Халел Досмұхамедұлы (1883-1939) – Алаш қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, аудармашы. 1883 жылы 24-сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танып, жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқып, 1894 жылы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына түсті. Үздік оқығаны үшін тағы бір жыл қосымша класта оқуға қалады. Содан соң Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түскен. Студент шағының империядағы саяси өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келуі саяси білімін жетілдіруге ықпал етті. Алаш қайраткері осы жылдары ел арасында үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» ("Пікір"), «Уральский листок» газеттеріне мақала жазу арқылы халыққа саяси өзгерістердің мән-жайын түсіндіруге тырысты. 1924 жылы Ресей ғылым академиясының Орталық өлкетану бюросына корреспондент-мүшесі ретінде сайланып, Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеудегі Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. Қазақ педагогика институтында доцент, ұйымдастыру жөніндегі комиссияға төраға, кейіннен білім ордасына проректор болып тағайындалады.
Қазақ халқын рухынан, азаттығынан, тамырынан айыру саясатының, сол дәуірдегі теріс репутация мен цензураның ығына жығылмастан, Халел Досмұхамедұлы 1923 жылы Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағын екінші рет басып шығарған. Қазақ тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты еңбектерді жинақтап, тілдің дыбыс жүйесі жайлы сингармонизм заңын зерттеген ғалым Абай өлеңдеріндегі дыбыстық, тілдік, грамматикалық қателерді, әсіресе, өлең жинақтарын басып шығару кезіндегі қателерді талдады. «Дұрыстаушылардан» мақаласында Х. Досмұхамедұлы Абай кітабының бірінші баспасы туралы сөз еткен. Баспадан кеткен кемшіліктер ғана емес, ең бастысы, қазақ емлесін қолдануды ұсынған. Ғылыми түсініктер жат сөздерге берілген, тіпті әр өлең аяғындағы сандар сол өлең жазылған мезгіл екені де ескерілген.
Халел Досмұхамедұлының «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы», т. б. оқулықтар мен ғылыми еңбектері жарық көрді. Сонымен қатар, медицина мен әдебиеттің тұтқасын қатар ұстап, «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрк», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқтыьғылыми-теориялық еңбектер жазды. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай — Махамбет», «Аламан» жинақтарын жарыққа шығарды. Сондай ақ, «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет журнал беттерінде жарияланған мақалалары және қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан өз редакторлығымен шығарған «Сана» журналы қаламы жүйрік журналист екеніне айқын дәлел.