Рахманқұл Бердібаев (1927-2012) – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі. 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Көкіш ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін ауыл мектебінде алып, кейін Түркістан педагогикалық училищесінде оқыған. Бұдан соң Қызылорда педагогикалық институты мен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдады. 1953–1954 жылдары осы университетте аспирантурада білім алды. Еңбек жолын мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, кейіннен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер ретінде жалғастырды. Ғылыми-зерттеу, ұстаздық және публицистикалық қызметтерді қатар алып жүріп, әдебиет тарихы, фольклор және абайтану бағытында қомақты мұра қалдырды.
Ол Абайдың шығыс әдебиетімен байланысы, халықтық мұрамен сабақтастығы, ақынның рухани негіздері жөнінде терең ғылыми тұжырымдар жасады. «Абай және ауыз әдебиеті» атты зерттеуінде ақын поэмаларындағы халықтық эпос, ертегі, аңыз желілерін талдай отырып, Абайдың көркемдік дәстүрлерді жаңғыртып, оларды жаңа сапаға көтергенін көрсетті. Сонымен қатар, «Науаи мен Абай» мақаласында Абай мен шығыс шайырлары арасындағы идеялық-эстетикалық үндестікті терең саралап, Абайдың шығыс мәдениетін шығармашылықпен игергенін ғылыми негіздеді. Рахманқұл Бердібай өзінің фольклортанушылық білімін Абайтануға шебер қолдана отырып, ақын шығармашылығындағы ұлттық поэтикалық дүниетанымның негіздерін анықтады. Ол Абайдың мұрасын талдауда тек әдеби мазмұнмен шектелмей, тарихи, философиялық, танымдық астарларын қоса ашып көрсеткен зерттеуші ретінде танылды. Ғалым Абайды танып-білуге негіз болған Мұхтар Әуезов еңбектеріне де терең мән берді. Оның «Мұхтар шыңы» атты зерттеуінде «Абай жолы» эпопеясының фольклорлық, тарихи, эстетикалық негіздерін талдап, Абай бейнесінің типтік, рухани мәнін ашуға күш салды. Бұл еңбекте ол Әуезовтің Абайды ұлттың рухани көсемі деңгейінде суреттеуін ғылыми тұрғыдан негіздеп, эпопеяның көркемдік құрылымы мен деректік желісін зерделеді.