Есмағамбет Ысмайылов (1911–1966) – әдебиет зерттеуші, филология ғылымының докторы (1957), профессор (1958), ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1958). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданы, Шоқытас ауылында дүниеге келген. 1926-1930 жылдары Көкшетау мен Қызылжардағы (Петропавл) балалар үйінде оқып, тәрбиеленді. ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген (1934).
1934 – 1935 жылдары ұлт мәдениеті ин-тында кіші ғылыми қызметкер, 1935 – 1938 жылдары «Коммунист» журналының жауапты хатшысы, 1939 – 1944 жылдары ҚР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер, 1944 – 1951 жылдары әл-Фараби атынд. Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, профессор болып қызмет атқарды.
1956 – 1966 жылдары ҚР Ұлттық ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі болды.
Ысмайылов әдеби-сын мақалаларымен қатар қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясы», «Қазақ совет әдебиеті», «Әдебиет теориясы мәселелері», «Абайдың ақындығы туралы», «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты ғылыми еңбектердің авторы.
Ысмайылов Абайдың, Жамбылдың толық шығармаларының бірқатар академиялық басылымдарын құрастыруға қатысты және олардың редакциясын басқарды.
Ұлттық әдебиеттануда қажырлы еңбек еткен әдебиетші Е. Ысмайыловтың абайтанудағы ғылыми зерттеулері ұлы ақын шығармашылығын әдеби-теориялық тұрғыдан саралауымен құнды. М. Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітабының «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылса, сөз зергерінің мұрасынан 1940 жылы жарық көрген тұңғыш библиографиялық көрсеткіш ғалым ыждахатының (Қ. Бекхожинмен бірге) жемісі. Ал «Абайдың поэтикасы» (З. Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы». 1934. №11-12), «Абайдың өлең өрнектері» («Социалды Қазақстан». 1934. 30. 12), «Кемеңгер Абай» («Әдебиет және искусство». 1940. №9), «Қазақ халқының кемеңгер ақыны» («Коммунист». 1940. 15. 10), «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері» («Социалистік Қазақстан». 1945. 14. 08), «Абайдың этикалық көзқарасы» («Қазақстан мұғалімі». 1954. 9. 09), «Абайды зерттеу жайынан» (1959) т. б. ғылыми мақалаларында абайтанудағы маңызды мәселелер қамтылды. Ұлттық әдебиеттануда қажырлы еңбек еткен әдебиетші Е. Ысмайыловтың абайтанудағы ғылыми зерттеулері ұлы ақын шығармашылығын әдеби-теориялық тұрғыдан саралауымен құнды. М. Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) кітабының «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылса, сөз зергерінің мұрасынан 1940 жылы жарық көрген тұңғыш библиографиялық көрсеткіш ғалым ыждахатының (Қ. Бекхожинмен бірге) жемісі. Ал «Абайдың поэтикасы» (З. Шашкинмен бірге жазылған) («Әдебиет майданы». 1934. №11-12), «Абайдың өлең өрнектері» («Социалды Қазақстан». 1934. 30. 12), «Кемеңгер Абай» («Әдебиет және искусство». 1940. №9), «Қазақ халқының кемеңгер ақыны» («Коммунист». 1940. 15. 10), «Абай өлеңдерінің сұлулық әуезділік ерекшеліктері» («Социалистік Қазақстан». 1945. 14. 08), «Абайдың этикалық көзқарасы» («Қазақстан мұғалімі». 1954. 9. 09), «Абайды зерттеу жайынан» (1959) т. б. ғылыми мақалаларында абайтанудағы маңызды мәселелер қамтылды.