Image

Дархан Қыдырәлі

Өмірбаян

Дархан Қыдырәлі – мемлекет және қоғам қайраткері. 1974 жылы 16 сәуірде Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (1991-1992 ж) және Түркияның Мармара (1992-1996), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998), Ыстамбұл (1998-2001) университеттерінде білім алған.

1998 жылы Эгей унивреситетінде «Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі және дүниетанымы» тақырыбында диссертация қорғады. 2001 жылы Ыстамбұл университетінде «Түркістанда жәдитшілік қозғалысы және оның Түркиямен байланысы» докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген. 2010 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Біртұтас Түркістан идеясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған.

Еңбек жолын 2000 жылы Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің аға ғылыми қызметкері болып бастаған. Аталған университетте жетекші ғылыми қызметкер, аппарат басшысы, тарих кафедрасының меңгерушісі болып еңбек еткен.

2005-2006 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер болып қызмет еткен. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Президенттік Мәдениет орталығы директорының орынбасары лауазымында жұмыс істеген. 2007 жылы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған. 2008-2012 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде сарапшы, Президенттің Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары болған. 2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеген. 2014 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті болып тағайындалған.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып қызмет атқарды.

Дархан Қыдырәлі қайраткер Мұстафа Шоқайдың Абай іліміне қатысты ойларын таразылап, «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деген пайымына ой қосқан. Әлішер Науаи мен Абай болмысындағы, шығармашылық әлеміндегі үндестіктерді саралаған. Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі «Атымды адам қойған соң. .. », «Мұстафа Шоқай», «Ұлы дала тарихы» және өзге де еңбектердің, 13 кітаптың, 400-ден аса ғылыми-танымдық мақалалардың авторы.

Кітаптар