Image

Ақселеу Сейдімбек

«Қазақ ренессансы да Құрманғазыдан басталып, Абаймен тұйықталғандай»

Өмірбаян

Ақселеу Сейдімбек (1942-2009) – абайтанушы-ғалым, жазушы, этнограф, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1942 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университеті, журналистика факультетіне оқуға түседі. Студент кезінен-ақ университеттің «Журналист» газетін шығарушы алқаның және М. Әуезов атындағы Әдеби бірлестіктің мүшесі, «Қайнар» қолжазба журналының бас редакторы, Мәскеудегі қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» атты мәдени қозғалыстың Қазақстандағы өкілі болып, шығармашылық және қоғамдық жұмыстарға сергек араласа бастайды. «Лениншіл жас» газеті, «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттері мен «Білім және еңбек» журналы, «Әлем» альманағында жауапты қызмет атқарады. 1988-1997 жылдары ҚазКСР ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. 1997-1998 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, 1999 жылдан Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ғылыми ой-тұжырымдарында ұдайы Абайға жүгінді, этнография саласына қатысты жазбаларын Абай Құнанбайұлы өлеңдерімен өрнектеп, кестелеп отырды.  Абай болмысындағы ақиқат қасиеттерін айшықтау, Абай дәуіріндегі қазақтың тарихи-рухани ахуалын саралауға толығымен ден қойды. «Абай және ренессанс» мақаласында ақынның өміршең қағидалары мен рухани нұсқауын, Абай әлемінің астарлы құбылысын, ұлттық болмыспен астасқан дүниетанымын ғылыми тұрғыда нақты талдап берді. Ақселеу Сейдімбектің қаламынан «Күзеуде», «Қыз ұзатқан», «Ақ қыз», «Біратым насыбай», «Ақиық», «Атамекен», «Алпамыс батыр» атты хикаяттар әдебиет әлеміне жол тартты. «Тауға біткен жалбыз», «Рамазан мерген», «Қақпаншы», «Көңіл шіркін», «Зерде», «Олжа», «Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» деген әңгімелер жазды. «Бақыт», «Бақ, Дәулет және Аман», «Әйел-Ана», «Махаббат», «Батпан құйрық», «Серілер мен перілер», «Қосаяқ», «Емші», «Бай, байғұс және би», «Бетпақдала», «Бір түп жусан», «Ақ ешкінің шағымы», «Ағыбай батыр» деген ертегілерді туындатты. «Абылай хан», «Күннің қызы Күнікей», «Аққыз» атты киносценарийлер, «Солдаттың оралуы» деген либретто жазды. «Ойсылқара», «Қаныш берген қарындаш», «Жұлдыздар із тастап кетеді», «Сонар», «Шоқан Уәлиханов – публицист», «Батырдың анасы», «Күз ырғақтары» деген жиырма шақты очеркті өрнектеді. Ақселеу Сейдімбектің есімі зерделі өнер зерттеушісі әрі өрісті өнер иесі ретінде халқымызға кеңінен танылды. Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін тұғыр ете отырып, «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге келтірді. Сонымен қатар А. Сейдімбек бірқатар әдеби-көркем және ғылыми-зерттеу еңбектерінің авторы. Атап айтқанда, ғалымның «Аққыз» (1991), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981), «Сонар» (1989), «Мың бір маржан» (1989), «Күй шежіре». Бірінші кітап (1992), «Күй шежіре». Екінші кітап (1997), «Балталы-бағаналы ел аман бол» (1993), «Көшпелілер тарихы» (1995), «Қазақ әлемі» (1997), «Елтұтқа» (2001), «Қазақтың күй өнері» (2002), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008) деген туындылары руханият айдынын байытты. Ұлт мақтанышының мерзімді баспасөз бетінде мыңға тарта мақалалары жарық көрген. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған.

Кітаптар