Нұртөре Жүсіп – ҚР Парламенті Сенатының депутаты. 1961 жылы 29 сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Керделі ауылдық кеңшарында дүниеге келген. 1984 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Кәсіби жолын 1984 жылы «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») облыстық газетінде тілші болып бастаған. Кейіннен «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ақ жол, Қазақстан», «Астана хабары», «Айқын» секілді еліміздің жетекші басылымдарын басқарған.
1999 жылдан бері – ҚР Журналистер академиясының академигі.
2019 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
Журналистика саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан қаламгер Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың (1995), Президенттік БАҚ саласындағы сыйлықтың (1998), «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының (2000)иегері.
Мемлекеттік «Құрмет» орденімен (2009), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
«Біз кімнен кембіз?» (2001), «Қазақтың қызы» (2004), «Елес пен белес» (2006) атты публицистикалық жинақтардың және 500-ге жуық көсемсөз, сыни-талдамалық мақалалардың авторы.