Image

Даниял Ысқақ

Өмірбаян

Даниял Ысқақ (1897-1945) – әдебиетші, сыншы, аудармашы, қоғам қайратері, Абайдың немере інісі Кәкітайдың ұлы. Абай облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Семей орыс-қазақ мектебінде оқыған. Ташкент Орта Азия университетін бітірген (1927).

Даниял Ысқақ 1924 жылы Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» драмалық шығармасына талдау жасаған сын мақала жариялады («Сана», №2-3). Бұл мақала қазақ әдеби сынына қатысты жазылған алғашқы үлгілерінің бірі. Бұл мақала бертінде Тұрсын Жұртбайдың дайындауында «Абай» журналында (1993 жылы №6 саны) жарияланды. Даниял еңбегі жайында ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Ол Мұхтар Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал» пьесасын сондай пайымды пікірмен талдаған қазақ сынының басы…» Қазақтың әдеби сынының қарлығашы Даниял 1925 жылы «Белинский туралы» деген мақаласын жазады. 1927 жылы «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» газеттерінде С. Мұқанов, К. Кемеңгеров, А. Байтасов, Д. Ысқақов әдеби сын жөнінде пікір-толғам Даниялдың болашағынан көп үміт күтетіндерін айтады.

Cонымен қатар сыншы В. Гаршиннің «Төрт күн» (1924), А. Чеховтың «Үлкен бағбанның әңгімесі» (1924) шығармаарын, өзбек жазушысы Абдулла Қаһардың әңгімелерін «Дүние жасарады» (1934) деген атпен, Р. Ролланның «Жан Кристоф» (1937) романынан үзінді аударып, бастырып шығарады. 1937 жылы жалған саяи жала жабылып, Карелияға жер аударылған. Б. Ерсәлімовтің «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» кітабында: «Жан досы Мұхаңмен қатар түрмеге жабылып, босаған соң Даниял 1937 жылы Наркомпроста Темірбек Жүргеновтің қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қайта жабылып, сол жылғы НКВД-нің қараша айындағы үкімімен алдымен ату жазасы белгіленіп, артынан каторгаға айдалады…» деген жолдар бар. 1945 жылы айдауда жүріп асқазан ауруының асқынуынан қайтыс болған.

Башқұрт қызы Мүкәрәм күйеуінің ісін қуып, шағымдануының нәтижесінде 1957 жылы 25-қыркүйекте «1898 жылы туған Даниял Ысқақовқа Алматы облысы УНКВД-сы 1937 жылдың 21-қарашасында шығарған үкімі қылмыстық дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты өз күшін жояды» деп хабарлаған.

Жарияланымдар
Кітаптар