Мұхтар Әуезов (1897-1961) — жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик. 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Абай облысы, Абай ауданындағы (бұрынғы Семей уезінің) Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез Абаймен араласқан, оның ортасын, дәуірін, ой-өрісін терең білген адамдар болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына жақын болуы, кейін оның ғұмырлық тақырыбына айналуына үлкен әсер етті. Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығына қатысты зерттеу жұмысын өте ерте бастады. 1918 жылы, бар болғаны 21 жасында «Абай» атты тұңғыш мақаласын жазды. Кейін бұл бағыт оның бүкіл өмірін арнаған ғылыми-көркемдік миссиясына айналды. 1933 жылы Абай шығармаларының бірінші ғылыми жинағын құрастырып, текстологиялық жұмыс жүргізді. Бұл — Абайды жүйелі түрде зерттеудің, абайтану ғылымының бастамасы болды. Мұхтар Әуезов Абайдың поэзиясын, қара сөздерін, өмірбаянын, философиясын, дүниетанымын, заманы мен ортасын түгел қамтыған ғалым. Ол Абайдың шәкірттері мен замандастарының естеліктерін жинап, ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы деректердің ғылыми негізін қалады. Заңғар жазушының Абай жөніндегі зерттеулері осы ғылым саласының мызғымас негізі. Абай шығармаларының 1933 жылғы жинағын баспаға дайындау барысында Мұхтар Әуезов ақынның жас көзінде шығарған, ел арасында ауызша айтылып жүрген бір топ елендерін жазып алып, сол жинаққа енгізді, «Әзім» поэмасы да алғаш осы жинақта жарық көрді. Мұхтар Әуезов осы кезден бастап 1957 жылға дейін ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда орасан зор еңбек етті. Бұл басылымдар ақынның 1909 жылғы жинағы мен Мұрсейіттің бірнеше қолжазбасы және басқа кейбір белгілі жазбалар негізінде жүзеге асырылды. Әсіресе 1957 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрген, Әуезовтін басшылығымен және тікелей қатынасуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының абайтану ғылымындағы елеулі табыс болғанын атап айту қажет. Өйткені осы 1957 жылғы жинаққа Мұхтар Әуезов жай әншөйін сыртта жүріп редактор бола салған жоқ, текстологиялық жүмыстың барысында қолжазбалар мен бұрынғы басылымдар салыстырылып тексерілгенде, алты ай бойы үзбей басы-қасында болды. Мұхтар Әуезов Академияға, өзі қызмет істейтін сол кездегі Тіл және әдебиет институтына бейсенбі сайын таңертеңгі 9-да келіп, түске дейін болып жүрді. Абайдың 1957 ж. басылған екі томдық толық жинағының ерекше құндылығы Мұхтар Әуезовтің текстологиялық жүмыстарға тікелей қатынасуының, ерінбей-жалықпай басшылық етуінің нәтижесі. Мұхтар Әуезовтің айрықша бағалы еңбегі ол ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазып шықты және оны бірнеше рет ендеп, толықтырды. Ұзақ уақыт Қазақ мемлекеттік университетінде абайтану пәні бойынша оқыған дәрістерін жинақтап, үлкен монографиялық зерттеу жазды. Ол еңбегі кейін «Абай Құнанбаев (мақалалар мен зерттеулер)» атты кітапқа енгізілді (1967, 15-228-беттер). Бұл еңбегінде Мұхтар Әуезов Абайдың ең басты-басты дерлік өлеңдеріне, сонымен қатар поэмалары мен қарасөздеріне талдау жасап баға берген, олардың тақырыптық, жанрлық ерекшеліктерін тиянақты түрде сипаттаған.
Абай өмірбаянын ғылыми негізде жаза отырып М. Әуезов абайтану саласындағы бірнеше күрделі мәселелерді тұтастай қарастыруды бірден қолға алды. 1924 жылдың өзінде-ақ М. Әуезов Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағын құрастырып, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы алар орнын анықтап алуға ұмтылды. 1933 жылғы Абай жинағында жариялаған «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты. Әуезовтің Абайға қатысты ең үлкен еңбегі — «Абай жолы» роман-эпопеясы. Эпопеяның алғашқы кітабы 1942 жылы, соңғысы 1956 жылы жарық көрді. Роман төрт томнан тұрады. Мұнда Абайдың балалық шағынан бастап, кемелденген ақын, ойшыл, күрескер ретінде қалыптасу жолы көркем тілмен, тарихи шындықпен және терең психологиялық анализбен суреттелген. Шығармада Абай өмір сүрген орта, қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы, салт-санасы, саяси өзгерістер кең ауқымда бейнеленеді. «Абай жолы» — көркем әдебиеттің ғана емес, мәдени-философиялық, тарихи шындықты танудың да бірегей үлгісі. Бұл роман арқылы Мұхтар Әуезов Абайдың бейнесін тек ақын емес, ұлт ұстазы, рухани реформатор, гуманист ретінде көрсетті. Бұл еңбек үшін Әуезовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы және Лениндік сыйлық берілді. Шығарма әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, қазақ әдебиетін дүниежүзіне танытты. «Абай жолы» романының арқасында Абай бейнесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік гуманитарлық кеңістікте де танылды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов Абай туралы көптеген ғылыми мақалалар, баяндамалар, дәрістер жазды. Ол Абайдың шығармашылығын қазақ әдебиеті мен руханиятының іргетасы ретінде зерттеп, арнайы пән ретінде жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізуге ұйытқы болды. Абайдың ақындық мектебі, оның философиясы мен шығыстық, батыстық ойлармен үндестігі, қазақ қоғамына әсері туралы айтқан ғылыми тұжырымдары абайтанудың негізін қалаған.