Айқын Нұрқатов (1928-1965) – абайтанушы, жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі. 1928 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов ауданы, Шұқыркөл ауылында дүние келген. ҚазПИ-дың филология факультетін (1950), аспирантурасын (1954) бітірген. Еңбек жолын 1950 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында сын бөлімінің меңгерушісі болып бастап, 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Әдеби зерттеулерінде сөз өнерінің көкейтесті мәселелерін, әдеби үрдіс пен әдебиеттер байланысын жан-жақты қарастырды, Абай, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Т. Шевченко, И. Байзақов, Х. Ерғалиев, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетов, Т. Жароков, Ғ. Орманов, т. б. қаламгерлер шығармасын сан қырынан талдады. «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиясында Нұрқатов ақын шәкірттерін Абай дәстүрін жалғастырушылар және Абай үрдісін көркемдік-пішіндік тұрғыдан жалғаушылар деп екі топқа бөліп қарады. Нұрқатов зерттеулеріне логик. ой жүйелілігі, пікір айқындығы, тұжырымның дәйектілігі тән, оның еңбектерінде қоғамдық ой-пікір мен көркемдік эстетика талап ұштасқан.
Айқын Нұрқатов жазған «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы 1966 жылы жарық көрді. «Абай творчествосының дәстүрлік және жаңашылдық сипаттары», «Абай тұсындағы ақындар», «Абай дәстүрлерінің арнасында», «Орыс реализмінің дәстүрлері және қазақ әдебиеті», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген көлемді тарауларда ғалым Абайдың ақындық дәстүрі турасында кешенді талдаулар жасап, тұщымды тұжырымдар ұсынды.
Ғалым Бас ақынның демократтық-ағартушылық дәстүрі өзінен кейінгі кезеңде қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапты деген мәселегі баса назар аударды, Абай шығармашылығының дәстүрлік, жаңашылдық сипаттары неде деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен бірге Абайдың ақындық жолын ұстанушы ақындардың тобын молайтты.