Еркін Шүкіман – дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет қайраткері, Абай әндерін шебер шырқайтын дарын иесі. 1973 жылы 5 қыркүйекте Мақаншы ауданының Жарбұлақ ауылында туған. 1990 жылы Аксуат ауданы Сұлутал ауылында Қ. Сәтбаев атындағы орта мектепті бітіріп, 1991-1996 жылдары Шәкерім атындағы Семей университетінің филология факультетінде оқыған. 1996 жылы Алматыдағы Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне Қ. Байбосыновтың сыныбына қабылданды. 1999-2004 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында Б. Тілеухановтың сыныбы бойынша оқыған. 1999 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етеді.
Әншінің 2023 жылы «Көзімнің қарасы» кітабы жарық көрді. Кітапта ақын, ойшыл, композитор Абай Құнанбайұлының әндері мен күйлері жинақталып, домбыра бұрауына лайықталып нотаға түсірілді. Еңбектің басты жаңалығы – өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін жинақталған ақынның мұраларының түр-нұсқалары салыстырылып, бұрыңғы-соңғы жарық көрген жинақтар мен ғылыми еңбектердегі және мұрағаттардағы материалдар негізінде кеңінен ғылыми түсінік берілгені болды.
«Біржан сал» фильміне Б. Қожағұлұлының «Айтбай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Теміртас» әндері Еркін Шүкімановтың орындауында енген. 1998 жылы республикалық Ж. Елебеков атындағы әншілер байқауының, 2000 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінің, 2002 жылы республикалық Ә. Қашаубаев атындағы әншілер байқауының лауреаты атанды.