Мұрат Сұлтанбеков – әдебиет зерттеушісі. 1938 жылы 28 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келді. 1971 жылы «Абайдың поэмалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан ғалым өзі оқыған пединститутта аға мұғалім, доцент, Талдықорғанның педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет етті. Зерттеушінің абайтану іліміне қосқан елеулі үлесі деп ақынның 10 өлеңін, 45 қарасөзін, Тұрағұлдың «Әкем туралы» естелігін аударғанын айтуға болады. Бұдан бөлек, Шәкәрімнің екі бірдей поэмасын «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» поэмаларын, Ғ. Мүсіреповтің «Жалбыр» пьесасын орыс тіліне шебер аударды. 2007 жылы М. Рақымжанұлының «Поэтическое вдохновение: Абай, Шакарим и Мұхтар» атты кітабы шықты. Онда автордың мақалалары, эссе, өлеңдері және поэмалары жинақталған. М. Сұлтанбеков аудармашылықпен қоса, драматургия саласында жемісті еңбек етті. Замандастары, махаббат пен туған жер табиғатына арналған «Новые стихи», «Иртышский остров», көп актілі «Аттила» атты тарихи пьеса жазды. Мерзімді баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде «Ақылбайдың поэтикалық мұраларынан» («Иртыш», 1965, 15 тамыз), «Азамат, ақын, ойшыл» («Иртыш», 1966, 10 тамыз), «М. Әуезов Абай поэмалары жайында» («Семей таңы», 1968, 16 желтоқсан), «Абайдың балалары және әдеби мұралары» («Иртыш», 1970, 9 қыркүйек), т.б. мақалалар жариялады.