Шәкәрім атындағы университеттің түлегі. «Шәкәрім мен Толстой: көркемдік және эстетикалық үндестік» тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған.
2005–2013 жылдары Семей қаласындағы Ф.М.Достоевскийдің мемориалдық музейінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2015–2018 жылдары Әлихан Бөкейхан атындағы университет жанындағы «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды. Қазіргі таңда Астана қаласындағы білім беру орталығының жетекшісі.
Ғылыми бағыты – салыстырмалы әдебиеттану, әдебиет теориясы және эстетика.
Айжан Аманжолдың ғылыми еңбектері қатарында «Шәкәрім мен Толстой: екі түрлі дүниетаным», «Шәкәрім мен Толстой: көркем аударма ерекшеліктері», «Шәкәрім немесе Ұмытылғанның ғұмыры», «Шоқан және түркі әлемі», «Ф.М.Достоевский шығармаларын қазақ тіліне аударудың ерекшеліктері» атты мақалалар бар. Сонымен қатар басқа да көптеген зерттеулердің авторы.
Автордың мақалалары Абайдың 175 жылдығы мен Шәкәрімнің 165 жылдығына орай Мәскеуде жарық көрген «Абайды тану – өзіңді тану» және «Шәкәрім атты бұлақ» атты жинақтарға енген.