Ғарифолла Есім – ғалым, абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1947 жылы 15 сәуірде Павлодар облысы, Лебяжі ауданындағы Жалтыр көлінің шығыс жағалауындағы шағын ауылда туған. Семей педагогикалық институтының философия кафедрасының меңгерушісі, КСРО Ғылым Академиясы Философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, Сурет және қолданбалы өнер факультетінің деканы, Алматы мемлекеттік университетінің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) философия және ғылыми әдістеме кафедрасы меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің деканы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры әрі философия кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысының» ғылыми редакторы; «Научный мир Казахстана» журналының бас редакторы; «Ақиқат», «Абай», «Евразия», «Жалын», «Шәкәрім», «Туған тіл», «Мұқағали» журналдары мен «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы редакция алқасының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР бойынша «Диалог Евразии» («DА») платформасы Ұлттық комитетінің төрағасы; Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткiштер мен монументтер жөнiндегi мемлекеттiк комиссия мүшесі; ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті президиумының мүшесі; ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшесі; ҚР Президенті жанындағы рақымшылық мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі; Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия мүшесі. Қазақстандық бірқатар жоғары оқу орындарының құрметті профессоры.
«Хакім Абай» (даналық дүниетанымы), «Санадағы таңбалар», «Абай философиясы мен дүниетанымы», «Абай энциклопедиясы», «Фалсафа тарихы», «Абай туралы философиялық трактат», «Философия слов», «Философский трактат об Абае», «Қазақ ренессансы», «Жар жағасы», «Наука совести», «Данышпан Шәкәрім» (қазақ және орыс тілдерінде); An Insider’s Critique of the Kazakh Nation: Reflections on the Writings of Abai Kunanbai-uhli (Los Angeles, California, USA, 2009), «На краю бездны», «Саяси философия», «Адам-зат» (қазақ тілінде), «Адам-зат» (түрік тілінде, Стамбул қ. , 2009), «Философия независимости», «Метафизика человека», «Тұлғалар-қаламгерлер», «Тарланбоз» («Агония социализма») кітаптарының; «Фалсафа тарихы» хрестоматия оқулығының авторы, «Основы религиоведения» оқулығын бірлесе отырып жазған. 400-ден астам мақала мен жарияланым авторы. «Абайдың қара сөздері туралы пайымдаулар» авторлық куәлігі бар (электронды оқулық, 2005).
Абай әлеміне терең бойлаған Ғ. Есім БАҚ-тың барлық салаларына Абай мұраларын кеңінен насихаттап, ұлттық руханиятқа да сүбелі үлес қосқан ғалым.
Хакім Абайдың 150 жылдығына арнап 1995 жылы Қазақ радиосында философ-ғалым Ғарифолла Есім мен белгілі радиожурналист Кемелбек Шаматай Абайдың 45 қара сөзінен алғашқы болып циклді дәріс радиохабарын эфирге шығарды. «Хакім Абай» кітабы ұлы ақынның даналық дүниетанымын саралауға арналған. Абайдың данышпандық ойлары белгілі бір жүйеге түсіріле таратылмағандықтан, автор ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндеріне түсінік беретін герменевтикалық тәсілді қолданған. Кітапта Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдары нақтылы ұғымдар түрінде қарастырады.