Мұхтар Мағауин (1940–2025) – филология ғылымдарының кандидаты,Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты. 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол халық ауыз әдебиетін жаңғыртқан. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазды. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Шығармашылық ғұмырының соңына қарай ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізеді, ізінше «Алтын Орда» танымдық тауарих кітабын тәмамдайды. Өмірінің соңғы жылында жазушы жас кезінде ден қойған Орхұн мұрасын көне түрік тілінен қазіргі қазақ түрік тіліне қотару ісін аяқтайды. Мұхтар Мағауиннің шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері толық жиырма жеті томды құрайды.
Заңғар жазушы, дегдар тарихшы Мұхтар Мағауин жазу мәдениетінің бастау-бұлағын Абай мұрасымен қайнарландырды, Абайдың шығармашылық әлемі мен өміріне, туындыгер есебіндегі дара танымына қатысты айрықша тұжырым жасады, Абайдың белгісіз, осы уақытқа дейін жұмбақ болып келе жатқан әңгімесін тәпсірлеп, ақынды қазақ көркемдік ой-танымының асқар шыңына балады.
Мұхтар Мағауин Абайды адамзат ақыл-ойының алтын кені ретінде қарастырды, қазақтың тұтас болмысын, төл қасиетін тануды Абай тағылымына теліп, Абайдан жеткен сана желісімен сабақтастырды.