Image

Нәзипа Құлжанова

Өмірбаян

Нәзипа Құлжанова (1887-1934) – ағартушы-педагог, журналист, аудармашы. 1887 жылы 27 шілдеде Торғай облысында дүниеге келген. Алғашында Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясында, кейін Торғайдағы мұғалімдер даярлайтын училищеде білім алған. Қазақ қыздары арасынан алғашқылардың бірі болып ағартушылық, білім беру, мәдениет саласында қызмет еткен. Оның Абайтануға қосқан ең ірі үлесі – 1914 жылы Семей қаласында Абайдың шығармашылығына арналған алғашқы әдеби-музыкалық кешті ұйымдастыруы болды. Бұл кеш – қазақ тарихында Абай шығармашылығына арналған тұңғыш көпшілік мәдени іс-шара еді. Ағартушы осы кеште «Қазақ ақыны Ибраһим (Абай) Құнанбаев және оның поэзиясы» атты көлемді баяндама жасап, Абайдың ақындығы, ойшылдығы, қазақ әдебиетіндегі орны туралы терең пікір айтты.  Сол жылы, яғни 1914 жылы Нәзипа Құлжанова Абайдың бірнеше өлеңін орыс тіліне аударып, оларды «Студент Сибири» журналында жариялады. Бұл Абай шығармаларын алғаш рет орыс оқырмандарына таныстыру жолындағы маңызды бастама болды. Ол «Желсіз түнде жарық ай», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» және тағы басқа лирикалық өлеңдерін аударды. Нәзипа Құлжанова Абай туралы мақалаларын «Айқап», «Қазақ» және басқа да басылымдарда жариялап отырды. Ғалым Абайдың поэзиясын ұлттық сана мен рухани тәрбие құралы ретінде насихаттады. 1914 жылы ұйымдастырылған әдеби кештен түскен қаржы жас қазақ шәкірттерінің білім алуына жұмсалды. Бұл да оның ағартушылық, ұлтқа қызмет ету жолындағы ірі әрекетінің бір дәлелі еді. 

Жарияланымдар
Кітаптар