Image

Айгүл Ісмақова

«Абай мұрасы – бүгінгі рухани қажеттілік»

Өмірбаян

Айгүл Ісмақова – абайтанушы, алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы (1998). 1958 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын (1980) бітірген соң Қазақстан ҒА-ның Әдебиет және өнер институтында лаборант (1980), Мәскеу қаласындағы Дүниежүзі әдебиеті институтында ізденуші-стажер (1981), аспирант (1982–85) болды. Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер (1985–94), аға ғылыми қызметкер (1994–2000), 2001 жылдан бөлім меңгерушісі атанды.

Әдебиеттанудағы ғылыми ізденістерінің негізгі бағыты — қазақ әдебиетіндегі жанр, стиль өзгешеліктері мен ерекшеліктері мәселесі «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ көркем прозасының поэтикасы (тақырып, жанр, стиль)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1998 жылы «Қазақ көркем прозасы. Поэтика, жанр, стиль», 2009 жылы «Алаш әдебиеттануы» еңбектерін жазды. Сонымен қатар «Қазақ көркем прозасы» (1998), «Әдебиетте тоқырау болды ма? » («Жалын», 1990, №2), «Абай санасындағы керкем проза» («Қазақстан Республикасы ғылым академиясының хабаршысы. Филология сериясы», 1995, №4), «Қазіргі ой-пікір және Абайдың мәңгілік мұрасы» («Халықаралық симпозиум», 1996, ҚазМУ баспасы), т.б. зерттеу еңбектері жарық керді.

Ғалым Абай Құнанбайұлының ой-тұжырымын тарқатып, жаңа заман зердесімен үйлестіре талдады. Өзінің «Абай мұрасы - бүгінгі рухани қажеттілік» деп аталатын мақаласына Абайдың құнды ілімін адамзат тарихындағы елеулі оқиға ретінде қарастырды. «Абай бүгін XXI ғасырда қандай ойларымен қажет? Ол адам баласына (тек қазаққа емес!) әр уақытта маңызды болған «мәңгілік сауалдарды» қоя білуімен және сол сауалдарға жауап беруімен қажет. Оның осы жолдағы рухани ізденістерімен, сол басты құндылықтарды анықтап беруі адамзат тарихыңдағы елеулі парасатты оқиға», - деп жазды. Сонымен қатар «Абай тағылымы» телехабарында Абай шығармашылығын саралап, өлеңдерінің мән-маңызына тоқталды. Ғалым ретінде Абайдың сөзіне тұңғыш ғылыми түсініктеме жазған Ілияс Жансүгіров екенін айғақтады.

А.Ісмақованың 300-ден астам мақалалары алыс-жақын шетелдерде (Мәскеу, Вильнюс, Донецк, Будапешт) ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектерінде әдебиет теориясы мен қазіргі әдеби процеске қатысты тұжырымдар әлемдік әдебиеттану ғылымының контексінде қарастырылады.

2015 жылы әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісмақованың «Елтаным» баспасынан «Қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері», «Қазіргі әдебиет пен әдебиетті зерттейтін қауым», «Қазақ әдебиеттануындағы тәуелсіздік идеясы», «Қазақ әдебиеттануы», «Жазған сөз жаным ашып Алашыма», «Алаш ғылымы және тәуелсіздік», т.б. зерттеулері жарық көрді.

Жарияланымдар
Кітаптар