Әлихан Бөкейхан (1866-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, «Алаш» партиясының жетекшісі. 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының Қызыларай мекенінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы) дүниеге келген.
Әлихан Бөкейханов оқуды Қарқаралы медресесінен бастайды, кейін қаладағы төрт сыныптық бастауыш орыс-қазақ мектебіне ауысады. 1886–1890 жылдары Сібір теміржолына мамандар дайындайтын Омбыдағы техникалық училищеде оқыды. Осы училище директорының кеңесімен 1890 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтына түседі. Институтпен қатар Әлихан Санкт-Петербург университетіне өз бетінше емтихан тапсырып, заң факультетін бітіріп шығады. 1894 жылы екі – орманшы-ғалым және заңгер дипломын алады. Оқуды бітіргеннен кейін Тобыл губерниясына қоныс аударушы шаруалардың шаруашылығын зерттейтін «Тобыл экспедициясы» құрамында еңбек етті. 1895 жылы қыркүйекте Ақмола облысы Омбы орман шаруашылығы басшысының көмекшісі болып тағайындалады. Сонымен қатар Омбы орман мектебінің оқытушысы болып орналасады.
1897 жылы Қазақстанның бірқатар далалық уездерін зерттейтін Ф. Щербина экспедициясы жұмысына қатысады. Экспедиция барысында ол өз жерлестерінің жер көлемін мүмкіндігінше ұлғайтуға тырысты. Әлихан Бөкейхан Сібір темiржолы аймағындағы мал шаруашылығын статистикалық-экономикалық тұрғыда зерттеумен айналысатын С. П. Швецовтің экспедициясында да еңбек етті. 1904 жылы қоныс аударту басқармасына шенеуніктік қызметке тұрады. 1905 жылы Мәскеуде өткен Ресей земствосы және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. 1906 жылы Семей облысы қазақтары атынан Ресейдің I Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланды. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен бірге жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Газет редакциясына қазақ халқының озық ойлы, парасатты зиялылары топтасты
Әлихан Бөкейханов қазақ әдебиеттану саласының үлкен арнасы - Абайтанудың негізін салды. Абай хақындағы тұңғыш деректі топтап, бір жүйеге незіздеп, бағыт-бағдарын айқындап, жиыстырып, жинақтап берді.
Әлихан Бөкейханов 1903 жылы орыс тілінде басылып шыққан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деп аталатын көп томды кітапта қазақ әдебиеті мен мәдениетін баяндай келіп, Абай туралы былай деген: «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзии, следует назать Кунанбаева – автора многих стихотворений изящних по форме и поэтический по содержанию (особенно описания природы). Этому же автору принадлежит переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова (который оказался наиболее понятным для киргиз), таким образом у Семипалатинских оленши (певцов) можно слышать, например, «Письма Татьяны» распеваемое, конечно, на свой мотив».
Абайдың мұрасын зерттеп-зерделеу мәселесін Әлихан Бөкейхан алғаш қолға алды. Сонымен бірге, ақынның алғашқы жинағының жарыққа шығуына да Алты Алаш көсемінің жәрдемі тиген.
Абай қайтыс болған соң жеті айдан кейін, яғни 1905 жылы Семей каласының Географиялық бөлімшесінің «Семипалатинский листогында» орыс тілінде Әлихан Бөкейхановтың азалы ғұмырнамасы (қазанама) жарияланды. Оның соңында бұл деректерді ретке келтіріп, баспаға ұсынған Кәкітай Ысқақов екендігі туралы сілтеме бар.
Әлихан Бөкейханов Алаш идеясы мен ұлттық танымның құнарына бойлауда Абайға жүгініп, Абай шығармашылығынан тамыр тартып отырды. Ақынның ғұмырнамасын ең алғаш қағаз бетінде түсірді. Сонымен қатар жазба еңбектерінде Абай әдеби әлеміне айрықша тоқталып, қазақ әдебиеті «жаңа бағытының өкілі» ретінде аса жоғары бағалады.