Ғаббас Тоғжанов (1900-1937) – қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист. Көкшетау облысы, Қызылту ауданында туған. 1915–1917 жылдары Омбы гимназиясында оқыды «Бірлік», «Жас азамат» атты қазақ жастар ұйымдарының жұмыстарына араласты. 1919 жылы РКЖО-ның Сібір бюросы жанындағы қазақ-татар секциясының хатшысы, «Еңбекшіл жастар» газетінің редакторы қызметін атқарды. 1920–1922 жылдары Ақмола губерниясы төтенше комиссиясының хатшысы, бөлім бастығы, алқа мүшесі болды. 1922 жылы Орта Азия университетіне оқуға түсті әрі «Жас қайрат» (кейінгі «Лениншіл жас») газеті жауапты редакторының орынбасары қызметін атқарды. 1923–1924 жылдары Мәскеудегі В. Г. Плеханов атындағы Халық шаруашылығы институтында оқып жүріп, Орталық «Күншығыс» баспасы қазақ секциясының хатшысы болды.
1924–1926 жж. РК (б)П ОК баспасөз бөлімінде нұсқаушы болды. 1926 жылы Қазақстанға шақырылып, Өлкелік партия комитетінде баспасөз бөлімінің меңгерушісі (1926–1928), «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы (1926–1932), Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (1935–1936), ҚазКСР Халкомсовы жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары, кейін бастығы (1936–1937) қызметтерін атқарды.
Ғаббас Тоғжанов қазақ әдеби сынының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. «Екі жастың әңгімесі», «Қазақ кедейіне егіндік пен шабындық жерді бөлуден түсер пайда», «Қазақ ауылы туралы» (І. Жансүгіровпен бірге, 1932), «Абай» (1935), т. б. еңбектердің авторы.
Сыншының абайтану саласына қосқан еңбегі ересен. «Абайды әлі білгеміз жоқ», «Абайдың заманы», «Абайдың өмірі, өскен ортасы, алған тәрбиесі», «Абайдың өлеңдеріндегі қайшылықтар», «Абайдың реализмі», «Абайдың ұлтшылдығы», «Абайдың кедейге, бұқараға көзқарасы», «Абай өлеңдерінде әйел мәселесі», «Абайға орыс культурасының қандай әсері болды», «Абайдың ақындығы» сынды ой-толғамдарын қағазға түсірді. Абайдың ашқан жаңалықтарын саралап, ғылыми анықтама берді.
Ғалым қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш болып Абайға қатысты монография жазды. Ғаббас Тоғжанұлының «Абай» кітабы 1935 жылы Алматы мен Қазанда, «Қазақстан көркем әдебиет» баспасынан шықты. Еңбек 161 беттен құралды. Жауапты редакторы Қ. Жұбанов, техникалық редакторы Хасанұлы, жауапты корректоры Ахметұлы болды.
Қазақ тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнеріне қатысты жүздеген мақала жазды. Қоғам қайраткері 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.