Амантай Шәріп – абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 1965 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік бітірген (1988). ҚазҰУ-да стажер-зерттеуші, асистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, 1996–1997 жж. Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1997–2000 жж. ҚазҰУ-дің докторантурасында оқыған. 2000–2004 жж. Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі, гуманитарлық институт директорының орынбасары, әлеуметтік жұмыстар жөнінде проректор қызметтерін атқарған. 2004 жылдан «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры қызметін атқарған.
Өлеңдері мен әдеби-сын мақалалары республикалық баспасөзде 1979 жылдан бастап жарық көрген. Шығармалары «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», т.б. жинақтар мен антологияларға енген. «Құбыла» атты жыр кітабы шыққан. «Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі» зерттеу еңбектерінің, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты ғылыми монографияның, Абай шығармашылығын індете зерттеуді негіз еткен «Абай шығармашылығындағы «екі дүние» парадигмасы», «Абайдың «Жазуы» мен «Айтуы»: жаңа ментальдік жолында» сынды зерттеу мақалаларының авторы.
Амантай Жарылқасынұлы Абай шығармашылығын ұлттық идеяның ұстыны ретінде қарастырып, әдеби-көркем бейнеленуі тұрғысынан зерттеген. Оның «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты монографиясында Абайдың поэзиясындағы ұлттық дүниетаным, алаш идеясы және ақындық мұрасының мәні жан-жақты талданады.