«Абай – ойшыл, философ, сазгер, ағартушы екені рас, бірақ, ең алдымен, ақын»
Айжан Қартаева – филология ғылымдарының докторы, абайтанушы-ғалым, профессор. 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Шілікті ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатын алтын медальмен бітірген. 1992-1996 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. 1996-1998 жылдары ШҚМУ-да «Әдебиеттану» мамандығы бойынша магистратурада білім алды. 1998 жылдан бері С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедраның профессоры. 2017-2019 ж.ж. Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгеушісі міндетін атқарды. 2019 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, 2020 жылдан бастап С.Аманжолов атындағы ШҚМУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.
Айжан Маратбекқызы 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «Абай мұрасы Әуезов шығармашылығында» (“Абай жолы” роман-эпопеясы негізінде) деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2010 жылы Алматы қаласындағы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Абай мен М.Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
Әдебиеттану, абайтану, әуезовтану, Шығыс Қазақтан өңірінің әдеби мұралары саласында 250-ден аса ғылыми-әдістемелік, әдеби-танымдық мақалалардың, соның ішінде 4 монография, 12 оқу құралы, 2 электронды оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік құралдың авторы.
Ғалымның абайтану мен әуезовтануға арналған «Абай мұрасы «Абай жолы» роман-эпопеясында» (2005), «Абай мен Мұхтар Әуезов: рухани сабақтастық пен көркемдік тұтастық» (2010), «Абай және Әуезов: ұлылар үндестігі» (2012), «Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану» (2016), «Абайтану». Таңдамалы еңбектер. XLI том / Абай мен Мұхтар Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық (2020) монографиялары, «Абай мен Әуезов үндестігін оқыту технологиясы» (2001), «Абай мен Әуезов шығармашылығындағы үндестік» (2007), «Абайтану дәрістері» (2013), «Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі» (2013), «Абайтану және Әуезовтану дәрістері» (2015), «Абайтану» (2015), «Абайтану негіздері» (2017), «Абайдың толық адам ілімін оқыту» (2020), т.б. оқу құралдары жарық көрген.
ЖОО студенттері мен магистранттарына арналған «Шығыс әдебиеті» (2003), «Қазақ әдебиетінен курс және диплом жұмыстарын жаздыру» (2005), «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылардың ғылыми-шығармашылық жұмыстары» (2007), «Әдеби өлкетану» (2016) атты оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрген. «Таулар ұйықтамайды» (2019) атты Х Балшабековтің таңдамалы өлеңдер жинағын құрастырушы. Қазақстан халқы ассамблеясы ҚЭЗИ қолданбалы этносаяси зерттеу институтының тапсырысы бойынша «Әлемді аялаған сөз» (2020) атты Қазақстан этностарының өкілдеріне арналған Абай туралы кітапты құрастырушы.
ШҚО бойынша жалпы білім беретін мектептердің 5-8 сыныптарына арналған «Абайтану» курсы мен «Мұғалім кітабының» авторы (2020). Республикалық Абай желілік мектептерінің 5-11 сыныптарына арналған «Абайтану» бағдарламасының авторларының бірі (2020). Айжан Маратбекқызының абайтану бағытында «Абай қарасөздерінің М. Әуезовтің публицистикалық шығармаларындағы іздері» (2007), «Абай мұрасындағы адамгершілік танымның Мұхтар Әуезов шығармаларындағы көрініс» (1999), «Әуезов шығармашылығындағы перифраз (2005), «Абай үні - халық үні» (2005), «Шәкәрім, Абай поэзиясындағы ел ішінің дертті көрінісі» (2008), «Абай поэзиясындағы психологизм Әуезов шығармашылығында» (2006), «Абайдың діні - сыншыл ақылдың шартты діні» сынды жарияланымдары жарық көрді.
2015 жылы А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Біздің Абай» атты электрондық кітапханаcын құрастырушы авторлардың бірі болды. 2012 оқу жылынан бастап университеттің бірнеше мамандықтарына тұңғыш рет «Абайтану», «Әдеби өлкетану» пәнін енгізді. 2013 жылдан бері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы ШҚО бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының тыңдаушыларына арналған Абайтану курсының бағдарламасын жасап, облыс, республика мұғалімдеріне дәріс оқыды.
Ғалымның жетекшілігімен 50 магистрлік диссертация қорғалды.