Image

Бақытжан Майтанов

Өмірбаян

Бақытжан Майтанов – әдебиеттанушы, сыншы, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі. 1952 жылы 27 наурызда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Сарықамыс ауылында туған. 1974 жылы ҚазМУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетін бітіріп, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші болған. 1974– 1990 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға лаборант, кіші аға ғылыми қызметкер, 1990 жылы Қазақ энциклопедиясы бас редакторының орынбасары, 1990–1996 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, профессор, 1996–1999 жж. Қазақ мемлекеттік Заң университеті қазақ, орыс, шығыс тілдері кафедрасында профессор болып қызмет етті.

1998 жылдан ҚР ҰҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі. 2000 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасының меңгерушісі болды.

Ғалым Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов шығармашылығын жаңа қырынан зерттеді. 2006 жылы «Абай» деген еңбегі жарық көрді. «Абай тұлғасының ерекшелігі» зерттеу мақаласында Абай болмысын жан-жақты ашты. «Абай психолог есебінде объективті һәм субъективті байқау, пайымдау, индукция, дедукция, силлогизм, интроспекция, ретроспекция тәсілдерін жете меңгерген. Оның шығармаларындағы өзге әріптестерінен өзгешелік – әдетте көзге түсе бермейтін, қарама-қайшылығы мол әрі қымбат жан сырының нәзік сезімталдықпен суреттелуі. Бұл дүниежүзі әдебиетінің озық үлгісін етене бойға сіңірумен сабақтас қадам. Ол өнеге ой-пікірдің турашылдығы, толғану барысындағы кілт бұрылыстар, сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін дағдыға айналмаған қасиет: сезімнің шектен тыс шынайылығы мен айрықша батыл сөз орамдарынан байқалады» деп жазды Майтанов. Сонымен қатар сыншы Мұхтар Әуезовтің Пушкин мен Абай. шығармашылығы туралы пайымдарын саралап, ғылыми тұрғыдан тұжырымдады.

Бақытжан Майтанов әдебиет сыны мен әдебиеттану саласына 1969 жылдан бастап араласып, республикалық газет-журналдарда жарияланған мақалаларымен көрініп келеді. Үш жүзге жуық әдеби-сын, әдебиеттанушылық сипаттағы мақалалары жарық көрді.

Жарияланымдар
Кітаптар