«Абайда Тәңірдің бұйрығына бағыну сарыны күшті»
Айгүл Кемелбаева – жазушы, әдебиеттанушы, кинодраматург, эссеші. 1965 жылы 21 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында туған. 1984–1987 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. 1989–1994 жылдары Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының негізгі (проза) бөлімінде білім алды. Республикалық «Абай» журналының ғылыми қызметкері. «Жетінші құрлыққа саяхат» атты балаларға арналған повесть және «Тобылғысай», «Мұнара» атты әңгімелер жинағының авторы. Республикалық баспасөзде 100 шақты әдеби-зерттеу мақалалары, эсселері, аудармалары жарияланған.
Әдебиетші ретінде қалыптасуына Абай шығармашылығы айрықша әсер еткен. 2006 жыды меценат Медғат Құлжанов қорының «Абай және ислам» әдеби конкурсының ІІІ дәрежелі сыйлығын, 2007 жылы Республикалық «Абай әлемі» конкурсының І жүлдесін иеленген. Ғалым Абайтану бағытында жүйелі ізденіс жүргізді, «Гете мен Абай» деген зерттеу мақаласы жарық көрді. Баспасөзде Абай сөзі мен ілімін сараптап жазған, Абайша өз ұлтын сүюді түсіндірген «Қазаққа дұшпан қазақ па? » мақаласы жарық көрген.
Айгүл Кемелбаева 1983 жылы «Жалын» баспасының республикалық жабық конкурсында балалар әдебиетіне арналған ІІ жүлдені, 1997 жылы М. Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне жарияланған шығармашылық конкурста ІІІ орынды иеленді. Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1998). Сорос-Қазақстан –Дебют конкурсының лауреаты. Сорос Қазақстан қорының «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» атты конкурсының жеңімпазы (2000). Бірнеше дүркін республикалық, халықаралық бәйгелердің жеңімпазы болған. Әңгімелері орыс, түрік, әзірбайжан, неміс тіліне аударылған. Романы ағылшын тіліне аударылған.