«Данышпан Абай – қазақ халқының ұлттық-тарихи болмысының нағыз символы, шынайы бейнесі»
Қайым Мұхамедханов (1916-2004) – абайтанушы, текстолог, ақын, жазушы-драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаз, әдебиет тарихын зерттеуші. 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Ол жас күнінен Абай атымен тығыз байланысты рухани ортада өсіп, ұлы ақынның сөз өнеріне, ағартушылық мұрасына ерекше ден қойып жетіледі. Білім жолын Семейдегі бастауыш қазақ мектебінен (1924-1928) бастап, колхоз жастарының мектебінде (1929-1932), 1932-1935 жылдарда Семей оқу мекемелерінде техникалық жұмысшы болып істесе де, асқақ қиялды Қайым оқуын жалғастырудан бір сәтке үмітін үзбейді. Сол асыл мақсаттың үддесінен шығу үшін 1936-1937 жылдары пән мұғалімдерін даярлайтын курста білім ала жүріп, күн көріс қамына қосымша қаражат табу үшін Семей облыстық оқу бөлімі ұйымдастырған мұғалімдер курсында сабақ беруді қатар алып жүреді.
Ғалымның саналы шығармашылық ғұмыры Семей педагогикалық институтымен тығыз байланысты. 1938 - 1941 жылдарды аталған институттың филология факультетінде білім алып, үздік бағамен аяқтайды да, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қызмет істеуге жолдама алады.
Қ.Мұхамедханов 1947 жылы Семейдегі Абай мұражайының директоры қызметіне тағайындалады.
М.Әуезовтің нұсқауымен Абайдың әдеби мектебін зерттеуге 1938 жылдан бастап кіріседі. 1951 жылы 7 сәуірде осы ісін байытып, «Абайдың әдеби мектебі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылыми-теориялық негізі жүйелі түрде жазылған еңбегі сәтсіздікке ұшырап, тұрпайы социализм әдісі бойынша теріс бағаланды.
НКВД-ның Семей облыстық басқармасы Қ.Мұхамедхановты 1951 жылы бірінші желтоқсанда антисоветтік, ұлтшылдық қызметі үшін тұтқынға алады. Ғалымның Абайдың әдеби мектебі турасындағы еңбегі саяси қауіпті құжат ретінде өртеледі. Өзге де әдебиеттану ғылымына қатысты еңбектері тәркіленіп жойылады. Қ.Мұхамедхановты халық жауы ретінде 25 жылға бас бостандығынан айырып, Карлагқа жөнелтіледі.
1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша Қ.Мұхамедхановқа қатысты сот үкімі күшін жойса да, саяси тұтқынды босатуға асықпады. Тек 1955 жылы ғана азаттық алып, еліне қайтып оралады.
Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызметін қайта жалғастырған Қ.Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттері мәселесі әлі де тиым салынған жабық тақырып бола тұрса да, ғылыми зерттеу нысаны етуде табандылық танытып, Абай шығармаларының текстологиясы жайында ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі бүгінде абайтану саласының маңызды бөлігін құрайды.
Бастаған ісін жалғастырып, 1959 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап шығады.
Түрмеден босап келген соң Қ.Мұхамедханов жарты ғасырға жуық Семей педагогикалық институтында оқытушы болып қызмет атқара жүріп қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми зерттеу мақалаларын да жариялайды.
1987 жылы Халық депутаттары қалалық Кеңесінің №11-4 шешімімен Қайым Мұхамедхановқа педагогикалық, ғылыми, қоғамдық зор қызметі, қаланың творчестволық интеллигенциясын қалыптастыру, Ертістің Семей өңірінде театр өнерін орнықтырып, дамыту және қала мен облыс қажетіне халық ағарту мамандарын тәрбиелеу ісіне қосқан еңбегі үшін «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі.
1989 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады.
Абайтанушы, ақын, драматург, аудармашы, ұлағатты ұстаз, профессор Қайым Мұхамедханов 2004 жылдың 30 - маусымында 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.