Image

Мекемтас Мырзахметов

Өмірбаян

Мекемтас Мырзахметов (1930-2025) — әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы. 1930 жылы 9 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген.  1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдайды. Еңбек жолын ауыл мұғалімдігінен бастап, кейін ғылымға бет бұрады.  М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқып, 1965 жылы Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен «Абайдың әдеби мұрасын зерттеу тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Ал 1989 жылы «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, профессор ғылыми дәрежесіне ие болады. Мекемтас Мырзахметовтің тұтас ғылыми жолы абайтанумен, Абай өнегесімен, Абай ілімімен тығыз байланысты. Кемел ғалым — абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеген, зертханасын жіті талдаған, ақын шығармашылығындағы шығыстық сарын, сопылық дүниетаным, моральдық-этикалық категориялар, адамгершілік философиясы, толық адам концепциясы сияқты күрделі бағыттарды алғаш ғылыми айналымға түсірген. 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясы — қазақ ғылымындағы абайтану ілімінің жаңа кезеңін бастап берген іргелі еңбек саналады. Ғалым Абай шығармаларындағы рухани-танымдық мазмұн мен поэтикалық құрылымдарды талдау арқылы ақын дүниетанымының тұтас жүйесін жасап шықты. Абайтану пәнінің мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған бағдарламаларын жазып, оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындады. Абай шығармаларындағы ұлттық рух, ар ілімі, адам тәрбиесі, хакімдік таным, иман мен әділет ұғымдарын қазақы дүниетаныммен байланыстыра зерттеп, Абайдың «толық адам» концепциясын ғылыми тұрғыдан толық дәлелдеп, оны тұтас философиялық жүйе ретінде ұсынды. «Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіш» (1965), «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары (1982), «Абай жүрген ізбенен» (1985), «Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш» (1988), «Абайдың адамгершілік мұраттары» (1993), «Абайтану тарихы» (1994), «Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю» (1994), «Абай және Шығыс» (1995), «Әуезов және Абай (1996), «Түркістанда туған ойлар» (1998), «Түркістан, Тараз арасы. .. » (2002), т.б. монографиялар, кітаптардың («Абайды оқы, таңырқа», 1993; «Абайтану дәрістері», 1994; «Абайтану дәрістерінің дерек көздері», «Абайды білмек парыз, ойлы жасқа», 1997) авторы. 

Кітаптар
Абайды оқы, таңырқа
Абайтану тарихы
Абайдың адамгершілік мұраттары
Абай мұрасының өзекті мәселелері
Абай жүрген ізбенен
Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары
Абайтану 1-кітап
Абайтану 2-кітар
Абай және Шығыс
Абайтану 1-кітап
Абайтану 2-кітап