Бейсембай Кенжебаев – ғалым, әдебиеттанушы, жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1904 жылы 4 қазанда Түркістан облысындағы Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында дүниеге келген. 1925 жылы И. Сталин атындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, А. Горький атындағы Әдебиет институтының 2-курсын, 1942 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген. «Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомствасында редактор, бөлім меңгерушісі, аудармаш болған. Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы болған (1941–1944). 1961 жылдан бастап ҚазМУ филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі болды (1975–1987 жылдары профессор, кеңесші-профессор).
«XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары (монография бойынша)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С. Торайғыров, Жамбыл Жабаев, М. Сералин, М. О. Әуезов, С. Шәріповтің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. 1925 жылы Абай жайлы зерттеу мақаласы жариялап, ақынның әдебиет мәнін, қызметін қалай түсініп-түйсінгенін талдады.
Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын» (1967) жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (XIX ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Кенжебайұлының «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.