Абай Онегинді неге «өлтірді»?..
Тұрсынжан Шапай
(Абай аудармасындағы Онегин бейнесінің трансформациясы)
Көркем аударма, ең алдымен, әртүрлі тілдер мен мәдениеттер аралығындағы рухани құндылықтар тасымалшысы. Өзге халықтың этникалық, психологиялық ерекшеліктерін және олардың әлем келбетін лингво-мәдени тұрғыда әрқалай көріп-түйсінетін жайларын ескере отырып, аудармашы сол елдің мәдениеті туғызған айтулы құбылыстар санатындағы көркемдік сапасы биік, терең туындылардың рухани мазмұнын өз тілінің мүмкіндіктерімен қайта сомдайды. Соның ішінде, поэтикалық аудармаға қойылар талап – түпнұсқа мазмұны мен формасының тұтастығын сақтап, туындының дәлме-дәл, бірақ жансыз көшірмесін емес, оның тірі рухын, әсемдігі мен әуез-тынысын жеткізе алар деңгейде болуы.
Ал осы тәржіма нұсқа аудармашының елінде рухани-көркемдік игілікке айналу үшін, сол аудармашының тіліндегі жанды әдеби процесске еркін кірігіп, айтулы мәдени фактіге айналуы шарт. Аударма туындылардың ең үздік үлгілерін оқырман – тәржімашының өз тілінде жасалған төлтумадай қабылдауы тиіс. Сонда ғана автор мен оқырман, әртүрлі мәдениеттер арасындағы рухани сұхбат-тілдесу арада ғасырлар өтсе де, жаңғырып, жалғаса бермек.
Абайдың Пушкиннен жасаған аудармалары – төл әдебиетіміздегі осы талап пен шарттың үдесінен шыққан алғашқы үлгілер.
1882–85 жылдар аралығында М.Ю. Лермонтовтан жартылай ғана аударған, немесе, мәтіні толық сақталмаған бірді-екілі өлеңді («Бородино», «Әм жалықтым, әм жабықтым») есепке алмасақ, Абайдың аудармашылық тарихы 1889 жылдар шамасында А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан бірнеше үзік-фрагментті тәржімалауынан басталады. Үзік, фрагмент дейтін себебіміз, Абай Онегин мен Татьяна арасындағы махаббат желісін ғана ала отырып, соның ең драмалы, түйінді тұстарын романның біртұтас мәтінінен «үзіп» алып, әрқайсысын жеке өлең ретінде аударады. «Евгений Онегиннен» аударылған осы үзіктер сол, бір ғана тақырып бойынша топтасқан тұтас өлеңдер тізбегі (цикл) болып, мына түрде жүйеленеді:
1) Онегиннің сипаты («Жасынан түсін билеп, сыр бермеген»)
2)Татьянаның Онегинге жазған хаты («Амал жоқ, қайттым білдірмей»)
3) Онегиннің жауабы («Таңғажайып бұл қалай хат»)
4) Онегин сөзі («Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін»)
5) Онегиннің хаты («Құп білемін, сізге жақпас»)
6) Татьяна жауабы («Тәңірі қосқан жар едің сен»)
7) Ленский сөзінен («Барасың қайда,қайда болмай маған»)
8) Онегиннің өлердегі сөзі («Жарым жақсы киім киіп»)
Бұлардың алдыңғы жетеуінің оригинал-түпнұсқасы Пушкинге тиесілі. Соңғы, курсивпен терілген сегізінші өлең – Абайдың өзі қосқаны.
Роман ба, өлеңдер топтамасы ма?
(Абай аудармасының жанры туралы)
Абайдың Пушкиннен жасаған аудармаларының бытыраңқы жеке өлеңдер емес, мазмұны бір-бірімен жалғас жүйелі топтама, тұтас шығарма екеніне қазіргі абайтанушы-зерттеушілердің ешқайсысы дау айта қоймайды. М.Әуезовтың: «Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне айналған» деген бір сөзі бар. Расында да, Пушкин романындағы негізгі бір ғана желі – Онегин мен Татьяна махаббатының тарихына құрылған бұл аудармалар циклы, ә дегенде, бізге хаттар мен лирикалық-драмалық монолог сипатты кейіпкерлер сөзінен тұратын өзінше бір шағын баян, мөлтек «роман» іспетті көрінеді: Онегинге мінездеме; Татьяна екеуінің бір-бірімен жазысқан хаттары; монолог түріндегі «тілдесулері»; арадағы Ленскийдің ішкі монологы (өлер алдында жазған өлеңі); ең ақыры, Онегиннің өлердегі монолог-сөзі… Абайдағы жоғарыда көрсетілген сегіз фрагмент, жеке-жеке сегіз өлең – біртұтас шығармадай оқылады. Ақынның бұл өлеңдерді түпнұсқадағы хронологиялық ретін сақтай отырып, бір-біріне жалғастыра аударуында да белгілі бір жүйе, болжалды оқиғалық-баяндық сипат бар. «Евгений Онегиндегі» әңгімеші (баяндаушы)-автор сөзі аудармадағы «Онегиннің сипатынан» басқа жерде жоқ – Абайдағы кейіпкерлер (Онегин, Татьяна, Ленский) тек өздері сөйлейді. Онегин мен Татьянаның диалогы – бір-біріне жазған хаттары мен соған көзбе-көз айтқан монолог түріндегі жауаптар. Пушкин романында да алдымен хатты Татьяна жазады, ал Онегин қыз үйінің маңында бетпе-бет жолығып, оған өз жауабын айтады; романның соңына қарай хатты енді Онегин жазады да, жауабын алғанша жаны жай таппай, қазірде күйеуге шығып, от-ошағы өзге болған Татьянаны мезгілсіз уақытта үйіне шақырусыз іздеп барып, айтар сөзін өз аузынан естиді. Хатты кейіпкерлер қалай, қашан жазды, жауабын қандай жағдайда, қай жерде естіді – мұның бәрі аудармада жоқ: мысалы, Онегиннің Татьянаға арнап сөйлеп тұрғанын білеміз, бірақ тыңдап тұрған Татьянаны көрмейміз, немесе, керісінше т.с.с. Жаңа айтқанымыздай, Абайдың мөлтек «романында» жоқ ең басты нәрсе – «Евгений Онегиндегі» кейіпкерлер жайын, орыс өмірінің бар көрінісі мен сырын егжей-тегжейлі баяндап, Онегинмен дос-жар адам ретінде өзі де романның бір кейіпкері санатында көрінетін әңгімеші-автор. Бұл – «Евгений Онегин» мазмұнының тарихи-әлеуметтік контексі Абай аудармасынан тыс қалды деген сөз. Романнан аударған шағын өлеңдер циклінде ақын оның бәрін қамтуды мақсат та етпеген, көздеген көркемдік мұраты да басқа. Сондықтан, әрине, аудармаға қатысты «роман» сөзін тырнақшаға алып, шартты түрде айтып отырғанымыз белгілі. Дегенмен, «Евгений Онегиннің» сюжеттік-композициялық жүйесін бір ғана линия бойынша болса да қатаң ұстап, Онегин мен Татьянаға қатысты тарихтың шағын ғана түпнұсқалық моделін айнытпай берген Абай үлгісін оригиналмен салыстыру, талдау барысында, ыңғайлылық үшін бұл терминді де қолдана отырудың артығы жоқ деп ойлаймыз. Оның үстіне, тұтастыра алып қарасақ, Пушкин романынан Абай аударған бұл өлеңдер тізбегі – Татьяна-Онегин желісінің ұзынырға мазмұны мәтін сыртында ауызша әңгімеленіп, махаббат тарихының қарапайым ауызекі баяндауға келмейтін, драмалық ширығысқа жеткен ең нәзік, ең шырайлы тұстары ғана өлеңмен жырланған, түпнұсқа романның жанрлық бітіміне етене өзінше бір лиро-эпикалық шығармаға ұқсап тұратыны тағы бар. «Ауызша» дейтініміз, орыс романдары ғана емес, басқа шетел әдебиетінің қайсыбір үлгілері де айналасына Абайдың әңгімелеуімен тарап отырғаны белгілі. М. Әуезов: «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. «Евгений Онегин» үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан «назира» үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды. Мысалы бізде «Ләйлі мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын» және «Александр Македонский» (Ескендір) туралы поэмалардың сюжеттерін ертедегі тәжік, азербайжан, өзбек классигі Навоиге ұқсап, Александр (Ескендір), Аристотельді осы қайталау планында жырлайды. Ұлы мұраны еркін ақындық баяндаудың осы мәнерін Абай «Евгений Онегинге» де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне ие болған» дейді. (курсив – өзіміздікі) [3,185]
Ал, жалпы, Абай аудармасының біз жобалаған жаңағы ауызша айтылуы мүмкін болжалды «роман» нұсқасын ұмыта тұрып, қағазға, таңбаға түскен нақты мәтініне ғана келсек, бұл – тұтас романнан кездейсоқ алынған, бір-бірімен байланысы жоқ жеке өлеңдер емес, лирикалық-драмалық мазмұны біртіндеп дамып, ретімен жалғасып, қорытынды финалына жеткен бүтін тізбек, біртұтас поэтикалық құрылым. Және бұл – дәстүрлі өлеңді баян емес, желілі оқиғалық арқаудан, нақты тарихи, әлеуметтік контекстен тәуелсіз жеке лирикалық өлеңдер мен лирикалық цикл-топтаманың тұтастығынан тұратын бас-аяғы бүтін туынды. Бұл жанрлық нышандар қазақ ақынының аудармалар циклын орыс әдебиетінде екі ғасырдың тоғысар шегінде (ХІХ-ХХ ғ.ғ.) ғана туып, дами бастаған «лирикалық поэма» үлгісіне жақындатады. Осы аталған белгілері бойынша, Абайдың еркін аудармалардан түзілген бұл біртұтас-бүтін шығармасын қазірде шарттары әлі толық түгенделе қоймағанмен, жанрлық сипаты біршама айқындалған дәл осы лирикалық поэма үлгісіне жатқызар едік. Әрине, аса шағын көлемдегі лирикалық поэма. Алғаш рет Абай аудармасына қатысты осы терминді (лирикалық поэма) кезінде әдебиет зерттеушісі, ф.ғ.д. Ж.Ысмағұлов қана бір мәрте қолданғанын білеміз: «Қысқасы, бұл үзінділер бас-аяғын қосқанда, сол кездегі қазақтар қызығып оқитын, махаббат тақырыбына арналған шағын ғана лирикалық поэма болып шыққан» (курсив – өзіміздікі) [9,61-68] Өкінішке қарай, ғалым бұл қорытындыға қандай негіз, нақты қандай жанрлық шарттарға сүйеніп келгені туралы ештеңе айтпайды. Біз өз тарапымыздан осы «жас» жанрға тән негізгі нышандарды жоғарыда қысқаша жинақтап көрсетуге тырыстық.
Бұл мәселеде пікірлер әлі де әр алуан. Мәселен, акад. З.Ахметов Абайдың Пушкин романынан алған үзінділері назира үлгісінде аударылған, ал оны «эпистолярлық роман түріне айналған» деген М. Әуезов сөзін шартты түрде айтылған десе, проф. Ш. Елеукенов бұл – аударма деуге келмейтін Абайдың төл туындысы екенін айта келіп: «Абай қазақ романы тарихының бастау көзін ашып, Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтқандай, романның эпистолярлық түрін өрнектеді» [11] дейді. Ал «А.С. Пушкин шығармаларының аударылуын арнайы зерттеген С.Абдрахманов «Евгений Онегин» романының тәржімасын зерттей келе, «Пушкин романының кейіпкерлері арқылы Абай да өзінің лирикалық көңіл-күйін ашқан. Аударманы лирикаға айналдырған. Абай өзінің «Евгений Онегинін», негізінен алғанда, аударма тәсілімен туындатқан. Шығармашылық еркіндікпен қарап, қазақ қауымына бейімдеп келтірген. Бойында назиралық сипаттары бар аударма дейміз» деген пікір түйсе, проф. Дандай Ысқақов: «Қалай десек те Абайдың аудармасында көркем шығармаға тән өзіндік композициялық тұтастық та бар: алғашқы «Онегиннің сипаты» романның прологы іспеттес те, ал Онегиннің, Татьянаның хаттары, Ленскийдің сөзі жеке тараулардың, соңғы «Онегиннің өлердегі сөзі» эпилогтың қызметін атқарып тұрғандай. Жанры жағынан келетін болсақ, бір-біріне ғашық екі жастың махаббат сезімдеріне толы хаттар түрінде жазылған лирикалық роман болып шыққан. Сөйтіп, Абай қазақтың алғашқы эпистолярлық лирикалық романының негізін салды» деп жазады. (курсив – өзіміздікі) [11]
Осылай жалғастыра беруге де болар еді, бірақ оның дәл қазір еш мәні жоқ. Әзірше, бұл мәселе бойынша пікірлер диапозоны: // назира үлгісіндегі еркін аударма – төл туынды // тұтас аудармалар топтамасы – эпистолярлық роман // деген аралықты қамтитынын айтсақ та жеткілікті. Бір тоқтамға келген сыңай әлі байқалмайды.
Біз тұтастыра қарап отырған осы аудармалар топтамасындағы бір назар аударатын нәрсе – ондағы әлеуметтік фон, сыртқы уақыт пен кеңістік белгілерінің, тұрмыстық реалия нышандарының жоқтығы. Айталық, осы циклдағы хаттардан, кейіпкерлер сөзінен, әңгіменің қай жерде, қай кезде, тіпті, қай заманда болып жатқанын біле аласыз ба? Хаттарда, жауап сөздерде Татьяна мен Онегиннің бір-біріне деген сезімдерінен, өкініш, үміт, қапасынан басқа әңгіме бар ма? Тіпті, кейіпкерлердің орыс екенін аттарына қарап қана ажыратасыз… Әрине, түпнұсқаны білгендіктен бізге бәрі түсінікті. Ал, «Евгений Онегиннен» мүлде хабарымыз жоқ адам болсақ ше?..
Абайдың бұл аудармаларының осы ерекшелігіне (кемшілігіне емес!) қарап, біз, өз тарапымыздан, әзірше, әдепкі «роман» да, «эпистолярлық роман» да емес, осы «жоқтардың» бәріне тәуелсіз лирикалық поэма деген анықтамаға табан тірейміз.
Дегенмен, бұл – алдағы уақытта жеке қарастырылатын мәселе.
***
«Ленский сөзі»
(сюжеттік-композициялық параллельдер мен симметриялар)
Бұл өлең алғаш Абай шығармаларының 1940 жылғы басылымында жарық көрген. «Евгений Онегиннің» алтыншы тарауындағы ХХІ, ХХІІ шумақтарынан аударма. М. Әуезов бұл шығарманың жазбасы да, көшірмесі де табылмады, әнге салып айтып жүрген жігіттердің аузынан алдық деп түсінік береді. ( Әуезов М. 15 т., 205-бет) Бізге бас-аяғы екі-ақ шумақ осы өлеңнің барлық жинақтарда «Онегиннің өлердегі сөзінің» алдында келуі де кездейсоқ емес, бір нысаналы тұспалдай көрінеді… Зер салып қарасақ, Пушкин романының сюжеттік-композициялық құрылымында айқын көрініп тұрған бір парралельдер, қайсыбір сюжеттік ситуациялар керісінше қайталанатын симметриялық қисындар бар. Мысалы, романның басындағы Татьянаның күйіп-жанған сүю азабы аяғында Онегиннің өз басына түседі. Оның о баста Татьянаның жанын мұздатқан сезімсіз салқындығы енді Татьянаның бас кейіпкерімізге деген ілтипатсыз, тәкаппар немқұрайдылығына алмасқан… Жас жүректің бар сырын төккен махаббат хатын баяғыда Татьяна жазса («Амал жоқ, қайттым білдірмей»), оты сөнген жанының қалған қоламтасын қозғап, өмір мен өлімнің арасында тұрған жанша ақырғы үмітін салып, енді Онегин жазуға мәжбүр («Құп білемін, сізге жақпас»). Және бір хат емес, жауапсыз қалса да, жаны жай таппай, бірнеше хат жазуға мәжбүр… («Второму, третьему письму// Ответа нет…») Кезінде, қыз үйінің жанында, бақ ішінде жолығып, өмір көрмеген балауса жас Татьянаның хатына суық ақыл, салқын әуезбен Онегин жауап айтса («Таңғажайып бұл қалай хат»), роман соңында өмірдің бар сырын ұғып-түсінген, күллі жақсы-жаманның дәмін татып жалыққан адамның кейпіндегі кейіпкеріміздің бар үмітін үзіп, соған ұқсас әңгімені енді Татьянаның айтып отырғанын көреміз («Тәңірі қосқан жар едің сен»)… Осы ретпен келсек, сүйген қызы екеуінің арасына жөнсіз киліккен қылығына орай, Ленскийдің Онегин досын дуэльге шақырған оқиғасы да романның мағыналық аясында өз симметриясын тапса керек еді… Біздіңше, тапқан да сияқты: Пушкиннің ашық финалының астарында ашық айтылмаған, бірақ сол заманның салтымен таныс әркімге-ақ белгілі бір ишара, меңзеу бары анық. Қараңыз:
Она ушла. Стоит Евгений,
Как будто громом поражен.
В какую бурю ощущений
Теперь он сердцем погружен!
Но шпор внезапный звон раздался,
И муж Татьянин показался,
И здесь героя моего,
В минуту злую для него,
Читатель, мы теперь оставим,
Надолго… Навсегда. [5, 149]
Одан әрі қарайғы, оқырманға қарата айтылған, шығарма сюжетіне қатысы жоқ шағын толғанысты есепке алмасақ, роман финалы – осы. Бірақ финал тұйықталмайды – кейіпкерімді осы бір жаманат, зұлмат сәтінде қалдырып («В минуту злую для него»), онымен біржола қоштасамыз дейді автор. Бұл – Онегиннің үмітін біржола кескен соңғы үкімдей бар айтарын айтып, Татьянаның өз бөлмесінен жаңа ғана шығып кеткен мезеті. Төбесінен жай түскендей есеңгіреп, біреудің әйелінің оңаша жайында қалшиып тұрған Онегин... Дәл сол сәтте аяқ астынан келе қалған, шпорлары сыңғырлап… міне, кіріп келе жатқан Татьянаның күйеуі… Ақсүйек князь, майдангер генерал!.. Онегинмен алыстан туысатын, әрі сырын жақсы білетін замандасы… Шақырылмаған қонақ өзі жоқта үйіне баса-көктеп кіріп, әйелімен оңаша сөйлескен… Ары қарай не болатынын өзіңіз елестете беріңіз: Пушкин заманындағы жоғарғы ақсүйек қауым, зиялы ортаның салтында мұның арты, сөз жоқ – дуэль!.. (І Петр патша тұсынан ХХ ғ. басына дейін жалғасқан үрдіс. Пушкиннің өзі де әйелінің ар-намысын қорғап құрбан болғанын еске алыңыз). Бұл ортада өсекке қалудан, сөз баққан жұртқа күлкі, келеке-мазақ болудан, ез атанудан өткен қорқыныш, қорлық жоқ. Сондықтан қандай да бір себеппен ердің намысын қорлау, қызғаныш, жәбір, осы ортада қалыптасқан құрмет-әдеп рәсімін бұзу, тіпті, кейде, аңдаусыз айтылған сөз, орынсыз қылық, қиғаш әзіл соңы қақтығысып қалған екі адамды, көбіне-ақ, жекпе-жек, атыс алаңында беттестіретін. Ал Пушкин не өлі емес, не тірі емес, ес-түссіз тұрған кейіпкерін бөгде адамның жары болған әйелдің жеке бөлмесінде, кездейсоқ үстіне келіп қалған күйеуінің көз алдында қалдырып… романды аяқтайды. Бұл енді, біздіңше, аяғы не боларына күман қалдырмайтын классикалық ситуация!.. «Евгений Онегинде», әрине, Татьянаның күйеуі мен Онегин арасындағы дуэль туралы әңгіме жоқ, бірақ, жоғарыда көргеніміздей, шығарманың мағыналық-мазмұндық кеңістігінде осыған анық ишара бар. Романдағы сюжеттік ситуациялардың симметриясы да оқиғаның дәл осылай аяқталарына қосымша меңзеу болып тұрғаны сөзсіз. Алдыңғы бөлімдерде баяндалған көп жайлар шығарманың кейінгі жартысында айнаға шағылғандай кері айналып түсетін яғни, керісінше мәнде қайталанатын композиция логикасына бақсақ, Ленский мен Онегин дуэліне енді романда нақты көрініс таппаған, бірақ айқын ишара етілген Онегин мен Татьянаның күйеуі арасында болмақшы жекпе-жек шендестірілмек. Тағы осы логикаға сүйенсек, нәтиже де «айна» принципі бойынша, керісінше шықпақ – алдыңғы дуэльде Онегин Ленскийді өлтірсе, мына кейінгісінде Татьянаның күйеуі Онегинді өлтіруге тиіс!..
***
…Абай өз тәржімашылығынан не мағыналар көрді?
«Мәдениеті өзгеше, танымы ортасынан оқшауланған адамның ішкі әлемі, парасат, өнер қуаты өзге кең өрістерді аңсайды. Бұл сипатты тұлғаның (ақынның) шабытына, көркемдік аңсарына қарабайыр ортаның, шағын қауымның болмыс-тіршілігі ұдайы лайықты мазмұн, тақырып тауып бере алмайды. Аударма – Абай үшін шеберлік жетілдіру, өнер жарыстыру ғана емес, өзі теңдеспен сырласу, ортасына «жат» ойлар мен сезімдерді қазақша өрнектеу талабынан туған қажеттілік деп қарау керек. …Тақырып жөнінен кейде дәстүрден шығандап құрық үзіп кете алмайтын Абай, аудармаларында «сегіз қиыр шартарапты» шарлайды.
Сол арқылы дәстүрдің шеңберін талқандап, қазақ өлеңінің мәдени өрісін ұлғайта түседі. Сол талпыныс, мәселен, Пушкиннен аударған үзіктердегі ғажайып сырлар мен поэтикалық бейнелерге жол ашады. Пушкиндік «материалды» өз жаны мен ойының сәулесін қосып, еркін игеріп, тіпті, «билеп-төстеп» кетеді. Пушкинде жоқ өрнектер төгеді. Пушкиндегі тірі Онегинді өлтіреді…
Пушкин – Абайдың ақындық мәдениетке жетігу мектебі ғана емес, бәсекелесі де» [8, 23]
Бұрынырақта айтылған осы пікірлерге қазір де келісе отырып, «Пушкиндегі тірі Онегинді өлтіреді» деген сөзге, «Евгений Онегинді» соңғы жылдары үңіле отырып қайта оқып шыққаннан кейінгі көзқараспен, аздап дау айтуға тура келеді. Рас, романда Онегиннің өлімі туралы әңгіме жоқ. Шығарма оқиғасы соңғы тарауда оның Татьянамен жүзбе-жүз әңгімесі кезінде үзіледі. Бұл әңгіме, әрине, Онегин үшін жақсылықпен бітпейді – автор оны тілегі қабыл болмаған, Татьянадан үміті үзілген қалпында қалдырып, романды аяқтайды. Ары қарай не болатынын Пушкиннің өзі ғана білмесе, былайғы оқырманға белгісіз. Ал енді шығарма құрылымы мен мазмұнына бажайлай үңіліп, оқиғалар қисынына, кейіпкерлер тағдырының логикасына бақсаңыз, роман, дәстүр бойынша, толық аяқтала қалған жағдайда Пушкин Онегинді тірі қалдыра қояр ма еді деген күмән ойлай бастайсыз… Пушкиннің оқырманды дәркүмән қүйге салып, «Евгений Онегинді» аяқсыз, ашық финалмен аяқтауында не сыр бар? Абайға Пушкиндегі тірі Онегинді өлтірді деп «кінә» артқанымыз қаншалық орынды?
Тіпті, жаңағы әңгімеден кейін, Татьянадан біржола айырылып, есі кіресілі-шығасылы тұрған Онегин… тірі адамға ұқсай ма, өзі?..
Она ушла. Стоит Евгений
Как будто громом поражен… [5, 149]
Енді соған келейік.
***
Ашық финал қалай тұйықталды, немесе Абай Онегинді неге «өлтірді»?
Бұрынғы Онегин өзіне сенбейтін, сезімге сенбейтін. Өзін жас жүрегінің бар жалынымен сүйген қызды әу баста осы жайын, бар шынын айтып, айнытып баққан Евгений, Татьянаны енді көргенде:
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға Құдіреттен
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт, – [1, 165]
деп, баяғы «басы қатты сұм жүрегінің» сезімді, махаббатты мойындағанын, өмірге сенімі жоқ «сорға біткен көкірегінің», ақыры, айналып келіп байланар бір қазық тапқанын айтады. «Ескі серт» деп, бұл жерде, өзіне міндет, бойға мінез ғып жұқтырған сол ескі әдеттерін айтып отырғаны анық. Онымен қоймай:
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сияқты сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр, – [1, 166]
деп, кезінде өзі басқа тепкен бақыттан («Жетпедім, не жасырамын// Гауһарымның қадіріне») ендігі орынсыз үміт, мезгілсіз дәмесін де жасырмайды. Бірақ, «Мезгілі жоқ қай медеу?» деп өзі айтпақшы, ендігі үміттің орны жоқ екен… Татьяна айтады:
Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп.
Мен де сорлы нәсібімнен
Жатқа тидім алшы деп.
Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар?.. [1, 168;169]
Қоғамнан, ортадан орын таппай сандалған бағдарсыз, ұждансыз «басы артық адамға» – сүреңсіз тіршілігіне сәуле, қатқан тамырына қан жүгіртер соңғы тал қармарындай осы сыпатты Татьянадан тірідей айырылған Онегинге – тіпті, өлмеген күннің өзінде, енді өмір жоқ екені айдан анық.
Абай осыны түсінді.
Сондықтан өз Онегинінің аузына «Мен бұрылып түзеле алман» деген сөзді салады («Онегиннің өлердегі сөзі»). Осыған жақын сөзді ол Татьянаға алғашқы жауабында да айтқан: «Мен – сынық жан, жамағанмен // Түзеле алман түрленіп». (Орысша нұсқада да Онегиннің «Мечтам и годам нет возврата;// Не обновлю души моей» дейтіні бар). Түп-тамыры сол дәуір, сол ортаның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-психологиялық ауанымен сабақтасып жатса да, бір кездегі романтикалық қаһармандарға тән оқшау көңіл-күйдің өмірге көшкен жүдеу ұсқынындай біралуан сәнге айналып, бойға сіңіп үлгерген мінезден – «басы артық адам» психологиясынан арыла алмасын Абайдағы Онегин өзі де біледі…
Рас, сырттай қарағанда, о баста «аяқсыз» тұрғанды аяқтап, түпнұсқа авторы ыммен нұсқап, ишарамен білдірген жайды Абайдың анықтап атап, ашып көрсетуі – Пушкин романының поэтикасына қайшы екенін де мойындауымыз керек… Сюжет желісін әдеттегіден басқаша тұжырып, аяғына жеткізбей кілт үзетін тәсілді Пушкин саналы, принципті түрде қолданған. Орыс әдебиетінде бұрын мұндайды көрмеген әріптестерінің шығарманы толық аяқтау туралы ұсыныс, кеңестеріне де құлақ аспаған. Роман толық аяқталды деп есептеген. Яғни, бір есептен, сол дәуірдегі орыс қоғамының жайына, жоғарғы қауымның мінез-салтына жетік әркім-ақ былай да түсінеді деп білген нәрсені артық ежіктеп жатпаған сияқты. Екіншіден, бұл – ынталы оқырман үшін интригаға, кейіпкер тағдырының басқа да шешімдерін, роман финалының өзге де версияларын өз тарапынан іздеп көруге мүмкіндік, өріс қалдыратын қызық тәсіл болғаны даусыз. Роман финалы туралы әлі күнге дейін болжам, пікір, ізденістердің сарқылмауы соның дәлелі.
Бірақ өз аудармасы арқылы Татьянаға бауыр басқан, жас қыздың махаббаты мен күйіп-жанған жан азабына себепкер Онегиннің де тағдырын білмекке ынтызар, алайда сол тұстағы орыс жоғарғы қауымының салт-санасынан бейхабар қазақ тыңдаушысы мен оқушысын Абай Пушкин заманындағы орыс оқырманы да бірден қабылдай алмаған ашық финал, екіұшты күңгірт тұспалмен қалдыра алмады…
«Онегиннің өлердегі сөзін» айтқызып, «қай тарапқа қаңғырарын» білмеген сорлы кейіпкерін алаңсыз «өлтіріп», өз «романын» аяқтады:
Мен бұрылып түзеле алман,
Қайтсін дедің сорлыңды…
Атам, анам – қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды. [1, 172]
***
Сөйтіп, Пушкин кейіпкерінің мінез-болмысына әбден қанық, содан да оның ендігі тағдыр-көрешегін жазбай болжаған Абай роман үзінділерінен өзі жасаған аударма нұсқаны Татьянаның жауабы күйреткен үмітсіз Онегиннің өлімімен аяқтауды жөн көрді. Пушкин әдеби тәсіл ретінде әдейі аяқсыз, ашық қалдырған финалды аз-кем жалғастырып, өз жанынан оригиналда жоқ өлең қосып, логикалық ақыр-тәмамына жеткізіп бір-ақ тоқтады. Әрине, шабытын ірке алмағаннан емес. Бұл әрекетке Абай, жоғарыда айтылғандай, қандай да бір оқиғалы-тағдырлы дүниенің қашан да айқын шешімін күтетін, «мәселенің» немен біткенін анық білгісі келетін өз оқырманының жағдайына қарап, саналы түрде барған деп ұққанымыз дұрыс.
Ал енді, осы, Онегинді «өлтіретін» шешімге екі ақын оқырманын қалай дайындайды?
«Дайындайды» дейтініміз, көркем шығарма кейіпкерінің өлімі ешқашан кездейсоқ болмайды. Кейіпкер тағдыры автордың албаты қалауына, сәттік көңіл-күйіне емес, көркемдік идеяға, шығарма концепциясына байланған. Шынын айтсақ, Пушкин мінездемесінен де, Абайдың «Онегиннің сипатынан» да біз, әдепкі «басы артық адамды» ғана емес, ең алдымен, мінез шекарасына, жалпы болмыс-бітіміне қысқа сөзбен қайырып анықтама беруге келмейтін қайшылықты, күрделі тұлғаны көреміз. Онегин – бойында әрқилы адами, табиғи қасиеттердің дәні бола тұра, кезінде «ғасыр сырқаты» аталған, айналып келгенде: бар нәрседен түңіліп, көңілі қалу, бәрінен жалығу, құлазу деген сөздермен сипатталатын жан «дертіне» шалдыққан адам. Өз пайымымызша, бұл, жоғарыда айтқанымыздай, заманауи, қоғамдық себептері бола тұра, белгілі бір дәрежеде, романтикалық оқшаулану күйіне еліктеуден, соған сәйкес өз тұлғасын асыра бағалаудан, сөйтіп, өмір бағдарынан адасып, орнын таппай қалудан туатын ахуал. Онегин бұл халден арылуға тырысып-ақ бағады, бірақ одан ештеңе шығара алмайды. Ең алдымен, ол адамдардан суыйды, айналасымен қарым-қатынастан жалығады, өз ортасының бар қызық-шыжығынан да жериді. Айналысып көрген ісінің бәрінен оңай айнып, тез зерігеді. Абай айтқан «Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар» дегенге келетін күй… Ортадан кетіп, провинцияға, деревняға ауысқандағы қарапайым өмір де оны сергітіп, селт еткізе алмайды. Ең жаманы – болмысындағы сирек те болса көрініс, белгі беріп қалатын шынайылықты, табиғи сезімді мойындаудан қашады, оны бір әлсіздік, өз бойына лайықсыз іс көреді. Шын жаратылысынан гөрі, өзіне өзі мінез ғып сіңірген скепсис, суық эгоизм, бәріне жоғарыдан қарайтын сол тәкаппарлық салдарынан салқын-күңгірт өміріне сыналап енуге талап қылған бір нәзік, ізгі сәулелерді де бағалай алмай қалады. Бұл жерде әңгіме Татьяна мен Ленскийге қатысты. Албырт жас, ақ көңіл Ленскийді дос ретінде іштей жақсы көретінін Онегин өзі де сезеді – мойындағысы келмейді. Өз көңілінде өзі жасап алған тұлғалық биігінен оған да іштей астамшылықпен қарайды. Достың көңіліне қарамай, оның сүйген қызы Ольга туралы жағымсыз пікірін жасырмай, сенің орныңда болсам, апалы-сіңлілі екі қыздың үлкені Татьянаны таңдар едім деп те жанына тиер сөз айтады… Мұнысы аздай енді Ольгаға қырындап, басын айналдыра бастайды. Ақыры, өзі қаламаса да, сүйгенін қызғанып мұны дуэльге шақырған жас, қызба досының ажалына себеп болды. Кейіннен басын сарсаңға салған, арада жылдар өткенде Татьянаны көріп кенет оянған махаббаты – айналып келгенде, кезінде өзі бағалай алмаған, мойындаудан қашқан, мағынасыз тірлігіне сәуле боп кірер шын сезімнің – мүмкін болған жалғыз бақыттың қолдан сусып кеткендегі күйігі десек те болады. («А счастье было так возможно, // Так близко…» демей ме Татьяна?)
Әрине, Онегиннің физикалық өлімінің жай-жапсары соншалық маңызды да емес шығар. Әйткенмен, көркем шығармада бағдарсыз, мақсатсыз, махаббатсыз қуыс кеуде тіршіліктің табиғи ақыры кейіпкердің өлімі арқылы көрініс табуы заңды нәрсе. Өйткені, Онегин қалай өлсе де, физикалық өлім – оның рухани күйреуінің сыртқы көрнеу дәйегі боп танылмақ. Пушкин бұл дәйекке, жоғарыда айтқанымыздай, негізінен, роман құрылымындағы параллельдер мен симметриялы ситуациялар арқылы ишара етсе, Абай еркін тәржімаланған «Онегин хатының» әр тұсына өзі қосқан қайсыбір мәтіндермен меңзеу жасайды:
Тәтті дүние көңілімнен
Кетті менің, нан маған.
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған. [1, 160;161]
…..
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың, разы болсаң,
Біздің орын – қара жер.[1, 166]
…..
Менің өмірім таянып тұр
Үзілуге әм жаным…
Ақ жүзіңді бір көріп құр,
Өлсем, болмас арманым.
…..
Не болайын, тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын,
Жоқ болса мен өлейін.
Қорғалап құр өтпе, өмір, бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос
Таппасаң өл, жүрме зар. [1, 167]
Осылардың ішінде Пушкин мәтініне сәйкесетін жалғыз тұспал – «Менің өмірім таянып тұр/ Үзілуге әм жаным» деген жолдар ғана (Пушкинде: «Я знаю: век уж мой измерен». Мәтін тұрғысынан түпнұсқада бұдан басқа көп аңдатпа да жоқ. Рас, Онегиннің саяхаттары баяндалатын сегізінші тараудың бір тұсында оның «Зачем я пулей в груд не ранен?» дейтіні бар. Бірақ бұл тарау романның негізгі мәтінінен алынып тасталған. Ұмытып барады екеміз, және бір маңызды белгі – Татьянамен соңғы кездесуіне келе жатқан Онегинді Пушкин: «Идет на мертвеца похож» дейді…). Қалғаны Абайдың өз тарапынан жасалған меңзеулер. Абай бүкіл романдағы негізгі өзек, орталық желінің ең кульминациялық буынды тұстарынан еркін толғап аударған шағын фрагменттерінде өзі үшін мүмкін болған осы тәсілмен тұйыққа тірелген Онегин тағдырының қалай шешілер нүктесіне оқырман-тыңдаушысын біртіндеп жетелейді.
Тағы бір назар аударатын нәрсе, Абайда Онегиннің қалай, неден өлетіні туралы айтылмайды, тек өлер алдындағы сөзі ғана беріледі. Бірақ Пушкин астарлаған жайды Абайдың анық түсінгеніне дәлел болатын жанама деректер баршылық. «Евгений Онегинді» қазақ арасына алғаш әңгімелеп таратушы да, тұңғыш тәржіма жасап, тіпті, Татьянаның сөзіне ғажап әуен шығарып насихаттаушы да – Абай екенін білеміз. Ұлы ақынның айтуымен, ықпалымен, бәлкім, әдетінше, қайсыбіріне тікелей тапсырма беруімен осы романның «жалпы мазмұнын, немесе жекелеген оқиғаларын арқау етіп өз бетінше жырлаған» ақындар да болған. «Кезінде… белгілі ақындар Әсет Найманбаев пен Әріп Тәңірбергенов көлемді дастандар жазды деген де деректер бар. Бірақ олардан қалған қолжазба жоқ. Тек ел аузында сақталып қалып, оларды айтушы жыршылардың өз жандарынан қосқан өзгерістерімен бізге жеткен нұсқалары ғана бар. Солардың ішінде жеке үзінділері баспа бетін көріп, жұртқа кеңінен танымал болғандары – белгілі халық ақыны Қуат Терібаев, жыршы Сапарғали Әлімбеков, Шарипов (аты белгісіз – ред.) нұсқалары. Соңғы екеуінде қазақтың дәстүрлі ғашықтық дастандарының үлгісімен Онегин өзінің бақталасымен жекпе-жекке шығып қаза болады. Біреуінде Татьяна онымен бірге өледі» (Бұл жөнінде Е. Ысмайыловтың «Ақындар» деп аталатын зерттеуінде толығырақ айтылады: Есмағамбет Ысмайылов. Ақындар, Қаз. мемл. көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1956, 272–287-бб.).[1, 292 ]
Татьянаның бірге өлетін жері болмаса, Онегиннің жекпе-жекте қаза болуының бұл жерде дәстүрлі ғашықтық жырлары үлгісіне көп қатысы жоқ екеніне жоғарыда көз жеткіздік деп ойлаймыз. Роман оқиғасының алғаш Абай әңгімелеп таратқан нұсқасының финалы Онегиннің басқа себептен емес, дәл осы жекпе-жекте (дуэль) өлуіне байланысты болғанын жаңағы мысалдар да айқын көрсетіп тұр.
Бұған қосымша, Абайдың Татьяна мен Онегин арасындағы махаббат желісіне тікелей қатысы жоқ, бірақ Онегин өлімінде белгілі дәрежеде символикалық мәні бар Ленский жайынан да хабардар етуі («Ленский сөзі») осыған байланысты деуге болады. Бұл өлең Абайда әрқайсысы төрт жолдық екі-ақ шумақтан тұрады. Романның алтыншы тарауындағы екі шумақтан (ХХІ, ХХІІ) іріктеп аударылған. Бұл – жас талап ақын Ленскийдің Онегинмен дуэльге шығар алдында жазған соңғы өлеңі. Ал «Онегиннің өлердегі сөзінің» қисыны – сенім-ұждансыз, үмітсіз, Татьянасыз өмірден біржола түңіліп, басын анық өлімге байлаған, не тиесілі тағдырына тап келген ажал оғынан ендігі өліп бара жатқан адамның ақтық арызына ұқсайды…
Яғни, жоғарыда айтылған «Евгений Онегин» композициясының симметриялық құрылымын өз «романында» Абай да айнытпай ұстанған болып шығады. Композиция логикасы да Пушкин тұспалдап білдірген, Абай ашық айтқан жайға нұсқап тұр – Онегин өлуге тиіс. Және оның брден бір қисынды себебі, біздіңше – дуэль.
***
Түпнұсқадан – аудармаға:
бейнелер жүйесін бейімдеудің қайсыбір сипаттары
Түпнұсқамен салыстыра қарағанда, қазақшасында Татьяна сөздерінің бізге өрнектірек көрініп, экспрессивтік-эмоциялық әсері күштірек естілері бар және мұның себебін түсіну қиын емес сияқты. Абай «орыс өмірінің энциклопедиясы» (В.Г.Белинский) деп те танылған кең мазмұнды, құрылымы күрделі романның ең өзегіндегі желіні – бас кейіпкерлердің махаббат тарихын ғана алып, ондағы ең бір нәзік, тұңғиық сырларды ақындық, тәржімашылық қуатының бар қажырын сала ашады. Оның үстіне, түпнұсқа мәтінін тиісті жерінде еркін аудармаға тән көркем айшықтар үстей аударып, романдағы Татьяна сезіміне, Онегиннің мінезі мен тағдырына қатысты біраз детальдарды осы шағын фрагметтерге жинақтап көрсетуді де көздегені анық. Мәселен, автор тарапынан берілетін «Онегиннің сипатында» көрінген бас кейіпкердің мінез, болмыс қырлары, Татьянаның сөзінде, Онегиннің жауабы (екі нұсқада) мен Татьянаға хатында, тіпті, өлердегі өз сөзінде де барынша толығып, ашыла түседі. Бір ғана мысал: романның әлдебір жерінде (6-тарау, ХLII шумағында) Онегинге қатысты айтылатын «беглец людей и света» деген мінездеме Абай аудармасында «Бұл заманның қашқыны деп // Мен ғаріпті есіңе ал» болып, Татьянаға жауабындағы Онегиннің өз сөзі болып берілген. Немесе, айталық:
Басы қатты сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де, – [1, 162] деген жолдар түпнұсқада жоқ. Бірақ бұл – артықша фантазиядан емес, роман контексінен, тікелей кейіпкер болмысынан туған, нақ Онегин айтар сөз. Аталған фрагменттердің мазмұнын, кей тұста дәлме-дәл, көбінше, орысша мәтініне барынша жақын балама тауып, енді бірде Пушкинде жоқ өрнектер қосып тәржімалай отырып, түпнұсқа романның толық мазмұнынан ұғынылатын біраз жайды осылай сыналай кірістіріп, еркін толғайды. Абайдың тіл өрнегінде оригиналда жоқ тосын айшықтардың кездесуі де, ең алдымен, тәржіма нұсқаның осы мағыналық «тығыздығы» мен еркін аудармаға тән сипатына байланысты. Айталық, Пушкиндегі («Письмо Татьяны к Онегину»):
Кто ты, мой ангел ли хранитель
Или коварный искуситель:
Мои сомненья разреши.
Быть может, это все пустое,
Обман неопытной души!.. – [5, 55] деген жолдарды Абай:
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып әуре еткен
Жаумысың теуіп таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі – алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, – [1,159] деп, түпнұсқаның бар мағынасын, күллі рең-бояуын қазақы өрнекпен шашау шығармай еркін аударады. Орысшасындағы соңғы жолдарға мағынасы толық сәйкесетін «Жас жүрек жайып саусағын, // Талпынған шығар айға алыс» – Татьяна жайын, балауса жас, ғашық қыздың аласұрған сезімі мен көңіліндегі үміт-күдігін қолға ұстатқандай танытқан ғажайып метафора. Осы бейнені «Арыстан айға шауып мерт болыпты» деген мәтелге аллюзия деп жоритын пікірлер де бар. Арыстандыкі, әрине, асқандық пен ақымақтықтың көрінісі. Ал мұнда – өмірден әлі сыр алмаған аңғал, албырт көңіл, жас жүректің саусағын жайып, қол жетпеске талпынған сәбидей бейкүнә суреті көз алдыңда тұрады. Пушкин туындысын Абайдың қазақтың бейнелі, орамды тілімен мейлінше еркін аударғаны, бірақ түпнұсқа өзегінен алыстамағаны туралы: «Балғын жас орыс қызының фәк жүрегінен жарып шыққан риясыз сезімінің ыстық лебізін жеткізгенде, Абай… сондай әсерлі сөздерді ұлттық ұғым-түсініктің елегінен өткізіп, соншалықты табиғи тән, жатық етіп жеткізеді. Мұнда өлеңнің әрбір жолын, әрбір шумағын жолма-жол, сөзбе-сөз аудару жоқ. Бірақ сөйтсе де, түпнұсқадағы ағынан жарылып ашық айтылған әрбір ой, әрбір сыр аудармада дәл мағынасын тауып, үстінен түсіп отырады», – деп жазады әдебиетші-ғалым Ж.Ысмағұлов. [9, 61-68]
Сондай-ақ:
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.[1, 168]
…..
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы – бақыты кем.[1, 169]
…..
Тәңірі добы – бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз, қорлама!
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа… – [1, 166]
деген сияқты Татьяна мен Онегин сөзінің қиыннан қазақы қиысқан біраз үлгілерін Абай түпнұсқаның жалпы мағынасын қатаң сақтай отырып, тиісті жерінде өз жұртының эстетикалық таным-талғамына жақын бейнелермен барынша шырайлы, мейлінше еркін аударғанын көреміз.
Аударманың бұл айтылған сипаттары «Онегиннің Татьянаға жауабы», мен «Онегиннің Татьянаға хатына» да толық қатысы бар. Онегиннің жауабы екі вариантта аударылған. Оригиналдағы 68 жол мәтін алғашқы нұсқада («Онегиннің Татьянаға жауабы») – 76 жол, екіншісінде («Онегин сөзі») – 48 тармақ. Бұл да, ең алдымен, романда жан-жақты ашылған кейіпкер характерін толық болмаса да, мүмкіндігінше қамтып көрсету мақсатынан туған әрекет деп түсінеміз. Мәселен, алғашқы нұсқасында:
Пенде көрген бар қызықтың
Бәрін ішкен сұм жүрек
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай не керек?!. – [1, 160]
деген шумақ бар. Бұл сөзді Абай Пушкин романының жалпы мазмұнынан өзі түйсінген кейіпкер болмысына негіздей отырып қосқаны анық көрінеді. Жолы жіңішке болса да, «әдептен аттап», жан сырын алдымен ақтарып, жүрегін өзі ұсынған жас қыздың көңілін қайтару үшін Онегин қандай адам болуы керек? Романның ұзына бойында біртіндеп толығып, айқындала беретін күрделі бейнеге «Онегиннің сипатында» берілген шағын мінездеме бұл орайда Абайға көркем дәйек ретінде (мотивировка) жеткіліксіз көрінген сияқты. Сондықтан Татьянаға жауап айтар тұстағы кейіпкердің сүреңсіз жан күйін, рухани жадау халін (мысалы, «Менің өмірім бір суық сұр// Күзгі күндей тұр суық») осылай жинақтай айтып, тұтастыра бейнелеп, Онегиннің өз аузына салады. Ал романдағы Онегин сөзінің жауаптан гөрі, жас қызға ақыл айтқандай ұстамды, салқындау интонациясы Абай аударған екінші нұсқада, «Онегин сөзінде», дәлірек берілген.
***
Осы орайда, назар аудара кетерлік бір жай бар. Романда Татьянаның хаты французша жазылғаны айтылады. Мұның себебі – Татьянаның орыс тіліне шорқақтығы. Пушкин заманында әлі де француз мәдениетіне қатты еліктейтін дворян, ақсүйек қауымның французша оқып, білім алуға, балаларын да сол мәдениет ықпалында тәрбиелеуге бейілдігінен туған проблеманың көрінісі. Сол тұстағы хат-хабар, салондар мен әр қилы бас қосу, жиын, шаралардың тілі, көбінесе, французша болғаны белгілі. Тіпті, отбасында да көбінесе сол тілде сөйлеу әдетке енген. Орыстың ауызекі сөзі болмаса, жазба тіліне жетіктер аса көп болмаған. Мәселен, атақты Чаадаевтың өзі публицистикалық, философиялық шығармаларының бәрін орысшаға батпай, французша жазғанын білеміз… Міне, сол ортаның бір өкілі, сол заманның оқыған сауатты қыздары сияқты модадағы француз романдарының әсерімен өскен Татьянаның да жүрек сырын жеткізуге туған тілі – орысшасы жеткіліксіз болғаны түсінікті жай.
Она по-русский плохо знала,
Журналов наших не читала,
И выражалася с трудом
На языке своем родном,
Итак, писала по-французский… [5, 53 ]
Баяндаушы-автор, қастерлеп сақталған бұл хаттың қазір өз қолында екенін, оқушысына түсінікті болу үшін, оны орысшаға аударып беруге мәжбүр екенін айтады. Татьянаның французша жазған ғашықтық хатының шынайылығына, әсерлілігіне қайран қалып, таңдай қаға отырып («И начитаться не могу»), кішіпейілдікпен оқырманына оның бар шырайын бере алмайтынын, аласұрған жүрек сырын ерке де еркін, әрі нәзік, сыпайы лебізбен үзілте жеткізген хат мазмұны менің тәржімамда тірі суреттің жүдеу көшірмесіндей ғана болып көрінеді дейді. Бір қызығы, кейінгі зерттеушілердің пікірінше, Татьяна хатының орысша «аудармасы» француз романдары мен өлеңдерінен алынған дайын штамптарға толы екен, бірақ қыз сезімінің шынайылығы мен кіршіксіз тазалығы, бәрібір, тамаша көрінген. Татьянаның тәрбие көрген ортасы мен қай тілдегі кітаптарды ғана оқығанын еске түсірсек, бұған таңғалудың да жөні жоқ.
Татьянаның хатты өзге тілде жазған жайын айта келіп, романдағы Пушкин-әңгімеші өз заманындағы орыс әдебиеті үшін де, кейінгі Абай тұсындағы қазақ көркем сөзі үшін де маңызды бір мәселені қозғай кеткеніне назар аудармасқа болмайды:
Что делать! повторяю вновь:
Доныне дамская любовь
Не изъяснялася по-русский,
Доныне гордый наш язык
К почтовой прозе не привык. [5, 53 ] (курсив біздікі)
Осы келтірілген үзікте Абай Татьяна мен Онегин сөздерінің кей тұстарына қазақы өрнек, бейнелер қосып, неге еркін аударды деген сұрақтың тағы бір жауабы жатқан сияқты. Жалпы жан-дүниенің құпия сырларын, көңіл-күй тылсымдарын, соның ішінде, махаббат, ғашықтық сезімнің нәзік құбылыстарын сөзбен өрнектеуге Пушкин тұсындағы орыс әдебиеті де, дәстүрлі, канондық үлгілерден ұзап кете алмаған Абайға дейінгі қазақ өлеңі де жетік емес еді. Әсіресе, әйел жүрегінің құштарын сөйлетуге «Татьянаның Онегинге жазған хаты» мен «Татьяна сөзі» екі ақынға да таптырмас мүмкіндік болғаны сөзсіз. Пушкиндегі Татьяна бейнесінен шабыттанған Абай бұл мүмкіндікті қазақ көркем сөзі аясында шегіне жеткізе пайдаланды. Аудармаларымен-ақ бүтін бір кезеңдегі орыс поэзиясының көшбастаушысы болған В.А.Жуковскийдің: «Переводчик в прозе – раб, переводчик в стихах – соперник» деген сөзінің дәл келетін тұсы да осы. Өзінің де ақындық таланты зор аудармашы түпнұсқаның дайын қалпына көзсіз байланып қала алмайды. Ол тәржімалап отырған шығармасының эстетикасы мен поэтикалық қасиет-қуатын қалай танытам десе де, өз тілінде лайықты стилистикалық балама табады. Абай да Татьяна-Онегин хикаясын өз тұрғысынан парықтап, олардың хаттары мен жауаптасуындағы сөздерінің образдық жүйесін қазақша жаңғыртып, өзгеше эмоциялық-стилистік реңде еркін өрнек төккенін көресіз. «Доныне дамская любовь // Не изъяснялася по-русский» деген сөз қазақ ақынына да қамшы болған сияқты – әйел махаббатын, әйел сезімін қазақша да тамылжыта бейнелер кез жеткен!.. Әлде, романдағы Татьянаның французша жазған хатына тамсанып, менің орысшаға аударған нұсқам соның жүдеу көшірмесі ғана дейтін кейіпкер-автордың кішіпейіл лебізі де түрткі болып, бәлкім, Абай сол ешкім көрмеген «французша хаттың» өз көңіліндегі болжалды шырайын ғайыптан аныққа шығарып көргісі келді ме…Қалай болғанда да, үзілген нәзік, елжіреген сезімтал, шыншыл тілмен төгілген Татьяна сөзінің шырайынан бірауық… қазақ қызын танығандай болатының да бар!.. Қалай болғанда да, Пушкиннің аты аталған жерде қашаннан бері қазақ оқырманының жанын тербеген Татьяна қыздың – Абайдың Татьянасының қайталанбас аяулы бейнесі көз алдымызда тұрады…
«Абайда оған дейін қазақ өлеңі білмеген талай сыр мен сезім бой көрсетті. Абайға дейін өрнектелмеген сезімдер сол сезімдердің болмағанынан, немесе қазақ жанының мұндай нәзік сырға жетілмегенінен емес. Лайықты поэтикалық тілдің жасақталмағанынан. Дәстүрлі поэтика шеңберінің тарлығынан. Кемеңгердің қажырымен өрнегін дөп тапқан сырлар оқырман, тыңдаушының да эстетикалық сезімін жетілдіре, түрлендіре түсті». [8, 23]
Осы тұжырым Абайдың аударма шығармаларына да, соның ішінде, ең алдымен, ақынның Пушкиннен еркінше толғап, барынша көріктендіре тәржімалаған осы өлеңдеріне де толығымен қатысты.
***
Пушкиннің Онегині
Пушкинде роман ашық финалмен аяқталады. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл орыс әдебиеті үшін тұңғыш қолданылған тәсіл.
Абай өз «романында» айқын финал ұсынады («Онегиннің өлердегі сөзі»). Пушкиннің замандасы, генерал Н.Н.Раевскийдің адьютанты болған ақын М.В.Юзефовичтің куәлігінше, Пушкин о баста Онегинді Кавказда «өлтірмек» болған, немесе декабристер қатарына қосып, Сібірге жер аудармақ болған сияқты. Мұны ол «Евгений Онегин» авторының өз аузынан естігенін айтады. Бұл сөздің жаны бар сияқты. Өйткені, романның, о баста жоспарланып, жазылмай қалған, ақынның қаралай жазбасына аяқталмаған қалпы, шашыраңқы фрагменттер түрінде ғана түскен оныншы тарауы барын білеміз. Өткен ғасыр басында осы жазбалардағы құпияланған (шифрленген) мәтіндер оқылған соң ғана, Пушкиннің бұл тарауда сол кезеңнің (1812 жылғы соғыстан декабристердің 1825 жылғы Сенат алаңындағы көтерілісіне дейін) саяси хроникасын жасамақ болғаны анықталды. Демек, бұл тарау толық жазылған күнде де, жарық көруі неғайбыл еді. Пушкин бір жазбасында оны өртеп жібергенін де айтады. Дегенмен, аяқталмаса да, фрагменттер түрінде аталмыш тараудың жазылғанын, бірақ ақын оны толық тәмамдап, шығармаға кірістіру туралы ойынан бас тартқанын көреміз. Замандастарының әрқилы пікіріне қарамастан, Пушкиннің өзі роман толық аяқталды деп есептеген. Ақынды шығарма соңын осылай тәмамдауға мәжбүр еткен жайлардың анығын да, болжалдысын да санамалап көрсетуге болар еді, бірақ, ең бастысы – Пушкиннің үйреншікті жанрлық каноннан бас тартып, кейіннен орыс әдебиетінде көркемдік жаңалық боп танылған осы финалға саналы, принципті түрде бекігенін көреміз.
Сонымен, түпнұсқа авторының да Онегинді, түбі, бір өлтірмек ойы болған сияқты. Пушкиннің бұл ниетінен хабарсыз Абай өз финалын махабатта ғана емес, қоғамда да орнын таппай, өмірі үмітсіз тығырыққа тірелген кейіпкер мінезіне негіздеген. Абайдағы финал – ақынның өзі орыс романынан айқын танып, терең түсінген Онегиннің болмыс-тағдырынан шығатын шынайы көркемдік шешім. «Заман қашқындарының» (Абайдағы Онегин сөзімен айтқанда) барлығының дерлік махаббатта жолы болмаған. Барлығының дерлік ғұмыры жақсылықпен бітпейді. Рудин 1948 жылғы Париж баррикадасында, Печорин Парсы елінен қайтар жолда қаза болса, Чацкий Мәскеуден қуылып, Чулкатурин, Базаровтар аурудан көз жұмады, т.с.с. Бұл сипатты кейіпкер тағдырының логикалық ақыр-тиянағы, көркем шығармадағы шырқау сәті – әдетте, өзі қамалған тығырықта мәңгі қалу, не өлім құшу. Яғни, романда анық айтылмағанмен, Пушкиннің бұл сипатты өз кейіпкерінің тағдырын осы ыңғайда шешпек ниет болуы әбден заңды деп ойлаймыз. Пушкиннен кейінгі орыс әдебиетінде де «артық адам» ғұмырының осылай тәмам табуы үрдіс болып қалды.
Дегенмен, бұл аталмыш романға қатысты айтылар түгел шындық емес. Пушкин бұл шығармасын сегіз жылға жуық уақыт жазған (1823-1830/31 ж.ж.). Онегин арқылы ол өзі тұстас жас замандас бейнесін жасауды мақсат етті. Онегин – ақынның тұстасы ғана емес, дәл сол кезеңде (20-шы жылдары) ақынның өз басында да болған біралуан көңіл-күйдің көрінісі: скепсис, өмірге салқындық, оның қызық-шыжығына немқұрайдылық, бойдағы оты ерте сөнген, мезгілінен бұрын дүниеден беті қайтқан, жаны қажыған.., бір сөзбен айтқанда, «салқын, қуыс – өмірі, я қараңғы» бір күй. Романның алғашқы жоспарына қарағанда, Пушкин бас кейіпкерін осы қалыпта қалдырғысы келмегені көрінеді. Бұған әсер еткен оқиға – 1825 жылдың аяғындағы Ресейді дүр сілкінткен декабристер көтерілісі. Монархиялық билікті құлату, крепоснойлық правоны жою, конституция қабылдау, саяси өзгерістер жасау сияқты талап, мақсаттармен Сенат алаңына шыққандарды қанға бояп, көтеріліс аяусыз басып-жаншылғанмен, бұл – орыс қоғамына саяси-әлеуметтік, идеялық тұрғыда, аз да болса, жаңа көңіл-күй, серпіліс әкелген оқиға болды. Сол әсермен әу баста толық жазылып аяқталған сегізінші тарауда Онегиннің Ресейді кезіп, ел ішіне жасаған саяхаты баяндалыпты. Бұл саяхат – кейіпкердің рухани сілкініп, жан-дүниесінің жаңғыруына бастама іспетті. Осы «жаңғырудың» аяғы романның алда жазылмақ соңғы оныншы тарауында Онегинді декабристер қатарына алып келмекші екен… Бірақ, аяқтап келгенде, бұл екі тараудың да (8; 10;) романға енбегенін көреміз. Екеуінің аралығында жазылған тоғызыншы тарау сегізіншінің орнына қойылып, шығарма бас-аяғы осы сегіз тараумен тәмамдалады. Мұның себептері жоғарыда айтылды да. Дегенмен, ең негізгі себеп Пушкиннің декабристер көтерілісінің нәтижесін қайта парықтауына келіп тіреледі. Дворяндар қауымының ат төбеліндей шағын тобы бастаған бұл сияқты әрекеттен ештеңе өнбегені, ешқашан өнбейтіні де түсінікті болды. Қоғам өмірі, саяси жүйе баяғы тірелген тығырығында қалды. Айқын бағыт, анық жол жоқ, келешек – бұлдыр… Кейіпкерін осы алды тұйық, күмәнды сапарға салып сынауда да, демек, еш мағына жоқ. Аталмыш екі тараудың алынып қалуының басты сыры осы болса керек.
Онегиннің тұлғалық эволюциясын Пушкин сондықтан басқаша – ешбір саясатсыз, кейіпкердің жеке өмірінің, адами сезімдерінің аясында шешкен сияқты. Кейіпкердің тағдыры, өмірінің бар мән-мағынасы да, рухани түлеуі, не күйреуі де ендігі жерде тек Татьянаға деген махаббатына байланған. Бұл – кезінде қызға: «Мен – көмірмін қалған өрттен», немесе, «Ішім өлген, құр денем сау» деп ақталатын Онегин емес. Онегин өзгерген!.. Тәкаппар суық, «басы қатты сұм жүрегі» иіп, сезімі тұтанған, махаббатты мойындап күйіп-жанған басқа Онегин – жанын от шалып, тамырында қан ойнап тірілген шын Онегин… Ойлап қарасақ, осының өзі ол үшін эволюциялық күрт секіріс!..
Міне, осы сыпатты «жаңа» Онегиннің тағдыры шешілер тұста – кейіпкеріміз Татьянамен екеуара әңгімеден кейін аса ыңғайсыз, неғайбыл жағдайда қалатын ең бір драмалық, кульминациялық сәтте… – роман аяқталады. Финал ашық қалады.
***
Онегин – бәріміз білетіндей, орыс әдебиетінде көрініс тапқан алғашқы «басы артық адам» («лишний человек»). Одан әрі қарай Лермонтовтағы Печорин, Тургеневтегі Рудиндерге жалғасатын тұлға. «Лишний человек» атауын Тургеневтің «Дневник лишнего человека» (1850) деген повесіне байланысты бұрнағы ғасыр ортасында ғана иеленгенімен, бұл әлеуметтік-психология типтің бастауы Пушкиннің алдындағы европа романтикалық әдебиетінде, атап айтсақ, Бенжамен Констанның «Адольф» романында төбе көрсеткен болатын. Шығарма 1807 жылдары жазылып, алғаш 1815 жылы ағылшын тілінде, 1816 жылы француз тілінде жарық көрген. Пушкин бұл романды жақсы білген және аса жоғары бағалаған. Евгений Онегиннің бір прототипі – сол романның кейіпкері Адольф екенін Пушкин шығармашылығынан хабардар арғы-бергідегі әдебиетшілердің көбі білсе керек. Кейіннен, аталмыш роман орысшаға аударылып шығар қарсаңда (1829 жылы) бұған Пушкиннің өзі де айқын куәлік береді. «Князь Вяземский перевел и скоро напечатает славный роман Бенж.Констана. «Адольф» принадлежит к числу двух или трех романов,
В которых отразился век,
И современный человек
Изображен довольно верно
С его безнравственной душой
Себялюбивой и сухой,
Мечтами преданной безмерно,
С его озлобленным умом,
Кипящий в действии пустом.
Бенж.Констан первый вывел на сцену сей характер, впоследствии обнародованный гением лорда Байрона» (Пушкин А.С. Полное собр.соч. В 10 т. 4-е изд. Л.: Наука, 1977-1979, Т.7)
Пушкиннің аталмыш шығарма кейіпкеріне берген осы сипаттамасында Онегин мінезіне де тән көп белгілер тайға таңба басқандай айқын тұр. Европада ғана емес, сол дәуірде орыс өмірінде де көрініс беріп үлгерген осы текті әлеуметтік-психологиялық құбылысты кейіпкер тұлғасына жинақтай отырып, замана бейнесін, тарихи кезең тынысын бедерлеу ақынның «Евгений Онегинде» алдына қойған басты мақсатының бірі болғаны анық. Абай «Онегиннің сипатын» аударғанда және өз тарапынан «Онегиннің өлердегі сөзін» жазып, қосқанда осы контексті жақсы түсінгені, жете білгені байқалады. Оның Онегинді сенімді түрде «өлтіруі» де осыған байланысты.
***
Абайдың Онегині
(кейіпкер бейнесінің трансформациясы)
Негізгі махаббат желісінің арқауын үзбей Пушкин романының әр тұсынан таңдап-теріп, іріктеп аударылған Абай өлеңдерінің тізбегін «Евгений Онегиннің» жалпы мазмұн, тұтас контексінен толық ажыратып, жеке алып қарасақ, мынадай хикая шығар еді: Онегин деген жігіт, оған ғашық Татьяна деген қыз болады. Қыз Онегинге ғашық болып, алдымен өзі хат жазып, сезімін білдіреді. Өз айтуынша, әлдеқандай сарсаң тағдыр кешіп, көп дүниеден көңілі қайтып жүрген жігіт, сонысын алға тартып, қыз сезімін қабыл алмайды. Өлеңдер тізбегінің ретіне қарасақ, сірә, арада біраз уақыт өтеді де, енді Татьянаға ғашықтығын айтып, хат жазған Онегинді көреміз. Бұл кезде күйеуге шығып кеткен қыз енді бәрі кеш екенін, тиген жарына адал боп қалатынын айтып жауабын береді. «Онегиннің өлердегі сөзіне» қарап, жігіттің өлімге бел буғанын білеміз. Сыртқы фабулалық схемасына бағып, Абай тұсындағы қазақ үшін үйреншікті шығыстың ғашықтық жырларына лайық сюжет десеңіз де болады… Бірақ поэтикалық дәстүр, мәдениет басқа: адам мінезін ашудың сыры – бөтен, ғашықтық сезімнің тілі – өзге. Жігіт – «Онегиннің сипатында» суреттелгендей, бойында әртүрлі мінез, алуан сыр, бір басында жақсы да, жаман да тоқайласқан күрделі жан.
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.
Бастан-аяқ кейіпкерді мінездеген осы өлеңнен кісінің ойындағысын оқитын сұңғыла, жүрегіндегісін хаттай таныр сезімтал, кейде тәкаппар, кейде кішік, астамшылығы мен өрлігі бірде жаныңды шошытса, бірде, орайы келген адамына балдай тәтті, жібектей майда Онегинді көресің… Ғашықтық сөзге қандай шешен болса, өзімен бақталасты кемітіп-қорлауға, неше түрлі айла-амалмен таптап, жер қылуға да сондай шебер.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзімен күндес шықса жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.
Осы сынды қапысыз жасалған психологиялық портреттен кейін, әрі қарайғы аударма үзінділерден, әсіресе, Онегиннің Татьянаға айтқан өз сөздерінен көретініміздей, бұл өзі – «өмірден соққы жеген», дүниедегі бар қызықтан суыған, әрнеден сенімі кетіп, рухы сынған, жаны қажыған, «қайғысы асқан шерлі» екен. Өзі де, қыз да мұны «жұрттың атқан оғы өтіп», жаралы болған жолбарысқа теңейді. «Сорлы адаммын жер жүзінде// Бір қуаныш көрмедім» дейді Онегиннің өзі Татьянаға. Неден бұлай болды, кімнен қиянат көрді – нақты жауап жоқ. Ал Онегинге жазған хаты мен жігітке айтқан кейінгі жауабынан жаны сұлу, сезімі кіршіксіз, сөзі шынайы, сертке берік, жарға адал Татьянадай аяулы қызды көреміз.
Алғашында қыз сезіміне ықылас бермей, кейіннен «Жетпедім, не жасырамын// Гауһарымның қадіріне» деп, жігітке аһ ұрғызған өкініштің себебі не?
Ішім өлген құр денем сау,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің, – дейді Онегин Татьянаға жауабында. Яғни, себеп – өзін бақытсыз санайтын жігіттің қызды да бақытсыз қылғысы келмеген адал ниеті десеңіз де болады. Бұл сөздің төркінін Татьяна да осы мағынада қабылдайды: «Сен шошыдың ғашығыңнан// Өзге жұрттан қамшы жеп» дейді Онегинге жауабында.
Осы орайда, «Онегиннің сипаты» – романнан аударылған өлеңдер тізбегіндегі түпнұсқадан ауытқымай, барынша дәл, шебер тәржімаланған бір үлгі екенін айта кету керек. Қазақшасында шумақ құрылымы ұйқас жүйесіне қарай, төрт және алты тармақты болып араласып келсе де, түпнұсқадағы жол саны мен аударма көлемі толық сәйкеседі. Абай «Евгений Онегиннің» бірінші тарауындағы ХХІ шумақтарды толық, ХІІ шумақты жартылай аударған. Неге?
Осы сұрақтың жауабы, жалпы, Абайдың Пушкин романынан жасаған аудармаларында ұстанған мақсаты мен принципін айқындайды деп ойлаймыз. Ең алдымен, Абай бұл шығарманы толық аударуды мақсат қылған жоқ, және ол мүмкін де емес еді. Айналып келгенде, Онегин мен Татьянаның оқшау махаббат хикаясына ғана құрылған өз «романын» ақын сол заманғы аз санды оқырман және қалың тыңдаушыдан тұратын қазақ жұртының талғам-танымына бейімдеді. Түпнұсқа романның мазмұнындағы қазақ өмірінде жоқ сипаттар Абай оқырманы мен тыңдаушысы үшін, әрине, түсініксіз, содан да – қызықсыз. Сондықтан «Евгений Онегин» сынды ауқымды шығармадағы көп көріністер, тұрмыстық-этнографиялық және мәдени қыруар мәлімет, детальдар, әлеуметтік-саяси жағдайға, кейбір белгілі тұлғаларға қатысты тұспалдар, кейіпкерлер мінездемесіндегі ирониялық астарлар, Онегин мен Татьяна қалың ортасында жүрген жоғарғы ақсүйек қауымның тіршілігі мен әдет-салты… – мұның бәрі бір желіні ғана қуалай, жеке фрагменттерден түзілген Абай нұсқасы кеңістігінің сыртында қалады. Бір ғана мысал. Татьяна Онегинмен соңғы жүздесуінде:
А мне, Онегин, пышность эта,
Постылой жизни мишура,
Мои успехи в вихре света,
Мой модный дом и вечера,
Что в них? Сейчас отдать я рада
Всю эту ветошь маскарада,
Весь этот блеск, и шум, и чад
За полку книг, за дикий сад,
За наше бедное жилище,
За те места, где в первый раз,
Онегин, видела я вас… – [5, 148]
дейді. Татьяна ақсүйек князьге күйеуге шыққаннан кейінгі бақуат тірлігін, жоғарғы қауымдағы абырой-беделін, мына жарқылдағы мен жылтырағы көзді арбаған сән-салтанатты өмірін алыс деревнядағы Онегинді алғаш көрген сәтіне қуана-қуана айыбастар еді, әттең… енді кеш. Өз жұртына бейтаныс, Татьяна үшін де көп құны жоқ сол өмірдің Абай атын атап, түсін түстеп тәптіштеп жатпай, жоғарыдағы жолдардың мағынасын:
Еш қызыққа арманым жоқ,
Бәрі де бар формының.
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян сорлымын, –
деп, Татьянаның, сырттай қарағанда, дүниесі түгел, бақыты толық жан болып көрінетін, бірақ, шын мәнінде, аңсарына жете алмаған қаяулы жайын бар қазаққа, жалпылама болса да, түсінікті етіп, жалғыз шумақпен береді.
Ал енді жоғарыдағы Онегинді сипаттаған роман үзіндісінің толық аударылмау себебіне келейік. Абай мұнда кейіпкердің махаббат «майданындағы», дәлірек айтқанда, жігітшілік, құмарлық жолындағы «табыстары» баяндалатын мына жолдарды мүлде аудармай тастап кеткен:
Но вы, блаженные мужья,
С ним оставались вы друзья:
Его ласкал супруг лукавый,
Фобласа давний ученик,
И недоверчивый старик,
И рогоносец величавый,
Всегда довльный сам собой,
Своим обедом и женой. [5, 11]
Кейбір зерттеушілер, – дейді академик З. Ахметов, – Абайдың еркін аударып, түпнұсқадан алшақтау кеткен жерлерін сылтау етіп, Абай өз тарапынан жаңа Онегин, Татьяна жасап шығарған деп жүр. Бұл – Абайды түсінбеушіліктен туған саяз түсінік. Біріншіден, халқын саналы ұғым, сапалы тәрбиеге шақыру жолында болған Абай, «Евгений Онегинді» шығыс поэзиясындағы «назира» дәстүрімен еркін аударған. Екіншіден Абай түпнұсқадағы опасыз Онегинді сол опасыз күйінде суреттесе, опасыз Онегин кімге үлгі болар еді. Сүйген қыздың әзиз жүрегін түсінбейтін тәкаппар да опасыз жігіт қазақ жастарының арасында аз ба? Оларды кімге үлгі етеміз? Ақынның түпкі мақсаты халқына үлгі шашу емес пе еді? Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский өзінің Пушкин шығармашылығына арналған зерттеу еңбегінде Онегин образын жан-жақты, көпшілік ойлаған үстірт кінә, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады» [7, 272] Абай шығармашылығының үлкен білгірі, абайтануға М.Әуезовтен кейінгі айрықша үлес қосқан қадірлі ғалымның бұл пікірімен қазір келісе қою қиын. Біріншіден, кейіпкер тұлғасына тек оқырманға үлгі ету, тәрбие беру тұрғысында қарау – көркем бейне табиғатын, жалпы әдебиеттің көркемдік-эстетикалық мұратын тарылту, біржақты түсіну болып шығар еді. Екіншіден, «сапалы тәрбиеге» шақыра қалғанда да, Пушкинде барша артық-кем мінез, әдеттерімен жан-жақты кейіптелген Онегиннің жұмбақ сырлы, «жақсартылған» Абай нұсқасының өзінде ел-жұртқа, соның ішінде, қазаққа үлгі ете қоярлық нендей іс, қандай қасиеті бар еді?.. Абайдағы Онегин бейнесінің түпнұсқадағы кейіпкерден сәл өзгешелеу шыққаны туралы: «Тегінде, Абай Онегинге Пушкиннен гөрі көбірек іш тартатын сияқты. Оны Онегиннің өлердегі сөзі деп өз жанынан жеке өлең арнағанынан байқаймыз. Онегиннің Пушкин айтқан теріс мінездерін жұқартқаны өз алдына, Абай оны Татьянаға қайтадан ғашық болғанда тым үздіктіріп жіберетіні бар. Сен енді жібімесең өлемін деген сөзді ол бірнеше рет қайталайды. Сондықтан оны Абай қайта оянған махаббаттың құрбаны еткісі бар» [9, 61-68]] деген де көзқарас бар. Бір есептен, әбден келісуге болатын да пікір. Бірақ, біздіңше, мұның жай «іш тартудан», кейіпкердің ұнамсыздау қырларын жасырып-жабудан басқаша бір мәнісі бар. Бажайлап қарасақ, Абай аудармасындағы Онегин Пушкиндегі оригиналынан, шынында да, өзгешелеу аңғарда көрінетінін байқаймыз. Пушкиндегі Онегин – мінез-болмысында романтикалық тұлғаға тән кейбір сипаттары бола тұра, белгілі бір тарихи кезең, нақты қоғамдық-әлеуметтік орта, шындықтағы тірлік, әдепкі адами қарым-қатынас фонында толайымен реалистік негізде кейіптелген бейне. Ал Абай өз нұсқасында, көбіне, бойында әлдебір құпия сыр, әлденендей қасірет бардай, бір мәлімсіз жау күштің, алмағайып тағдырдың құрбанындай болып көрінер Онегин тұлғасындағы сол романтикалық белгілерді алға шығарады. Неден бақытсыз болды, неге «бұл заманның қашқынымын» дейді, бұл – «соққы жедім сұм заманнан» деген Онегиннің өз сөзінен басқа нақты дерегі жоқ «романтикалық» құпия. «Онегин тағдырын Абай трагедиялық бояуын қоюлатып, қиянатты көп көрген, азап шеккен адам етіп көрсетуге ұмтылған” [4, 246-247] Әлбетте, Пушкиндегі кейіпкер тұлғасына қатысты кейбір ирониялық меңзеу, ишаралар да Абайда кездеспейді. Айталық, Онегиннің кабинетіндегі, әсіресе, қарындашпен әр жеріне белгі салып, ыждағатпен қайта-қайта үңіле оқылған Байрон кітаптарын көріп:
…Что ж он? Ужели подражанье,
Ничтожный призрак, иль еще
Москвич в Гарольдовом плаще,
Чужих причуд истолкованье,
Слов полных лексикон?..
Уж не пародия ли он? – [5, 118] деп, сонша сүйген адамы әйгілі романтикалық кейіпкердің жай еліктеушісі, я көшірме, пародиясы ғана емес пе екен деген күдік құшағында қалған Татьянаның ой-көзімен берілген ирониялық мінездемелердің де Абайдың Онегиніне еш қатысы жоқ. Абай өз кейіпкерінің сырт көзге жұмбақтау көрінетін осынау сырлы келбетіне нұқсан келтірер бірде-бір штрих қоспайды, қайта Онегиннің өз сөзімен оның осы сипатын дендете түседі. Бұл орайда, Абайдағы Онегин өз тағдырының шешімін Татьянаның қолына беріп, тілегі қабыл болмаған жағдайда өлуге даяр екенін қайталап айта беретінін еске алсақ та жеткілікті. З.Ахметов: «Онегиннің трагедиясын, өзін өлімге қиюын Абай өмірден қиянат көріп, соққы жеп, торығудан болған дей ме, әлде Татьянаның адал махаббатын кезінде бағалай алмағаны үшін өзін жазықты санап, өкініп, өмірден түңілген дей ме – бұл сауалға жауап беру оңай да емес» дейді. [4, 246-б.] Алайда, Пушкиндегі Онегин – махаббат үшін өле қалатын адам емес. Оның өлімі (егер Пушкин роман финалын толық аяқтап, Онегинді оқырманның көз алдында «өлтіре» қалған жағдайда), бәрінен бұрын, романның жалпы мазмұнынан шыққан шешім болар еді. Пушкиннің бұл мәселені егжей-тегжейіне жеткізбей, роман финалын сенімді түрде ашық қалдыруының себебі де сол деп ойлаймыз. Ал Абай Онегин тұлғасын түпнұсқа романның толық мазмұнына емес, өзі іріктеп, жүйелеп аударған және өзі қосқан әйгілі сегіз фрагменттің шектеулі кеңістігіне шақтап пішеді. Сондықтан, расымен,бір қарағанда, Абайдың Онегині махаббаттың ғана құрбаны болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай емес – оның өліміне қатысты Абай шешімінде де екіұдай мағына, дәлірек айтсақ, қосанжар мәніс бар. Онсыз да өмірден байлау таппай, өзі айтпақшы, “бұл заманның қашқыны” боп жүрген Онегиннің Татьянаға махаббаты, шындығына келгенде, тағдырдың ол өте алмаған көп сынағының бірі ғана еді. Тек бұл кезекті сынақ оның о бастан сергелдең ғұмырын қайта «бұрылып, түзеле алмас» тұйыққа біржола тіреген шешуші сәт болып шықты. Бұл тұрғыда түпнұсқа-Онегин мен Абайдағы кейіпкер толық сәйкеседі. Оны «өлтіргенде» Абайдың жалпы роман контексін ең алдымен ескергені айқын көрінеді. Әлбетте, Шығыстың ғашықтық жырларына құлағы қанық өз тыңдаушысының да жайын ойлағанында күмән жоқ. Жоғарыда айтқан кейбір қазақ ақындарының жырларында Онегиннің бақталасымен (Татьянаның күйеуімен) жекпе-жекке (дуэльге) шығып өлетіні туралы варианттардың болуы, тіпті де тегін емес.
Бұл – тағы бір қайталап айтсақ, Онегиннің Пушкин романында ашық айтылмаған қазасына қатысты Абайдың өз тұспалы болатын...
***
Поэтикалық тәржіма. Абайдың Пушкин шығармаларын аударуда ұстанған принциптері
(қорытынды орнына)
Байқауымызша, қазіргі абайтанушы ғалымдар арасында Абайдың бұл аудармалары «Евгений Онегиннен» топтама, тұтас туынды ретінде барынша еркін тәржімаланған өлеңдер, немесе, назира дәстүрімен өзінше жырланған төлтума шығарма, тіпті, өзегі Пушкиндікі болғанмен, жанры, поэтикасы, кейіпкерлер келбеті өзгеше қалыптанған, эпистолярлық үлгідегі Абайдың өз романы деген көзқарастар қатар өмір сүріп жатыр. Осы арада бір жағдай еске түседі. Гётенің әйгілі «Жолаушының түнгі жырын» (Wanderers Nachtlied») орыстың ең үздік ақындарының біразы аударған (М.Лермонтов, И.Анненский, В.Брюсов, Б.Пастернак т.б.) Солардың ішіндегі түпнұсқадан ең алысы да, ең… атақтысы да – Лермонтов тәржімасы (“Из Гёте”). Лермонтовтың осы шығармасы аударма ма, әлде Гете өлеңінің ізімен жазылған төлтума ма деген мәселе орыс әдебиеттануында жүз жылдан бері әлі бір тиянағына жетпеген сияқты. «В одних работах стихотворение Гёте рассматривается только как повод для возникновения вполне самостоятельного стихотворения Лермонтова (В.Жирмунский, А.Федоров), в других – оно признано переводом стихотворения Гёте (Б.Эйхенбаум, N. Zinkin). [6, 183] (Орыстың басқа да бірқатар үлкен ғалымдары (Л.В.Щерба т.б.) Лермонтов аудармасын оригиналдан алыс, мүлде бөлек шығарма деп танығаны белгілі). Шынында да, Гётедегі алғашқы және соңғы екі жолды ғана орыс ақыны дәл аударған. Қалған бөлігінің мағыналық элементтері мен бейнелік жүйесі түпнұсқадан алшақ. Тіпті сол соңғы екі жолдың да («Подожди немного// Отдохнешь и ты») мағыналық астар-аясы Лермонтовта кеңи түскен… Бір қызығы, жоғарыда аталған тәржімашылардың ішінде неміс ақынының осы өлеңін ең дәл аударған деп есептелетін В.Брюсов Лермонтовтың осы «аударма-аударма емес» өлеңін тәржімашылық өнердің теңдессіз, тамаша үлгісі деп білген!.. [6, 183] Ал Гёте өлеңінен «ең дәл аударылған» сол Брюсов нұсқасының абыройы Лермонтов шедеврімен шендесе ала ма?..
Абайдың Пушкиннен жасаған аудармаларының тағдыры да бізге осы бейнелі боп көрінеді. Әр үзікті жеке алып қарағанда, қай-қайсысын да, тәржіманың қол жетпестей үздік үлгісі деп танып, Брюсовтың парадоксына ұрынғымыз келіп тұрады. Ал аударма туралы қазіргі түсінік, шарттар тұрғысынан келсек, көп ретте, аударма деп айтуға аузымыз бара бермейтін жайлары тағы бар. Ал мүлде аударма емес деуге негіз, дәлеліміз және жеткіліксіз.
Тек бәріміздің бір тоқтасқан жеріміз – осы аударылған жеті үзік пен Абай өзі қосқан соңғы бөліктің біртұтас, басы-аяғы, мазмұны бүтін, бірақ «Евгений Онегиннен» мағыналық-образдық жүйесі, кейіпкерлер сипаты недәуір ерекшеленген – я назира, не эпистолярлық роман, әлде, біздіңше, лирикалық поэма – әйтеуір, осы жанрлардың біріндегі дербес туынды екендігі ғана. Бұл шығарма туралы зерттеулер де алдағы уақытта осыны ескере отырып жасалады деп ойлаймыз.
Сөз аяғында мынаны айтқымыз келеді: Абайдың бұл аудармалары, мейлі, назира болсын, лирикалық поэма, тіпті, эпистолярлық роман болсын, түп-негізі, бәрібір аударма екені анық. Оның аударма болуы Абайдың ақындық абыройын кемітпейді, қайта асыра түседі. Өйткені, өзге тіл, өзге мәдениет жаратындысын қазақтың өз дүниесі, төл игілігі етіп рухани айналымға қосу – ұлы ақын ғана емес, ұлы аудармашының ғана еншісіне бұйырар қасиет. «Евгений Онегиннен» жасалған аудармалар – ең алдымен, қазақ мәдениетінің асыл қазынасы, әдебиетіміздің алтын қорындағы жәдігер. Жоғарыда Лермонтовқа қатысты мысал бекерге айтылған жоқ – Абайдың Пушкинді тәржімалау принциптері сол Лермонтов пен орыс әдебиетін тек еуропалық ақындардан жасаған аудармаларымен-ақ классикалық өрелі әдебиет жолына салып, көшін түзеп берген В.А.Жуковский үлгісіне көбірек келеді. Жуковскийдің образдық жүйе, мағыналық-концептуалдық тұрғыдан орыс тілі мен ұлттың мәдени тұрпат-болмысына бейімделген аудармаларын орыс қауымы оның төл шығармасы есебінде қабылдады. Өзіміз сөз етіп отырған Абай аудармалары туралы да осыны айтуға болады. Пушкин мен Лермонтовтың – ақындық, Жуковскийдің – аудармашылық қажыры бір басынан табылған Абайдың қазақ руханияты мен әдебиетіндегі орны өлшеусіз.
Түпнұсқа сөздерінің дәлме-дәл аударылуы әруақыт аударма сапасының өлшемі бола бермейді, керісінше, шығарма әсерін кемітіп, мағыналық кеңістігін тарылтады – Абай сондықтан орысша нұсқадағы әрбір көркемдік элементке нақты баламалар табумен қатар, онда жоқ сөз, бейне, айшықтар қосатын поэтикалық аудармаға ден қояды. Туынды орыс оқырманына қандай әсерлі болса, қазақ тілді қауым да дәл солай қабылдауын алдымен құнттайды. Өлеңнің жалпы формасы туралы да осыны айтуға болады – белгілі бір форманың прагматикалық мәні (қабылдануы, әсері) әр тілде әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан сөз санаған, ұйқас-тіркес, тармақ-шумақ дәлдігін қуалаған статистикалық, стилистикалық тақуалықтан поэтикалық мағына мен эстетикалық мазмұн олқы тартады. Абай, ең алдымен, түпнұсқаның, мағынасы мен әсерін аударады.
Поэтикалық аудармада түпнұсқаның қайсыбір аспектілері едәуір өзгерістерге түсуі заңды нәрсе. Мәселен, лингвистикалық, мәдени айырмашылықтарға байланысты өзге тілден тікелей аударыла қоюы, немесе басқа тілді аудитория қабылдай қоюы қиын тұстарда концептуалды- мағыналық, стилистикалық, эстетикалық бейімдеуге (адаптация) жүгінуге тура келеді. Абайдың Пушкиннен аударған өлеңдерінде еркін аударма тәсілін кеңінен қолдануының бір себебі де сол. Татьяна мен» Онегиннің «Тәңірі», «Алла» деп сөйлейтіні, немесе «Евгений Онегиннің» әлдебір тұсындағы автор-кейіпкердің «И где ж беглец людей и света» деген сөзі Абайда Онегиннің өз аузына салынатыны («Бұл заманның қашқыны деп// Мен ғарыпты есіңе ал») сияқты бірқатар мысалдар осы бейімдеудің көрінісі. Бұл бейімдеу ақын аудармаларының бейнелік, стилистикалық жүйесіне ғана емес, кейіпкерлер тұлғасына да қатысты екені жоғарыда айтылды.
Аударманың өміршең болуының бір шарты – өзгетілдік жаңа аудиторияға прагматикалық тұрғыдан да бейімделуі. Яғни, басқа тілде жатырқамай қабылданып, өзге мәдениеттің төл құбылысындай сіңісуі.
Абай аудармаларында бұл шарт – толық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық. 1-том; – Алматы: «Жазушы» баспасы, 2020. – 640 б.
2.Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: «Жазушы». – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. – 1995 – 336 б.
3.Абай (Ибрахим Құнанбаев) Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 2: Аудармалар мен қара сөздер, 200 б.
4.Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995, – 720 б.
5.Пушкин А.С. Избранные сочинения. В 2-х томах. Т. 2. М., «Худож. лит», 1978. ‒ 686 с.
6.Лермонтовская энциклопедия. Гл. В.А. Мануйлов. – М.: «Советская энциклопедия», 1981. – 784 с.
7.Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана: Фолиант, 2002. – 408 б.
8.Шапай Т. Шын жүрек – бір жүрек: Эссе. Әдеби сын. Зерттеу. – Алматы: «Жазушы», 1999. – 256 б.
9.Ысмағұлов Ж. Абай аудармаларындағы Пушкин. (Пушкин – Абай және қазақ әдебиеті. Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. – Алматы: Unique Service, 2006. – с. 61-68).
10.Ысқақов Д. Абайдың «Евгений Онегин» романын қазақша аударуы. – QAZAQ UNI, 2020 ж. 10 ақпан. – https://qazaquni.kz/adebiet/109557-abaydyng-evgeniy-onegin-romanyn-qazaq
11.Елеукенов Ш. Абайдың романы. – «Егемен Қазақстан»: – https://abaialemi.kz/ru/post/view?id=1037