Әбіш (Әбусағит) Жиреншин (1913-1975) – абайтанушы, әдебиеттанушы. 1913 жылы 13 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған.
Әбіш бала кезінде молдадан арабша дәріс алады. Кейіннен баланың зеректігін байқаған ағасы Құлсүлеймен Семей қаласындағы орыс мектебіне береді. 1924 жылы 11 жастағы Әбіш орыс мектебіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. 1928 жылы Семей ауылшаруашылығы техникумына оқуға түседі.
Қазақстанда басталып келе жатқан 1931-1932 жылғы аштық зобалаңның зардабын байқаған Әбіш өзінің әке-шеше, бауыр-қарындастарын алып Орта Азияға өтеді. Ауыр жол азабын көріп, 1933 жылдың басында Ташкентке жетеді. 1933 жылы Орта Азия геодезия тресінің орынбасары болады. Сол жылы Орта Азия университетіне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді.
1936-1938 жылы Ташкентте ғылыми-педагогикалық жұмыста істейді.
1938-1942 жылы Қазақстан Халық комиссарлар советі Ә. Жиреншинді өз елі Қазақстанға қызметке шақырады. Бұл жылдары Республика ғылыми зерттеу коғамының Ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Абайтанушы, ғалым Ә. Жиреншин: «Абай ауданы - менің кіндік кескен жерім, әлпештеп өсірген елім болғандықтан көзге елестеп, көңілге ыстық көрінеді» дей келіп, 1939-1945 жылдары ұлы Абайдың 95, 100 жылдық мерейтойын өткізу мен Жидебайдағы мұражайын ұйымдастыру, Шыңғыстау ауданы Абай атына 1940 жылы көшуіне белсенді көмектесушінің бірі болдым» дейді.
1942-1951 жылы Қазақстан Орталық музейінде директор, сонымен қатар Қазақ ССР Ғылым академиясының өлкетану комиссиясының меңгерушісі, Қазақ Мемлекеттік Университетінің доценті қызметтерін атқарды.
1951-1954 жылдар арасында қазақ интеллигенциясы, көрнекті ғалым жазушыларының бір тобы қудалауға ұшырайды. Тарих ғылымының докторы және профессоры Е. Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісін тарихқа енгізгені үшін айыпталады. Осы кезде оны жақтаған жалғыз ғалым осы Ә. Жиреншин еді. Сол үшін ол Жамбыл қаласына қуғындалады. Онда жүргенде техникумде сабақ береді. 1954 жылы ғана рұқсат болып Алматыға оралады. Осы жылы Алматыдағы Көпшілік кітапханаға директор болып тағайындалады.
1959-1961 жылы Қазақстан баспа бірлестігінің бас басқармасының I орынбасары, 1961- 1962 ж. кітап сауда бірлестігінің бастығы, 1962 жылдан бастап өмірінің соңына дейін педагогикалық жұмыспен Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында сабақ береді.
Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының төрағасы міндетін атқара жүріп ел тарихы, жер тарихының қазыналы шежіресін ғылыми жүйелендіру мақсаты қатты толғандырады. Жазушы 1961 жылы «Абай шығармаларының бір томдық толық жинағын» баспаға дайындап, шығарушы. Ол Абайды туғызып, Абайды Абай еткен әлеуметтік қоғамдық ортаны, тарихи себептерді тереңдетіп көрсеткен. Соның нәтижесінде кемеңгер адамның қалыптасып кана қоймай, адамзат ойының биігіне көтерілуін дұрыс түсінуге мүмкіндік ашады. Ә. Жиреншин Абайдың ғалым екенін жан-жақты дәлелдей алады. Ұлы ақынның ақындық және ғылыми бейнесін мықтап сомдай білген М. Әуезовтен кейін жазып тәуекелге барған адам.
Ә. Жиреншин - «Абай және оның орыс достары» (1949), «Абай - қазақ халқының ұлы ойшылы» (1950), «Абай және орыстың ұлы демократтары» (1959), «Қазақ кітаптарының тарихынан» (1971) атты монографияның авторы. Кітаптану ғылымының маманы. Барлығы 150 ғылыми, әдеби еңбегі жарияланды, оның ішінде 8 монография бар.