Әнуар Тарақов – ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 1956 жылы 23 сәуірде Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шалкөде ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітіргеннен кейін 1980-1990 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, 1990-1992 жылдары «Парасат» журналында, 1992-2000 жылдары «Алматы ақшамы» газетінде қызмет істеген. 2002 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті, әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедрасының дәріс беруші профессоры. 1998 жылы «Өлең-толғаулар және тарихи жыр-дастандардағы Абылай хан тұлғасы» атты тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғаған. 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты болған. Қазір ғылыми, педагогикалық жұмыспен шұғылданады.
Әнуар Тарақовтың қазақ әдебиеті, әдебиеттану, фольклор, әдебиет сыны, аударма, журналистика, өнер мәселелеріне қатысты 200-ден астам зерттеу мақалалары бар. Публицистикалық және көркем аудармамен айналысады. «Әлем әдебиеті және көркем аударма» пәні бойынша типтік бағдарламаның авторы. «Абай институтының хабаршысы» журналының редалқа мүшесі. Өлеңдері «Баспалдақтар», «Атамекен» деген ұжымдық жинақтарға енген. Бірнеше әндерге сөз жазған. Ә. Тарақовтың «Аударма теориясы» «Ауызша аударма», «Аудармашының кәсіби қызметінің негіздері», «Кемеңгерлік кереметіндегі көркемдік», «Әлем әдебиеті және көркем аударма», «Абайдың аудармашылық таланты» кітаптары жарық көрген.