Арап Еспенбетов – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры. Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында 1945 жылы дүниеге келген. Семей педагогикалық институтын бітіріп, кейін ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын тәмамдады. Ғұмырын ұстаздыққа арнаған ғалым 1967-1991 жылдар аралығында Семей педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, аға ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. 1977-1978 жылдары филология факультеті деканының орынбасары, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. 1993-1996 жылдары Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының проректоры, кейін Семей мемлекеттік университеті гуманитарлық институтының ректоры қызметін атқарды.
Арап Еспенбетовтің ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне арналған. Ол абайтану саласында да бірқатар маңызды зерттеулер жүргізді. «Абай әлемі» (2011) атты оқулықта Абайдың шығармашылығы мен оның қазақ әдебиетіндегі орны жан-жақты талданған. Ғалымның жетекшілігімен «Абай оқыған кітапхана» атты зерттеу жұмысы, «Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері» атты мақаласы жарық көрді. Бұл Абайдың оқу-ағарту саласындағы көзқарастарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Ғалым зерттеулері Абайдың ақындық өмірбаянына, шәкәрімтанудың қалыптасу тарихына арналды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай: Кеше. Бүгін. Ертең» виртуалды форсайт-форумында «Абайтанудағы жаңа ізденістерге бастайтын жол» тақырыбында дәріс оқып, тыңдарманмен ой бөлісті.
Арап Еспенбетов 450-ден асатын кітаптар мен мақалалардың авторы. Абай мирасын халыққа таныту жолында аянбай тер төкті. 1994 жылы республикалық «Абай» журналының редколлегия мүшелігіне бекітілді, 2010 жылы «Абай мұражайының хабаршысы» журналының алқа мүшесі атанды, 2024 жылы «Абайды оқы, таңырқан. .. » зерттеу еңбегі жарық көрді. Мұнымен қоса алғанда, А. С. Еспенбетов 2023 жылдан бастап «Абай жолы» кітаптар сериясының бас редакторы қызметін атқарып келеді.
Белгілі абайтанушының «Абайды оқы, таңырқан» деген кітабы «Абай өскен орта», «Абайтану», «Абайтанушы тұлғалар», «Абайдың бас шәкірті», «Ізденістер мен толғаныстар» атты бес бөлімге біріктірілген. Еңбекте абайтану, шәкәрімтану, қайымтану, алаштану тақырыптарындағы зерттеулері топтастырылған.