Image

Кәкен Қамзин

Өмірбаян

Кәкен Қамзин – филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы. 1949 жылы 13 маусымда Жетісу облысы, Алакөл ауданының Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Алматыдағы №9 қазақ орта мектеп-интернатын бітіріп, кейін 2 жыл ұжымшарда жұмыс істеді. 1968-1973 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетін үздік аяқтап, Қазақ КСР Мемлекеттік телерадиокомитетінде, «Жазушы» баспасында, «Алматы ақшамы» газетінде, «Парасат» журналында қызмет істеді. «Қазақ мемлекеті» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары болған. 1994 жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істейді. 1999 жылы оқытушы-педагог профессор Т. Қожекеевтің жетекшілігімен «Семипалатинские областные ведомости» газетіндегі «Е. П. Михаэлистің журналистік қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, 2004 жылы доцент атағын алды. 2010 жылы «Қазақ публицистика жанрының эволюциясы» тақырыбында докторлық диссертация жазып шықты, зерттеу еңбегі ғылыми ортаның жоғары бағасын алды.  «Жұлдыздар жылай ма? », «Біздің ауылдың жігіттері», «Тымық түн» атты повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. 2002 жылы Абайдың рухани серігіне қатысты «Е. П. Михаэлистің журналистік қызметі» деген монографиясы жарық көрген. Кейіннен, 2012 жылы еңбек соны мәліметтермен толықтырылып әрі жаңа заман қисынында қарастырылып, «Е. П. Михаэлистің журналистік және әлеуметтік қызметі» аталатын монография есебінде «Ұлағат» баспасынан жарияға шықты. 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай ғылыми-зерттеу институты дайындаған жинақта Кәкен Қамзиннің «Семипалатинские областные ведомости» газетіне қатысты зерттеулері, Абайдың әлеуметтік ортасы, білімдар жандармен құрған шығармашылық байланысы туралы тұжырымдары жарияланды. 

Сонымен қатар ғалым өзінің іргелі, кең құлашты зерттеулерінде Абай шығармашылығы мен қара сөздеріндегі көсемсөз реңін, публицистика элементтерін, ұлттық журналистика жанрларына тән құнарлы мәйегін классификациялап, ғылыми айналымға енгізді.

Жарияланымдар
Кітаптар