдағанын, соның ішінде Абай еңбектеріне қатысты ақындық тағылымды терең тоқталғанын жазған. Автор Жүсіпбектің сыншыл сипатын ашу үшін – Абай әлеміне еркін еніп, өмір шындығын байыпты саралауына айрықша мән берді. Профессор Рақымжан Тұрысбектің ғылыми еңбегі Жүсіпбек шығармашылығында Абайдан кейінгі ақындардың артық-кем тұстары жүйелегенін, талант табиғаты мен тағылымына мән бергенінен жан-жақты зерттеген. Жүсіпбектің «Абайдың ақындық әлемі», «Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» сынды бірнеше еңбегін негізге ала отырып, талдады.